Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:56

Кубатбек Чекиров, медиа сарапшы: Жасанды интеллекттің ар-ұяты жоқ

Кубатбек Чекиров
Фото: Кубатбек Чекиров

Жасанды интеллект журналистиканың ажырамас құралына айналып келеді. Алайда оны қолдануда шекара мен жауапкершілік бар ма? ЖИ журналисті алмастыра ала ма, әлде тек көмекші құрал есебінде қалуы тиіс пе? ЖИ Қырғызстан журналистикасының даму деңгейіне қалай әсер етіп жатыр? Осы сауалдарға Қырғыз Республикасының Ағартуу министрлігіне қарасты «Кут билим» медиа орталығының директоры, медиа сарапшы Кубатбек Чекиров жауап берді.

– Кубатбек Асанғазыұлы, талай жыл BBC-дің қырғыз қызметінде редактор болдыңыз. Кеңестік кезеңде жұмыс істеп, заманауи журналистиканы да қатар меңгерген маман ретінде айырмашылық жер мен көктей ме, әлде... 

– Ұлыбританияның BBC Дүниежүзілік қызметі бүкіл әлем бойынша ағылшын және басқа 41 тілде радио, теледидар және сандық форматта жаңалықтар таратады. Бұл кеңестік кезең журналистикасын былай қойғанда, біздің және сіздің елдегі журналистикадан әлдеқашан көш ілгері кетіп қалған. BBC-де 20 жылға жуық жұмыс істедім. Бұл контент өндіру бойынша қазіргі заманауи журналистиканың алдыңғы қарлығашы іспеттес. Жаңа технологияның көмегімен мәтін ғана емес, аудио, бейне, инфографика арқылы медиа өнім ұсынып келеді. Мұнда жұмыс істейтін кез келген журналист цифрлық сауаты жоғары, конвергентті. Ал жасанды интеллектті біраздан бері көмекші құрал ретінде қолданады. Себебі бұл әп-сәтте мәтінді аударып, суретті өңдеп, бейнежазбаны монтаждап, инфографика түзіп береді. Өз басым, әмбебап журналистиканы осында меңгердім. BBC-ден кеткеніме де бес жылдай болды. Сондағы тәжірибемді Ағартуу министрлігіне қарасты «Кут билим» медиа орталығының директоры ретінде «Кут билим» газеті мен бірқатар журнал, сайт шығаруға салып жатқан жайым бар.

– Жасанды интеллект бүгінде журналистиканың бір бөлігіне айналып келеді. Сіздіңше, бұл үрдіс қаншалықты қауіпті немесе пайдалы? Осы тұрғыда Қырғызстанда жасанды интеллекттің қолдануы туралы аз-кем айта кетесіз бе?

– Қырғызстан жасанды интеллектіні енгізу деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 147 елдің ішінде 117-орынды иеленді. Бұл туралы Microsoft Institute for AI Economy дайындаған 2025 жылғы есепте айтылды. Ал рейтингтің жоғарғы сатысында Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Норвегия орналасқан. Тізімнің соңын Тәжікстан, Түрікменстан және Камбоджа түйіндеген.

Әлемдік рейтингтегі көрсеткішке қарамастан, Қырғызстанда жасанды интеллект саласында өз жобалары дамып келеді. Жақында ғана Цифрлық кодекс қабылданды. Елде Akyl AI – қырғыз тіліне толық бейімделген алғашқы нейрожелі және ЖИ-ассистент, сондай-ақ AiRun – ұлттық тілдік модель мен ЖИ-платформа әзірленуде. Бұл платформаның негізінде қазірдің өзінде дауыс көмекшілері мен цифрлық аватарлар жасалып жатыр. Мұндай бастамалар елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға және ұлттық тілді цифрлық ортада сақтауға бағытталған. Алайда оның қауіпті әрі зиянды тұстарының алдын алатын заңдық нормалар да қарастырылған. Бүгінде Қырғызстанда жасанды интеллект мемлекеттік басқару мекемелерінен бастап мектептерге дейін пайдаланылып келеді. Тіпті оқушылар үй тапсырмасын ЖИ көмегімен орындайтын болыпты.

Ал журналистер, заңгерлер, оқытушылар бұған әбден үйреніп алды десек те болады. Соның ішінде журналистердің жұмысын жеңілдеткен aitil.kg жасанды интеллекті қырғыз мәтінін аудиоға, аудионы мәтінге айналдырады. Сондай-ақ 10 тілді қырғызшаға сапалы, түсінікті етіп аудара алады. Одан бөлек суреттің бастапқы нұсқасы қайдан шыққанына фактчекинг жасап береді. Мәселен, журналистер ЖИ арқылы ақпарат тұрмақ, сараптамалық мақала жазып жүр. Керек десеңіз, газеттің бетін хаттап, техникалық тапсырмаларды да орындайды. Яғни, шығармашылықта факті жинап, оны тексеруге, өндірістік істі автоматтандыруға көмегі зор.

Жасанды интеллекттің өзі қауіпті емес. Қауіп – оны қалай және қандай деңгейде қолданатынымызда. Егер ЖИ журналиске көмекші құрал ретінде, мысалы, мәлімет жинау, мәтінді өңдеу, аударма жасауға қызмет етсе, бұл өте пайдалы. Ал егер ол басқарушы, яғни, субъект позициясына өтсе, онда журналистиканың болмысы жойыла бастайды. Болашақта қолданушының өзіне ұқсайтын роботтар пайда болуы да мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді көмекші құралы ретінде ғана қолданған жөн. Егер журналистер бұған түбегейлі иек артып, жетегінде кетіп қалса, тоқырауға ұшырап, мәңгүрттене бастайды.

– «Субъект позициясына өту» дегенді қалай түсіндірер едіңіз?

– Жасанды интеллект субъект, объект позициясына өтсе де қауіпті. ЖИ журналистің орнын толық алмастыра алмайды. Себебі журналистика – тек ақпарат беру емес, бұл – ойлау, салыстыру, интерпретация жасау, моральдық таңдау. Жасанды интеллекттің ар-ұяты жоқ, ол қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Ондағы мәтін жүректен шықпайды, шынайы сезіммен жазылмайды. Фактіні тексеру, сүзгіден өткізу, контексті түсіну, жауапкершілік деген ұғымдар әлсірейді. Ал журналист әр сөзінің түпкі салдарын ойлауы керек. Мұны жиі пайдаланатын тілші ойлаудан қалады, талдауға бейімділігі төмендейді. Жасанды интеллект ұсынған мәтінді жариялай салудың нәтижесінде журналист емес, тек «контент көшіруші» пайда болады. Бұл журналистика саласын кәсіби тоқырауға әкелетін фактордың бірі.

– Бүгінде кей редакциялар ЖИ арқылы материал дайындап жүр. Этика мәселесіне келсек, журналистерге ЖИ қолданғанда қандай шектеулер болуы тиіс?

–Біріншіден, ашықтық. Оқырман материалдың қалай дайындалғанын білуі тиіс. Екіншіден, ЖИ жалған ақпарат таратуға, манипуляцияға, плагиатқа құрал болмауы керек. Жауапкершілік бәрібір соны жариялаған маманның мойнында. Яғни, мазмұнға, мағынаға, деректің шынайылығына жауап беруің тиіс. Фактчекингсіз, дереккөзсіз мәтін – журналистика емес. Журналистиканың жаны – интеллект пен ар-ождан. Десе де, жасанды интеллекттен қорықпау керек, бірақ оған тәуелді болмаған абзал. Тепе-теңдік сақталуы қажет. Осы шекара бұзылмаса, журналистика дамиды. Бұзылса –мәңгүрт мамандар көбейеді.

– Қырғызстан мен Қазақстандағы журналистиканың даму деңгейі, еркіндігі, кәсіби стандарттары мен қоғамдық ықпалын салыстырмалы түрде қалай бағалар едіңіз?

– Меніңше, Қырғызстан мен Қазақстан журналистикасын салыстырғанда, даму деңгейі мен бағыты әртүрлі екенін байқауға болады. Бір артықшылығы – Қырғызстанда сөз бостандығы, ашық медиа кеңістік, журналистердің еркіндігі бар. Себебі бізде көппартиялы жүйе жұмыс істейді. Тәуелсіз басылымдарда оппозициялық пікірлер жиі жарияланады. Билікті ашық сынау тәжірибесі қалыптасқан. Көпшілігі медиа донорлар мен гранттар есебінен күн көреді. Алайда соңғы жылдары қысым күшейіп, заңдық шектеулер көбейгені айтылып жүр. Қалай десек те, Қазақстанмен салыстырғанда плюрализм, яғни, пікір алуандығы басым.Қазақстанда медиа нарық көбірек реттелген, ірі БАҚ-тың басым бөлігі мемлекетке немесе оған жақын құрылымдарға тиесілі. Назарбаевтың тұсында авторитарлық билік үстемдік етті. Ол кезде де билік партиясы атынан депутат болғандар көп болды. Қазір де айтарлықтай өзгеріс байқамадым. Парламентте «Аманат» партиясынан сайланғандарға басымдық берілген. Сосын сіздерде журналистердің міндеті мен құқығына шектеу бар. Саяси тақырыптағы сынға бара бермейді, өзін-өзі цензуралау кең таралған. Тоқаев та сол саясатты ұстанып отырған сияқты.

– Егемендікке ұмтылған алмағайып кезеңде Мәскеуде білім ала жүріп, қырғыз жастарын топтастырған «Акыйкат» демократиялық қозғалысын құруға бастамашы болдыңыз. Бұл қадамға не түрткі болды, қозғалыстың түпкі мақсаты қандай еді?

– Негізгі мақсат – коммунистік партияның тоталитарлық монополиясына қарсы күрес жүргізу. Екіншіден, қырғыз халқының саяси-әлеуметтік еңсесін көтеру. Сол кезде тәуелсіздік үшін күрес барлық республикада жүріп жатты. Біз 1988 жылдары Мәскеуде болсақ та Қырғызстандағы демократиялық ұйымдармен байланыс орнатып, жаңа көзқарастағы идеяларды жеткізуді көздедік. Тіпті қырғыз жастары қырғыз тілінде «Мүрөк» тәуелсіз газетін шығарды. Бұл әрекетімізді Балтық жағалауы, Еуропа елдеріндегі саяси ұйымдар қолдады. Олардағы егемендік, сөз бостандығы, адам құқығы үшін күресіп жатқан айқын мысалдарды Қырғызстанға әкелу жағын ойладық. Ол заманда Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі сияқты Бішкекте де қырғыз тілінде білім беретін бір ғана мектеп болды. Қалғаны түгел орысша оқытты. Соның салдарынан қырғыз тілінің қолданыс аясы тарыла бастады. «Акыйкат» демократиялық қозғалысының жастары бұл мәселенің бәрін Кеңес одағы тарағанға дейін-ақ талап еткен.

– Мемлекеттік тіл мәселесін сөз еттіңіз ғой, қырғыз тілі өз тұғырында ма?

– Қазір мемлекеттік тілдің қолдану деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттік саясат бойынша билік тармақтарында қырғыз тілі басымдыққа ие. Бізде министрліктер, Жогарку кенеш депутаттары жиындарын мемлекеттік тілде өткізеді. Алайда әлі күнге заңдарды орысша жазып, содан кейін ғана қырғызшаға аудару үдерісі тоқтаған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары қырғыз тілінде білім беретін мектеп саны көбейді. Қырғызстанда қырғыз және орыс тілдерінде оқытатын, сондай-ақ аралас білім беретін мектептер бар. Бұл ретте қырғыз тілінде және аралас оқытатын мектептер басым болғанымен, орыс тілінде білім беретін мектептер мен сыныптар да аз емес. Әсіресе Бішкек қаласында орыс тілінде оқытатын және қостілді мектептер қатар жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылының деректеріне сәйкес, Бішкек қаласындағы 121 мектептің 16-сы – орыс тілінде, 16-сы – қырғыз тілінде, ал 85-і – аралас оқыту форматында білім береді. Ал республика бойынша мектептердің жалпы саны шамамен 2 236. Оқушылардың басым бөлігі, яғни, 75 пайызы қырғыз тілінде білім беретін мектептерде оқиды. Ал республика бойынша орыс тілінде оқытатын шамамен 216 мектеп, қырғыз-орыс тілдерінде білім беретін 551 мектеп бар. Одан бөлек өзбек тілінде оқытатын 43 мектеп және тәжік тілінде оқытатын 3 мектеп жұмыс істейді.

Дегенмен кей жағдайда ана тіліміздің мәртебесі өз орнында еместігі қынжылтады. Кейде байқаймын, Бішкек жастары көбінесе орыс тілінде сөйлейді. Тағы бір өкінішті жайт, орыс мектептеріндегі қырғыз тілінің оқытылуы өз деңгейінде емес. Ал дәмхана, мейрамхана, дүкендер, медициналық мекемелерде, заң саласында, жалпы қоғамға қызмет көрсету орындарында орыс тілі үстемдігін жүргізіп тұр. Қырғызстандағы халықаралық нарықта танымал «Куликовский» кондитерлік кәсіпорны сатушыларына қырғызша сөйлеуден бас тарқаны үшін ескерту берілді. Тіпті тағы бір сауда үйіндегі сатушы орыс әйел қырғызға «Сен неге қалпағыңды киіп келесің? Бұл жерге келгенде шешіп кір!» деп талап қойғаны үшін айыппұл салынды. Ешкімнің тілге, сосын Гиннес рекордтар кітабына енген қырғыздың айыр қалпағына тиісуге қақысы жоқ. Бұл біздің ұлттың титулдық белгісі.

– Жалпы, әділетті қоғамды тек әділетсіздікке төзбейтін адамдар ғана құра алады. Ел мен жер тағдырына бейжай қарамайтын, қырғыз халқының бұл қасиеті олардың қоғамдық белсенділігін қалыптастыруда қаншалықты маңызды?

– Қырғыздар қымбатшылыққа да, қаржы дағдарысына да, басқасына да шыдайды. Бірақ билікте ақиқат пен әділет болмаса, бейжай қарамайды. Тіпті билікті де орнынан алып тастауға қауқары бар екенін талай көрсетті. Сондықтан билік әркез халықпен санасады. Қазіргі билік алдыңғылардың қателігін қайталамауға тырысып бақты. Өзбекстан мен Тәжікстанмен арадағы қақтығыстар тоқтап, шекара мәселесі реттелді. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі «Құмтөр» алтын кен орны ұлттық меншікке алынды. Жапаров үкіметі елдің экономикалық-әлеуметтік саясатына айтарлықтай көңіл бөлуде. 2025 жылы экономикалық көрсеткіш артып, ТМД бойынша ең жоғары нәтиже көрсетіп, ЖІӨ 11 пайызға өсті. Осы қарқында дами берсе, алдағы бес жылда Орталық Азияның барысына айналады деген болжам бар.

Қырғызстанда салынатын «Қамбарата-1» гидроэлектростанциясы құрылыс жобасы үш елдің, яғни6 Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның энергетикалық сұранысын белгілі бір мөлшерде реттеуге мүмкіндік береді. Ал жоба сәтті жүзеге асса, болашақта басқа мемлекеттерге қуат көзін экспорттап, пайда табуға жол ашпақ. Одан бөлек, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын салу да жоспарға алынды. Ал мұғалім, медицина, әскери сала, жалпы мемлекеттік қызметкерлерінің еңбекақысы 100 пайызға өсті. Халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанымен, есесіне, азық-түлік, баспана, энергия көзінің бағасы шарықтап кетті.

Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАР