Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:36, 28 Қараша 2023

Қуғын-сүргін құрбаны – Сәдуақасов

Сәдуақасов
Фото: из открытых источников

Ұлы сілкініс пен өзгерістер заманын басынан өткерген қазақтың көсем ұлдары аз емес. Сынақты кезеңде ел міндетін мойнына артам деп қуғын-сүргіннің құрбаны болғандары қаншама... Тарихтың осы тарауы бізге қасірет қана емес, үлгі тұтарлық арқалы азаматтарды сыйлады. Олардың әрқайсысы ерлік дастаны болып қалуы тиіс. Сол қуғындалған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі – Жанайдар Сәдуақасов. Тұлға есімін бұрындары тек зұлмат заманды зерттеген тарихшылар жазбаларынан ғана көретінбіз. Ал қазір ол кісінің еңбектері зерттелініп, қоғам қайраткерін ұлықтау мақсатында республикамызда түрлі шараларда ұйымдастырылуда. Ұлытау облысында өткен «Жанайдар Сәдуақасов – тұлға тауқыметі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да сол тізбектің жалғасы.

Жезқазған қаласында саяси қуғын-сүргін құрбаны Жанайдар Сәдуақасовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада мемлекет және қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі туралы айтылды. Жанайдар Сәдуақасов – өзі өмір сүрген уақыттың қиындығына қарамастан ерен еңбек еткен тұлға. Оның тағдыры сол кезде Қазақстанның басынан қандай қайғы-қасірет өткенін анық көрсетеді. Дарынды тұлға ерекше қабілет-қарымымен көзге түсіп, айрықша болмысымен жоғары мансап биігіне көтерілді. Еш жазықсыз атылған алаштықтар ішінде Жанайдар Сәдуақасовтың жұлдызы бөлек болды. Себебі ол небәрі жиырма жасында жасырын ұйым құрып, Колчактың бұғауындағы тұтқындарды ауыр азаптан құтқарысады. Атаман Анненковтың тұтқынында жатқан Сәкен Сейфуллин мен Абдолла Асылбековке жасырын хаттар жолдап, жігерлендіріп отырған. Сырбаз Сәкеннің түрмеден қашып шығуына Жанайдар ағамыздың көмегі көп болған. Тарих ғылымының докторы Хангелді Әбжановтың айтуынша, осы еңбек пен күрес жолы ел ішінде кеңінен дәріптелуі керек.

«Жанайдар Сәдуақасовтың, біріншіден, қайда жатқаны белгісіз. Екіншіден, оның мұралары кітап түрінде, жинақ түрінде жарияланбай жатыр. Архивте бұл кісі туралы материалдар өте көп. Бізге осыны жариялап, жұртқа жеткізу керек. Оқулықтарға енгізу де қажет. Қазір бұрынғы большевиктер, коммунистер қазақтың жауы секілді бағаланатын болды. Жанайдар бұл сатыға кірмейді. Ол халқына қызмет еткен, халқының ризашылығын алуға лайық тұлға» – деді доктор.

Академик Ханкелді Әбжанов конференцияда қайраткер өмірінен естеліктер айтты. Сондай-ақ шарада тарих ғылымының кандидаты Перизат Сәдуақас, заң ғылымының докторы, профессор Жамаладин Ибрагимов, тарих ғылымының кандидаты, доцент Теңгеш Қаленова, тарих магистрі Ғабдол Әуезов және т.б. тарих ғылымының майталмандары қатысып, Жанайдар Сәдуақасов туралы баяндамаларын оқыды.

Конференцияда қайраткер өмір жолынан алынған маңызды ақпараттар айтылды. Мәселен, Қазақ өлкелiк комитетi секретариатының 1930 жылғы 14 желтоқсандағы шешiмi бойынша Жанайдар Сәдуақасов «Қазақстан большевигi» («Ақиқат») журналының редакторы болып бекiтiлуі, 1936 жылдың сәуiрiнен қыркүйегiне дейiн «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң жауапты редакторы болуы, 1931 жылы Қазақстан партия ұйымы қабылдаған маңызды қаулы-қарарларды жинастырып, құжаттар жинағын шығаруы, өз уақытында болып жатқан жағдайларға байланысты мақалалар жазып тұруы, т.б мәліметтер. Сәдуақасовтың өмір жолының алғашқы кезеңі С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» тарихи романында суреттелгендігі, оның есімі 1957 жылдың сәуірінде ақталғандығы жайлы деректер де айтылмай қалмады.

Ғалымдар өз баяндамаларында тарихи тұлға еңбектерін де тізбектеді. Олар Жанайдар Сәдуақасовтың өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тың деректер айтып, ұлт қайраткерінің мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі, елдің әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан еселі еңбегіне тоқталып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш ардақтысының басынан кешкен тағдыр-тауқыметі мен өмірінің соңғы жылдары туралы айтып берді. Тарих ғылымының кандидаты Теңгеш Қаленова Ж.Сәдуақасовтың жасаған еңбегін келешекте насихаттап, оны бағалай білуіміз керек дейді.

«Ағамыздың сол кездегі атқарған мемлекеттік қызметтері, сол жылдарда жүргізілген әртүрлі реформаларды, әлеуметтік, экономикалық, саяси реформалар қалай жүзеге асқан және сол реформаларды жүзеге асыруда ұлттық интеллигенцияны жастарға насихаттау үшін жасаған еңбектерін бағалауымыз керек. Бұл мемлекет дамуында да тарихи маңызды кезең болып табылады» – деді Теңгеш Қаленова.

Айта кетейік, бұл шара Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияның Арқада өтуінің негізгі себебінің бірі – Ж.Сәдуақасов Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданында туған. Сондықтан ұлытаулықтар жазықсыз қуғындалған Жанайдар Сәдуақасовты ұлықтауды ұлы іс дейді және облыстықтар өздерінің ел жанашырының жерлесі болғанын мақтан тұтады. Мұны шара барысынан байқадық. Елі үшін жасалған ер еңбегі бағаланбай қалмайтынын ұғындық. Расымен де, тұлғаның мұрасы қазақ халқының игілігі болары сөзсіз. Ұлытау облысы мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Бақытжан Көпбаев сөзімізді құптады.

«Сталиндік репрессия кезінде Жанайдар Сәдуақасов та репрессияға түскенін білеміз. Өз уақытында ағамыз қазақ халқы үшін көп мұра қалдырды. Оның ішінде мемлекеттік тіл саласына қосқан үлесі зор. Біз ол кісінің жаңаарқалық болғанын, өзіміздің жерлесіміз болғанын мақтан тұтамыз!»

Конференция аяғында Ж.Сәдуақасовтың өміріне қатысты ғылыми зерттеулер мен көркем шығармаларды жариялауға мемлекеттік гранттарды қарастыру ұсынылды. Ғалымдар облыс, аудан әкімдіктеріне ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп, тарихи тұлғаны жас ұрпаққа кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, отаншылдық рухты көтеру мен тәрбиелеу мақсатында, басқа да қазақ зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты ғылыми-танымдық іс-шараларды жиі өткізуге ниет білдірді.

   

         Шыңғыс Атай