Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне заңды жақсы білу жеткіліксіз

Әлем цифрлық дәуірге аяқ басқан сайын, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Қазақстан да бұл сын-қатерден тыс қалған жоқ. Интернет-алаяқтық пен кибершабуылдардың күрт артуы еліміздің қаржылық тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр.
Соңғы жылдары интернет алаяқтарының айласы артып, халықтың сенімін пайдалану әдістері күрделене түсті. Ресми статистикаға сүйенсек, 2017-2018 жылдары елімізде жылына 5 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелген болса, 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш 20 мыңға дейін көбейген. Сарапшылар мұны онлайн төлемдер мен интернет-банкингтің қарқынды дамуы, сондай-ақ халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігімен байланыстырады.
Алаяқтар адамдардың эмоциясын пайдаланып, қорқыту, қысым жасау, қомақты пайдаға кенелу сияқты психологиялық әдістерді жиі қолданады. Телефон арқылы банк қызметкері атынан хабарласып, шоттағы қаражатты «қауіпсіз жерге» аударуды сұрайтын схемалар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі фишингтік сілтемелер мен жалған инвестициялық жобаларға ақша құюды ұсынатын алаяқтық тәсілдер де кең таралуда.
Киберқылмыстың белең алуы құқық қорғау органдарының жұмысын қайта қарауды талап етті. Бұрын мұндай істермен Криминалдық полиция департаменті айналысса, енді арнайы Киберқылмыспен күрес департаменті құрылды. Бұл бөлімнің басты мақсаты – интернеттегі алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтап, алдын алу, сондай-ақ азаматтарды ақпараттық қауіпсіздік негіздерімен қаруландыру.
Сондай-ақ банктерде алаяқтық әрекеттерді автоматты түрде анықтайтын Anti-fraud жүйесі енгізілді. Бұл жүйе күмәнді қаржылық операцияларды бақылап, қажет болған жағдайда оларды бірден тоқтатуға мүмкіндік береді. Қаржы нарығын реттеу агенттігі, прокуратура, ҰҚК, Қаржылық мониторинг агенттігі және банктер біріге отырып, киберқылмыспен күрестің тиімділігін арттыруда. Бұл шаралардың нәтижесінде 65 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталып, 2 миллиард теңгеден астам қаражат алаяқтардың қолына түспей қалды. Сонымен қатар 115 адам интернет-алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясында ақпараттық кеңістікті қорғау маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің ішінде кибершабуылдар мен ақпараттық соғыстар ерекше орын алады. Мемлекеттік инфрақұрылымға, қаржы жүйесіне және азаматтардың жеке мәліметтеріне төнетін киберқатерлердің алдын алу үшін «Киберқалқан» бағдарламасы аясында IT-инфрақұрылымды қорғау, хакерлік шабуылдарға қарсы тұру және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың маңызды бөлігі.
Ішкі істер министрі Е.Сәденовтің айтуынша, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Бұл ретте ІІМ мектептерде ақпараттық қауіпсіздік сабақтарын енгізуді ұсынып отыр. Сонымен қатар елдегі жоғары оқу орындарында IT мамандарын даярлайтын факультеттер ашу жоспарланған. Бұдан былай құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне заң білімімен қатар, IT саласында да біліктілікті арттыру міндеттелмек. «Бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңды жақсы білсе жеткілікті саналатын. Ал қазір оларға IT білімі де қажет», – дейді министр.
Ақпараттық қауіпсіздік – бұл тек жеке азаматтардың мүддесін қорғау ғана емес, тұтас мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Кибершабуылдардың нысанасына қарапайым адамдар ғана емес, ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелер де жиі ілініп жатыр. Бүгінгі таңда киберқорғаныс ұлттық қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігіне айналды.
Қазақстанда қабылданған жаңа шаралар цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Бірақ бұл күрес жалғасуы тиіс. Себебі технология дамыған сайын киберқылмыстың да әдістері күрделене береді. Ал оған қарсы тұру үшін мемлекет пен азаматтардың бірлескен әрекеті қажет.
Қосқанат Бауыржан