Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:05, 08 Наурыз 2024

Құқық қорғау саладағы нәзік жандылар

Құқық қорғау саладағы нәзік жандылар
Фото: из открытых источников

Елімізде соңғы уақытта күш-қуат пен қайрат-қажырды талап ететін мамандықтарда арулар қауымының қатары көбейіп келеді.

Сынағы көп, қатер-қауіпке тол саланың бірі – ел тәртібін сақтаушы полиция қызметінің өзінде жалпы қызметкерлер санының шамамен 16 пайызын нәзік жандылар еншілеп отыр. Оның ішінде 600-і басшылық қызметте, мыңнан астам тергеуші, 120-дай әйел жедел әрекет ету жасағында, 250 инспектор әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысады.

Бір қолымен бесік тербеп, екінші қолымен елдің тәртібін түзеп жүрген асыл жандарға құқық қорғау қызметі оңай сала емес екені анық. Алайда соған қарамастан, әлеуметтік жағдайларға сәйкес, полицейлер арасында әйелдердің санын көбейту қажеттілігі туындап тұр. Себебі кейбір жағдайларда әйелдердің қатысуынсыз түйінді мәселелерді шешу қиын. Әйелдердің қатысуы тек гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтарға жауап беру кезінде ғана қажет емес. Арулар бойындағы ұқыптылық, дәлдік, шыдамдылық және табандылық сияқты қасиеттер өте күрделі қылмыстарды, мысалы, қаржылық операциялар мен алаяқтықпен байланысты қылмыстарды ашуға көмектеседі. 

Мәселен, Түркістан облысында орын алған қаржылық пирамидаға қатысты қылмыстың ашылуы. Іс бойынша тергеу тобын тәжірибелі тергеушілердің бірі, полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды. Оның басшылығымен сотқа дейінгі тергеу бір жылдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде, сот ісіне мыңнан астам дәлелдеме беріліп, 25 қылмыскер өз жазаларын алды. Айта кету керек, алты облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың 2 мыңнан астам азаматы осы алаяқтықтың құрбаны болған. Осы сәтті іс әйелдердің іскерлігіне барлығымызды куә қылды. 

Нәзік жандылар өз жұмысына өте берілгіш және бұрын қалыптасқан стереотиптерді бұзып, жиі батылдық танытып жатады. Сондай жағдайлардың бірі – Батыс Қазақстан облысында орын алды. Шолпан Меденова жүкті бола тұра іздеуде жүрген сериялы ұрыны жалғыз өзі ұстады. Ол – аталған облыстағы полиция бөлімінде тергеуші.

Бұдан басқа да әйел полицейлердің ерлерден кем түспейтінін, кейде одан да тиімді жұмыс істей алатынын нақты істерімен дәлелдеген мысалдар жетіп артылады. 

Осындай қиын мамандықтың жүгін арқалап, тәртіп сақшыларының арасында биік белестерге қол жеткізіп жүрген мамандардың бірі – Жетісу облысы Ескелді ауданының криминалисі Әнел Сейітмұрат. Әнел – полиция қызметімен спортты қатар алып жүрген маман. Ол 2019 жылы өткен қоян-қолтық ұрыстан V халықаралық «Елорда кубогында» Жетісу жерінің намысын қорғап, қола жүлде иеленген. Ол таңдаған мамандығына қолдау көрсетіп, қызығушылығын ашқан жақындары екенін айтады.

«Ата-анам таңдаған мамандығыма ешқандай қарсылық білдірген жоқ, керісінше, мені қолдады. Олар мен қандай іс бастасам да, немен айналыссам да қолдау көрсетіп, баталарын беріп, бетімнен қақпады. Көзқарастары оң болды. Үйде екі баламыз. Туған ағам да мемлекеттік қызметте істейді. Сол үшін мамандықты алғаш таңдағанда ата-анам таңданған жоқ, бірден таңдауыма қолдау білдірді. Негізі спортқа да келуіме себепкер болған осы туған ағам. Ең бірінші ол боксқа барған, мен де соған еріп, артынан боксқа қатыстым. Спортқа қызығушылық осылай басталған болатын», – дейді Әнел. 

Әнел 2019 жылы ІІМ-нің Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдаған. Қызмет жолын Жетісу облысы Ескелді ауданы полиция бөлімінде криминалист болып бастаған. Айтуынша, бір қызығы алғаш қадам басқан қызметінде криминалист жалғыз өзі болған. 

«Әйел азаматы, нәзік жанды болғаннан кейін жұмыста қиындықтар туындайды. Дегенмен оның қиыншылықтарымен қатар қызықтары да көп. Өмірлік сабақ алатын да оқиғалар болады. Жалпы, криминалистік жұмыстың өз қыр-сыры бар. Ең алғашында қиындықтар көп болды. Себебі біз енді ғана оқу бітіріп келдік, көп нәрсені теория жүзінде білгенмен де, практика жағынан көп жағдаймен кездеспегенбіз. Мен Жетісу облысы Ескелді ауданында жалғыз өзім ғана криминалист болдым. Ол жерде менен басқа криминалист болған жоқ. Таңертеңгі 7:30-да барып, түнгі сағат 11:00-де қайтатынмын. Жұмыс шынымен де қиын еді. Бірақ маған сол жердегі ұжым көмектесті. Жетісу облысы полиция департаментінің криминалистика бөлімінің қызметкерлері мен криминалистиканың бастығы жұмыста төселуіме қолғабыс етті. Ұжымдағылар күн демей, түн демей, өз көмектерін аямады. Оларға өз алғысымды білдіргім келеді. Сол кісілердің арқасында көп нәрсені үйреніп, көп тәжірибе жинадым», – дейді А.Мұратбайқызы. 

Бүгінде Әнел Сейітмұрат – аяулы жар, сүйікті ана. Батылдық пен табандылықты талап ететін мамандықтың жүгі мен бүлдіршіндерге деген қамқорлықты қатар алып жүру аруларға үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Осы тұста нәзік жанды криминалист маман ана атану мен қызметтегі іскерлікті ұтымды байланыстырып жүргенін айтады. 

«Құқық қорғау саласында әйел адамдарға жүктелетін жауапкершілік өте көп. Біз ер азаматтармен тең дәрежеде жұмыс атқарамыз. Біздің салада ер немесе әйел деп бөлінбейді. Бәріміз бірдей жұмысымызды істейміз. Барлығымыздың мақсатымыз бір – қылмыстың алдын алу және қылмыспен күресу. Қазіргі таңда екі балапаным бар. Біз жүктілік кезіндегі декреттік демалысқа, баланың 7 айлығында ғана кетеміз. Жүкті болған сәттен бастап 7 ай бойы мен өзімнің қызметімді атқарып, оқиға болған орындарға барып, қарап, тексеру жұмыстарын жүргізіп, қол іздерін, биологиялық іздер алып, өз жұмысымды толыққанды өтедім. Содан, 7 ай өтіп, қазір декреттік демалыстамын. Кішкентай балапан 5 айлық, үлкен қызым 2,5 жаста», – дейді Ә.Сейітмұрат. 

Полиция қызметі – өжеттілікті, қайсарлықты, іскерлік пен білімділікті, ер мінезділікті талап ететін ауыр мамандық. Алайда қызығы мен шыжығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын бірге алып жүрген нәзік жанды аруларымыздың қатары аз емес. Абыройлы полиция қызметкері болу қыздардың да қолынан келетін дүние екенін біздің кейіпкер дәлелдеп отыр.

Шыңғыс АТАЙ

фото: kazpravda.kz