Күдіктілердің желіде тараған видеосы туралы судья шешім қабылдады

Жетісу облысындағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде Ержан Жанұзақов прокурорға тапсырма берді.
Бейсенбі күні Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі кезінде судья Ержан Жанұзақов тікелей эфирде тараған бейнежазбаға қатысты шешім қабылдап, бұл мәселеге Алматы облысының прокуроры назар аударуы тиіс екенін мәлімдеді.
Оның алдында әлеуметтік желілерде сот отырысының тікелей эфирінен үзінді тараған болатын. Онда судья соттың түскі үзіліске кеткенін жариялағаннан кейін екі ер адамның арасындағы әңгіме естіледі. Солардың бірі, болжам бойынша, «саған көп сұрақ қойылмайды, мен сөйлестім» дегенге ұқсас сөз айтқан.
— Прокурор жазбаның шынайылығын тексеріп, диалогқа қатысушылардың кім екенін анықтап, олардың сөзінің мән-мағынасын түсініп, заң шеңберінде шара қабылдауы тиіс, - деді Жанұзақов.
Сонымен қатар судья 29 сәуір күні тікелей эфир уақытында кейбір айыпталушылардың бет-бейнесі көрініп қалғандықтан, эфирді дер кезінде өшірмеген техникалық қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
Судья Ержан Жанұзақовтың айтуынша, онлайн трансляция тарату бойынша техникалық қызметкерлер трансляцияны уақытылы тоқтатпаған. Салдарынан күдіктілердің видеосы желіде тарап кетті. Техникалық қызметкерлер Рустам Мухсинов, Нәзира Оразалиева, Сәуле Қайдагулова тәртіптік жазаға тартылды.