Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:34, 01 Желтоқсан 2023

Күдік сейілді, үміт басым

Қуат Қиықбай
Фото: из открытых источников

Семей – ежелден қазақтың рухани астанасы. Ұлттың ұстыны боларлық Алаштың ардақтылары ту тіккен, бой тіктеген қасиетті қала. 

Осы елдегі қазақ баспасөзінің қарлығаштары, қазақ жеріндегі алғашқы басылымдар мен тарихи оқу ордалары, қастерлі орындар тарихи мекендер тарихы да соған барып тіреледі. Бұның сыртында хакім Абай, данышпан Шәкәрім, ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің ғұмыр жолына сабақталған сан тарап жолдан тоғысатын шежіре шаш-етектен. Ел Тәуелсіздік алып, «азаттық» деп бөркімізді аспанға атқан шақтарда Семей үздіге үміт күткен үкімет тарапынан қағыс қалды. Содан бертінгі күнге дейін осы елден шыққан азаматтар мен қоғам белсенділерінде қыжыл бар. Бір қарағанда ол түсінікті де, әрине.

Жә, жиырма бес жылдан кейін Семей – Абай облысы болып құрылды. Қуанғаннан бұрын қордаланған мәселелерді ойға алып, томсарып ойланып қалғанымыз рас. «Тың бастама көтеріліп, келешекті жарқын етер үрдістерді жолға қоймасақ Жаңа Қазақстанда құрылған жаңа үш облыстың берері, жаңа үш әкім мен оның жақтастары» дегенді айтып, тіл безегенімі рас. Бүгінде бір жылға жуықтаған Абай облысы ақырын-ақырын қарқын алып келеді. Дамып келеді дегенді әдейі айтпадық. Даму да, алға бару да бір жылдық жұмыс есебінен көрінбесе керек. Мәдени-рухани бағыттағы шаралар жанданып, қалыс қалған тұсқа қан жүгіруде. Енді осы тұрғыдан алғанда елеусіз қалған тарихи есімдерді ел есінде жаңғырту, жастарды осындай шараларға тарту мәселесі басты назарға алынса деген ой бар.

Халықтың әлеуметтік жағдай жақсы десек жауырды жаба тоқығанның кері болып шығады. Өнеркәсіп пен өндіріс орындары аз болғандықтан ел ішін жұмыссыздық дерті дендеп тұр. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар мамандыққа сай мандат іздегеннен гөрі құрылыста, қала берді сауда-саттық орындарын жағалауға бейіл. Мұның сыры да, шыны да айқын жайт. Жалақы мардымсыз дегеннен бұрын тағы да оларды өз салаларына икемдеу мен бейімдеуге күш салған ләзім. Бұған қосымша жаңа облыс болғаннан кейін маман тапшылығы мәселесі де жылт береді. Жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарында өз ісінің кәсіби, білікті маманы болмағандықтан кері кетіп жатқан жайлардың барын да жасыруға болмас.

Семей – қазақтың, одан бөлек бүкіл адамзат тарихында таңбаланған атом сынағының ошағы. «Полигон» десек үрке қарайтын, үдере көшуге құмбыл халықтың мәңгілік жарасы. Абай облысының орталығы мен аудандарында полигон зардабын шегіп, запыранын құсып жатқан халық көп, не істерге білмей дағдарып отырған, есі шығып елеңдеп отырған елде есеп жоқ. Облыс болғаннан кейін билік басындағылардың басын бұрып, бетін бері қаратып, мүгедек болып мешелдің күйін кешкен осы халыққа жағдай жасауды назарға алса дейсің. Денсаулығына байланысты ерте жастан егде тартып қалған еркектер мен әйелдерді зейнетке шығару, оларға өтемақы төлеуді ойластыру қолға алынса. Бұл бір күнде айтылып, апта айналмай жатып шешімін де таба қоймас, егжей-тегжейлі тексеріп, кірісетін іс болғандықтан уақыт керек-ақ. Алайда кезек күттірмес келелі іс.

Талайға тұғыр, тарихқа алтын бесік болған Семейдің жолдары да шұрық тесік екенін ойдым-ойдым жерлермен жүріп ойланатындардан бұрын, келімді-кетімді кісілер де жиі айтады. Семей-Алакөл, Семей-Ақсуат арасын жалғаған жолдарды жөнделсе, жұрттың арман-тілегі мұратына жеткен болар еді. Айта-айта сөз таусылып, жағымыз қарысқан шығар. Бірақ мына өркениет заманында демалыс аңсаған көңіл Алакөлге барарда дал болып, Ақсуаттан қайтарда айран-асыр болатыны шын енді. Сол үшін де туризм саласын дамыту, алыс-жақыннан инвестиция құюды мақсат етсек, Абайын тануға асығып келетін Алаш баласынан бұрын адамзат баласының ізгі ойы тоқайласатын тұс та осы Семей болары кәміл.

Қуат Қиықбай

жазушы, Семей қаласы

Тегтер: