Құбырлар жөнделмей, ауыз су мәселесі шешілмейді
Қарасай ауданында құбыр істен шығып, Жаңатұрмыс ауылы сусыз қалды. Райымбек ауылдық округіне қарасты ауылды сумен қамтамасыз ететін диаметрі 225 мм құбыр 6 маусым күні бұзылып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қажеттілік туындаған. Жауапты мекеме ретінде «Таусамалы қызмет» іске кірісіп, сумен жабдықтау қалпына келтірілді. Бұл туралы Қарасай ауданы әкімдігі хабарлаған болатын. Алайда арада бір күн өтпей, 7 маусым күні сол құбыр жарылып, тағы да мәселелер туындады. «Таусамалы қызметтің» бригадасы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, Жаңатұрмыстағы су беру ісі қайта штаттық режимге көшірілген.
Негізінен ауданда ауыз су беру мәселесі баршылық. Мұндағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 150 шақырым, оның бәрі де коммуналдық меншікке тиесілі. Желілердің дені 40-45 жылдан бері пайдаланылып келе жатыр, ескі. Соның ішінде су тартқыштар, тазарту құрылыстары, су айдайтын мұнаралар, суға арналған резервуарлар сынды объектілерінің техникалық жай-күйі мәз емес. Арасында мерзімді жөндеу кезеңіне жетпегендер де көп. Соның нәтижесінде бүгінде тозу деңгейі 75 пайызды құрап отыр. Бұл дегеніміз – тиісті нормативтік қызмет ету мерзімінен жоғары. Жыл сайын тиісті бюджеттік қаржы бөлініп, қажетті шаралар қабылданып жатқанымен де мәселе әлі де сақталып отыр. Оның үстіне тозу қарқыны жаңару қарқынына қарағанда жылдамырақ екені тағы бар. Аталған мәселелерді шешу үшін аудандағы 20 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу қажеттілігі туындаған.
Олардың қайсысында жұмыс басталып, процесс жүріп жатқанын білу үшін Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық. Сауалымызға жауап берген бас маман Бекзат Кәрімовтің сөзінше, бүгінде аудандағы екі елді мекенде су жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Бүгінде Қарасай ауданы бойынша 20 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу қажеттілігі туындап отыр. Соның ішінде екі ауылдағы жұмыс жүріп жатыр. Біріншісі, жақында ғана апаттық жағдай орын алған Жаңатұрмыс ауылы. Ондағы жұмыс кезең-кезеңімен жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші кезең аяқталып, екінші кезең басталып жатыр. Ал екінші жоба, Қаратөбе ауылындағы жұмыстар. Ол осы жылдың аяғына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз. Басқа жобалар бойынша қаржы жетіспеушілігі байқалуда», – дейді бас маман.
Осы мәселелерді шешу үшін Алматы облысы 2023 жылы 15 жобаны іске асыруға 31 миллиард теңге, 2024 жылы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 43 жобаны және су бұру бойынша 19 жүзеге асыруға 26,8 миллиард теңге қарастырған. Негізінен, облыстағы облыстық маңызы бар қалалардағы жағдай қанағаттандырарлық. Жақында іргетасы қаланған Алатау қаласы мен облыс орталығы Қонаев қаласында, одан бөлек, аудандық маңызы бар қалалар – Қаскелең, Есік және Талғарда орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайыз. Десек те облыстағы 368 елді мекеннің ішінде әлі де «ескі» әдіспен су алып отырғандар баршылық. Соның ішінде 23 елді мекен өз ұңғымаларынан, 2 ауыл тасып әкелінетін суды пайдаланып отыр.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы