Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:25, 25 Шілде 2024

Құқықтық сауаттылықты арттыру қажет

Халық заңгері-2024
Фото: ашық дереккөз

Ағылшынның мемлекет қайраткері әрі жазушы Бенджамин Дизраэли «Кез келген билік – ол сенім, біз оның жүзеге асырылуы үшін жауап береміз» дейді.

 Демек, сенім – әлеуметтік құндылық қана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқарудың жаңа сын-қатерлерге төзімді болуына мүмкіндік беретін әкімшілік капитал десек те болады. Әсіресе халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарына халықтың сенім артуы – қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастықтың, қауіпсіздіктің кепілі. Осы орайда елдегі құқық қорғау органдарының жұмысы турасында құқық қорғаушы Ринат Рафхатпен сұхбаттастық.

Құқықтық сауаттылықты арттыру қажет

– Ринат мырза, елімізде құқық бұзушылықты елемеу, назарға ілмеу әлі де бар. Көре тұрса да байқамайтын, байқаса да, құқық қорғау органдарына жүгінбейтін жайттар өте жиі кездеседі. Құқық қорғаушы ретінде адамдардың құқық бұзушылыққа төзе беруіне, жақыны қиын жағдайға ұшыраса да елемей, полицияға жүгінбеуіне не себеп?

– Бұның себебі біздегі жалпы құқықтық сауаттың төменділігінде деп білемін. Одан кейін «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген тәрбиелік ұстаным бар. Ең басты себеп, тумысынан жазылған өз құқығы бар екенін ұмытып, алдарынан кездескен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін көрсе бойларын үрей билеп, айтқандарына көніп жатқан жайттар өте көп кездеседі. Демек, езіліп шаншылған құлдық сананың бойымызда қалып қойған сарқыншағы әлі де бар деп ойлаймын.

– Менің ойымша, бұның бір себебі елімізде әлі күнге құқық қорғау немесе сот жүйесіне деген сенімсіздік басым болғаны шығар деп ойлаймын. Мысалы, интернет-ресурстары жүргізген сауалнамаларда құқық қорғау органдарының бір-бірінің өкілетін иемденіп кету, құзыретті өз жағына тарту әрекеті туралы жиі айтылады. Осы жайында сөз қозғасаңыз.

– Күштік құрылымдарға (полиция, сот жүйесі, т.б) сенімсіздіктің пайда болуы – азаматтардың құқығын қорғаудан гөрі, тұқыртып, соттауға дайын болып тұратынымыздан шығар. Адамның ажырамас бөлігі – азаматтық құқықтары. Ал оның реттеушісі – заң. Әрқашан құқық биік тұруы қажет. Адамдар негізі тапталған құқығын сот арқылы қорғауы керек. Алайда бізде көптеген жағдайда қорғала бермейді (әсіресе азаматтық қоғамда). Жасыратыны жоқ, кейбір соттарда айыптау бағытымен жүріп жатады. Әділ сот құқығы, бейтараптылық принциптерін көпе-көрінеу бұзылып жатқан кездер де кездеседі. Сондай-ақ ішкі істер министрлігінен түкке де қатысы жоқ ведомстволарды алдырып тастауымыз керек деп ойлаймын. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тергеу, ұстау, қылмыстық-атқару жүйесі, миграция, т.б бәрін бір министірлікке жүктеп қойдық. Бір ғана мысал: адамды тұтқындайтын да өздері, қамап-күзететін де өздері. Жауапкершілікке тартылған азамат жаза мерзімі аяқталып, бостандыққа шығарда «әкімшілік бақылау тағайындау керек» деп сотқа өтініш түсіріп, сұранатын да өздері. Бұл мүлдем ақылға сыймайды. Өздері ұстап, қамап-күзеткендерімен қоймай, өздерінше адамды «дұрыс жолға» салумен айналысып кетеді. ІІМ-нің негізгі функциясы – тергеу жұмыстары ғана болуы тиіс. Болды! Ешқандай ведомствоға бағынышты болмауы керек. Көптеген дамушы елдерге қарасақ, демократиялық елдердің барлығында қоғамдық қауіпсіздікті қорғау органдары тәуелсіз болып келеді. Сондықтан олар өз жұмыстарын сауатты және нақты атқарады екен. Негізі дұрыс бағыт осы болса керек. Себебі өздері ұстаған қылмыскерлерді өздері қамап, өздері күзету ешқандай логикаға сыймайды. Ал бізде – тергеу, іздеу, ұстау, қамау, тексеру бәрін тек бір ІІМ-не беріп қойған.

– Қоғамда резонанс тудырған оқиғалардың (тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты оқиғалар, зорлау фактілері, т.б.) басым бөлігінде зардап шеккен тарап полицияға жүгінгенімен, ешқандай шара қолданылмағанын айтып, әлеуметтік желіден көмек сұрауға мәжбүр болып жатады. Не үшін?

– Әділдік іздеп басын тауға да, тасқа да соғатын адамдар бар. Ақыры дәрменсіз күйде қалады. Қанша тырысса да, ақиқатқа жетпейді. Қарапайым азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарап кейде күрделі істер жабылып қалып жатады. Зардап шеккендер сот пен құқық қорғау органдарының шешiмдерiне қатысты жоғарғы мемлекеттiк сатыларға, президентке дейін шағымданатын азаматтардың хаттары дәлел. Кейде тiптi сот корпусы мен құқық қорғаушылардың адалдығына, сатылмайтынына күмән келтiрiп жатады. Оған себеп, зорлықшы-қорлықшылардың ықпалды болуы немесе сондайлардың әке-көкесінің қолының ұзын болуынан деп ойлаймын. Сондықтан шырылдаған жан ашатын есіктері мен аттайтын табалдырықты тоздырғасын, амалсыздан әлеуметтен көмек сұрауға мәжбүр болып жатады. Сөйтіп, бұл мәселе резонансқа айналғанда ғана нәтижесін береді.

– Қоғамда: «Полиция қызметкерлері – жемқор. Әсіресе патрульдік полицейлер хаттама толтырмасын десең, ақша беру керек» деген стереотип бар. Ескертейік, бәріне бірдей жала жабудан аулақпыз. Енді білгіміз келетіні – олар неге пара алады? Мүмкін олардың жалақысы мардымсыз немесе мұндай теріс тәбетке қоғам өзі итермелейтін шығар?

– Әрісін айтпай-ақ, 70 жыл кеңестік жүйеден шыққан мемлекет параға өте жақын болып қалыптасты. Себебі КСРО тарағанда қанқұйлы большевиктер мен коммунистер номенклатурасынан шыққандар билік басына сол күйі топтасты. Сол құзғындар қол астына келгендерді бұрынғы санамен тәрбиеледі, жем берді, баптады, өсіріп, қанат қақтырды. 30 жыл бірінші президент құрған саяси жүйеде, күшті құрылымдарда реформа мен люстрация жасалмады. Мүмкін осыдан болар деп ойлаймын. Шыншыл, өз ісінің нағыз мамандары бар. Негізі еліміздің заңдары өте жақсы құрылған. Тек орындауға келгенде іске аспай жатады. Сонымен қатар ҚР ратификациялаған халықаралық шарттардың (пакт, конвенция, хаттамалар) елімізде орындалу мүмкіндігі мен міндеті өте жоғары және орындалуы тиіс. Сонда ғана әр азаматтың құқығы да қорғалады, пара беруге де ұмтылмайды. Платонша айтсам, «Мемлекеттілік – əділ заңдар үстемдік еткен жерде ғана болуы мүмкін». Сондықтан бізге, әсіресе күштік құрылымдар мен сот жүйесіне реформа қажет.

Сұхбаттасқан

С.БАҚБЕРГЕН