Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:21, 16 Наурыз 2021

Күйініші көп тур

None
None

Еліміздің бірнеше қаласында Қазақстан премьер-лигасының ойындары өтті

  Кім көп, күйінген бапкер көп.

Мысалы, биылғы біріншіліктің алғашқы ойынынан кейін сөз алған «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский, «Осы біздің матчқа Нұр-Сұлтанның төрешілерін кім тағайындайды екен. Келсе, сұмдықты күте беріңіз. Бүгін аяқ астынан шешім шығарып, қорғаушы Денис Поляковты алаңнан қуды. «Жетісудың» футболшысы біздің шабуылшы Артур Шушеначевті шалып құлатып еді, жеңіл жазамен құтылды. Күйінеді екенсің». Алғашқы жарыс күнінде  үшінші болып алаңға шыққан «Астананың» бас бапкері Андрей Тихоновтың айтқанын оқиық. «Күйіп кеттік қой. Су кештіріп, доп тептірген федерация өкілдерінің ісіне күйесің. Бұл енді футболды мазақ қылу. Кейінге шегере салса бірдеңелері кететін ба еді. Жоқ. Бәрімізді күйдірді. Сыртымыздан күлгендер көп шығар. Қайта телевизордан көрсеткен жоқ. Күлетіндер саны арта түсер еді». Күйінгеннің бірі ПФЛ басшысы. Олжас Абраев Андрей Тихоновтың сөзіне жауап берді. «Қызық ей. Осылар екі сөйлейді. Матч алдында уәжін айтуы керек еді ғой. Бірнеше жиын өтті. Қазылар да, ойын инспекторы да алаңды қарады. Екі команда өкілдері де жүрді. Егер бірі ұсыныс айтқанда, біз міндетті түрде мән берер едік. Ішкі ереже бар. Соның талабы бойынша жұмыс жүреді. Матчтың кейінге шегерілуі әбден мүмін еді. Жоқ, ол кезде үндемейді. Кейін бізді сөгеді». Кімнің неден күйінгені айтылды. Енді ойындарға шолу жасайық

        

                            «Қайрат» — «Жетісу» 2:0

   Алексей Шпилевский шикі ме, әлде оның ұстанған бір тактикасы ма, қазір «Қайраттың»  ойын өрнегінде кемшілік көп. Былтырғы арыннан ештеңе қалмаған. Ортада ойынды үйлестіретін Яцек Гуральскийдің жарақат алуы әсер етті десе, онда жағдай тіпті мүшкіл. Тез арада іске жарамды ойыншы алмаса, биыл омақасады. Ол енді тек ұлттық чемпионатқа қатысты емес. Қайрат Боранбаевтың мұраты – чемпиондар лигасы. Дәл мынандай күйде ЛЧ алматылықтарға жалынан да ұстатпайды. Қазір негізгі құрамда жүрген он бір ойыншының ішінде тек Гүлжігіт Алықұловқа қана сын айта алмайсыз. Қалғаны білгенінен жаңылып, допты далаға теуіп, пас беруде де қателікке бой алдырып, ойынның берекесін қашырды. Анау Германиядан қыруар қаржы төлеп әкелген Штерли Мамбаның да шеберлігі шамалы ма, әлде күшін кейінге іркіп жүр ме, бір ірілік байқалмады. Вагнер Лав алғы шепке доп жетпейтінін біліп, барынша төмен түсті. Шабуылды өзі бастағалы жүр ғой. Қолынан гол соғу ғана келетін Вагнерден ойын үйлестіруші шыға қоймас. Артур Шушеначев бір жаңғалақ жігіт. Аяғындағы допты түзу тебе алмайды. Әйтпесе кемі үш гол соғатын мүмкіндігі болды. Анығында әріптестері аяғына доп салып берді. Қақпаның алдында жеке-дара тұрса да қисық тепті.      Ал, «Жетісудың» жағдайы түсінікті. Ғайыптан тайып бір өзгеріс болмаса, команда бірінші лигаға бет алған секілді. Жас бапкер, жас та болса бас бапкер Ринат Алюетовтің Талдықорған командасын премьер-лигада ұстап қалуға әлеуеті жетпейтін секілді. Әйтпесе оның командасында да кілең сай тасындай іріктелген жігіттер жүрді. Ресей премьер-лигасында ойнап келген Акмаль Бактияров пен Қазақстан құрамасының ойыншысы Бауыржан Тұрысбек кез келген қарсыласты таптап өтуі керек қой. Оның үстіне «Қайрат» әлсіз соғып жатты. Әйтпесе Поляков алаңнан қуыла ма. Бір ойыншысы артық бола тұра «Жетісу» жаралы аңның кейпін танытты. Жігітіңіз Гүлжігіт екен. Сол қанаттан құйындатып шыққанда қарсы келген қорғаушының құтын қашырды. Матчты соғылған екі допқа да еңбегі сіңді. Алдымен Небойша Косовичке қолмен қойғандай етіп пас берді. Артынша  жеке өзі «Жетісудың» қорғанысын бұзып жарып, гол соқты.

                       «Атырау» — «Шахтер»  0:1

 Матч басталмас бұрын әлеуметтік желіні бір ақпарат кезіп кетті. Әлдекім әлдебіреуге сүйеніп, «Егер алғашқы екі турда Әли Әлиев төрт ұпай жинамаса командадан кетеді», — деп жазды. Күні бұрын байбалам салуға құмар болған кім? Ол жағы жұмбақ. Бірақ әлгі сөз Әлиевтің «Шахтердегі» шәкірттеріне қатты әсер еткен болуы керек. Бірден алға лап қойып, он төртінші минутта Виталий Балашов есеп ашты. Жалпы біздің футболды көргеннен естіген қызық. Немесе ойын жайындағы есепті оқыған. Өйткені матчтың өзі іш пысатын жағдайға жақын тұрады. Тіпті кейбіреулері ойынға дайын емес пе, аяғындағы допқа иелік ете алмайды. Ондай футболшылар осы кездесуде де толып жүреді. Ай жарым уақыт Түркияда жаттыққандар емес. Кеше ғана мұнайлы өлкеге жинала қалған жиырма екі жігіттің өнерін тамашалағандай әсер аласыз. Команда бапкерлерінің де пікірі бір ізді. Ал, Әли Әлиевтің сөзі тіпті қызық. «Нәтиже көрсету үшін сапалы ойыншы керек. Қазір сондай екі-үш футболшыны алмасақ болмайды». Сөзі дұрыс қой. Ісі ше? Әлем картасына аты түскен елдердің бәрінен жинайтын мүмкіндік берді ғой дархан Қарғанды облысы. Қалағанын алды да. Енді не әңгіме?

                         «Тұран» — «Астана» 2:2

 Андрей Тихоновтың күйініп жүрген матчы осы. «Түркістан-аренаны» салғандар бұл өңірде жаңбыр сирек жауатынын қаперде ұстап, дренажға деген ақшаны үнемдеп қалған ба, жарықтық жауын дәл матч алдында құйып кетіп, су қайда қашарын білмей қалды. Шынында да суға шыланған допты тебудің өзі бір машақат еді. Ал, тұрып қалса тіпті қиямет. Соның өзінде төрт гол соғылды. Тоғызыншы минутта Марин Томасов есеп ашты. Жергілікті жанкүйерді жұбатуға «Астананың» бұрынғы ойыншысы Таңат Нөсербаев белсенді. Былтырғы маусымда доп теппеген Таңат «Тұранға» келген екен. Қарайып қалды ма десек, баяғы бабында болмаса да, футболдың ебін біледі ғой. Он жетінші миунтта таразы басын теңестірді. Бірінші таймда бірін бірі ала алмаған қарсыластар үзілістен кейін кімнің екенін анықтауға кірісті. Алдымен Абзал Бейсебеков өз командасының мерейін үстем етті. Алайда алпыс жетінші минутта түркістандық Мардан Төлебек те мергендік танытты. Қортынды есеп 2:2. Мұндай футбол жүз жылда бір ойналуы мүмкін. Су кешіп, доп тебу де бір қызық қой.

                               «Каспий» — «Ақтөбе» 1:1

 «Ақтөбеде тап-тамаша команда бар еді, Самат Смақов бүлдірді», — деген де сөз шықты. Самат қазір Шымкентке ауысып алған. Ал, команданың қарқыны әзірше мәз емес. Ия, чемпионат енді басталды. Оны білеміз. «Ақтөбе» Ақтауда сүрініп жүрсе, «Тобыл» мен «Қайратты» қалай ұтады деген ой келеді. Қазіргі өлшеммен алғанда қаржысы мол команданың бірі осы. Басқа басқа, «Каспийді» жеңетіндей қауқар болуы тиіс еді ғой. Алексей Баганы алдырған команда басшылары оның бір артықшылығын білді-ау. Қақпаны Жасур Нарзықұловқа күзеттіріп, Армен Манучарян мен Михал Йерабекті қорғанысқа қойып, Юрий Перцух, Тонго Думбия, Дидар Жалмуқан, Мақсим Фединге орталық шепті сеніп, шабуылға Игорь Сергеевті жұмсаған бапкер қарсыласты атойлап жеңсе, жарасар еді. Жоқ. қайта «Каспий» буырқанды. Бірінші болып гол соққан да солар. Уаджди Сали есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Алайда үш минуттан кейін жергілікті қорғаушылар Максим Фединді шалып құлатып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Максимнің өзі теуіп, таразы басын теңестірді.

                   «Қайсар» — «Тараз»  2:3

 Қапалақтап қар жауған бірінші таймда жапалақтап гол да жауды. Ә дегенде алаң иелерінің арыны қатты болды. Қорғаушы Елдос Ахметов пен қақпашы Мұхамеджан Сейсен бір бірін түсіне алмады ма, Елдос бесінші минутта өз қақпасына гол соғып алды. Он жеті минуттан кейін «Қайсарға» қайта оралған Мақсат Байжанов өзі бастаған шабуылды өзі аяқтады. Әріптестерімен пас алмасып. Есеп 2:0. Мақсат былтыр бірінші лигада ойнады. «Атырау» сапында. «Команданың бүгінгі басшылары тұрған кезде Қызылордаға оралмаспын», — деген капитанның сөзі естілгелі де екі жылдай болыпты. Команда басшылары ауыспады. Дегенмен Мақсат қайта келді. Асылы, азаматтар сөзге абай болуы керек секілді. Байжановты жазғыру ойда жоқ. Тек сөзіне мән беруін ескерту еді ғой. Сұлтан Әбілдаевтің көңілі су сепкендей басылады деген ой екінші голдан кейін ешкімнің ойына келмеген еді. Жиырма бесінші минутта Абзал Таубай қарымта гол соққан кезде де. Содан кейін Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестірді. Ал, қырық бесінші минут аяқталар сәтте Бауыржан Байтана «Таразды» алға шығарды. Есеп 2.3. Сол нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді. «Өйткені қар да тоқтай қалды», -депті бі қуақы жанкүйер.

                            «Тобыл» — «Ақжайық» 2:0

 Владимир Мазяр шәкірттерінің шабысы шабан екендігі күні бұрын белгілі еді. Ресей мен Украинадан ондап ойыншы шақырса да «Тобылмен» Қостанайды шендесе алмайтыны түсінікті. Қазір Григорий Бабян шәкірттері кез келген қарсыласты ұтатындай деңгейді. Команда деңгейін көтеріп отырған Азат Нұрғалиев, Серікжан Мұжықов, Асқат Тағыберген секілді талантты жігіттер. Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов та Франция және Украинамен өтетін әлем біріншілігінің іріктеу матчтарында да осы үшеуіне сенім артатын болар. Матчқа келсек, алаң иелері сол аяқпен ойнады деуге келеді. «Ақжайық» сүреңсіз ойнады. Бірінші таймда Азат Нұрғалиев, үзілістен кейін Асқат Тағыберген украиналық Сергей Литовченко қақпасына бір-бір голдан соғып, «Тобылға» үш ұпай сыйлады. Көкектің басында Киевте де осылай ойнаса құба құп. Ал, «Ордабасы» — «Қызылжар» арасындағы ойын күн райының қолайсыздығына байланысты кейнге шегерілді.

Тегтер: