Күдікті Ақбаян Мұқанғалиева мінез-құлқына байланысты психиатриялық ауруханаға жатқызылды – ІІМ
Вице-министрі Санжар Әділов Атырау облысы Жангелдин ауылында болған Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты жаңа деректер мәлімдеді.
Әділовтың мәліметінше, іс бойынша екі күдікті бар. Соның бірі — басты күдіктінің жұбайы әрі қаза болғандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева – сараптама жүргізу үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылған.
"Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу-жедел тобы жұмыс істеуде. ІІМ тарапынан Атырауға барып, бұл қылмыстық істі бақылауда ұстап отырмыз", - деді ол.
Оның айтуынша, Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалған.
"Ол да күдікті деп танылды. Қазір психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Стационарлық кешенді сараптама жүргізілуде", - деді вице-министр.
Әділовтың сөзінше, әзірге іс бойынша жаңа күдіктілер жоқ.

Айта кетейік, Атырау облысында Жангелдин ауылында тұратын бір отбасының қазасы тергеліп жатыр. 2025 жылдың желтоқсан айының соңында туыстары төрт адамның жоғалғанын хабарлаған:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев.

Кейін 6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы қорадан табылды.
9 наурызда тағы екі адамның денесі Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан табылды

Күдіктілер және қашу әрекеті
Негізгі күдікті ретінде отбасының күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев танылды. Ол отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткен.
Кейін олар Индонезия еліндегі Сенару ауылында ұсталды. Қазақстанға экстрадицияланды. Тергеу барысында Сәрсемәлиев екі адамды өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.