Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 22 Ақпан 2024

Құл иеленушілердің құрығы ұзын, жемтігі әлсіз

1
SVETLANA VOZMILOVA/GLOBAL LOOK PRESS

Елімізде еңбек құлдығының құрбанына айналғандардың саны жыл санап көбеймесе, азаймай тұр. Себебі қаскөйлердің құрығы ұзын, жемтігі әлсіз.

 Құл иеленушілердің көздейтіні көбіне әлеуметтік осал топтағы адамдар: жеке куәлігі жоқтар, жұмыссыздар, үйсіздер, заңсыз мигранттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінде тәрбиеленгендер. Қазақстандағы анықталған фактілер бойынша басым бөлігі еңбек құлдығын ауыл шаруашылығы, мейрамхана, қонақ үй, үй шаруасы сынды жұмыстарға пайдаланады.

Адамзаттың бұл кеселді құбылысының тарихын қазбалар болсақ, құл иелену ісінің сүрлеуі сонау Рим, Мысыр, Грекия, Үндістан, Қытай мемлекеттерінен бастау алған. Оның жарқын көрінісі ретінде Мысыр патшасы Тутмос III-тің Қанахан елдеріне шабуылы нәтижесінде жүз мыңға жуық құлды еліне әкетіп түрлі ғибадатханалар салғызып, кен қазу және канал қазу секілді жұмыстарға жеккенін айтуға болады. Сонымен қатар XVI ғасырда Батыс Еуропаның капиталистік құрылымдары дамып, мылтық пен зеңбіректің күшімен Африка, Азия, Америка құрлықтарының халқын еркінен тыс құлға айналдырып жіберген. Тек XVIII ғасырдың аяғында Францияда революция жеңіске жеткеннен кейін елде ресми түрде отарларға құл сату мен құл иеленуге тыйым салынғаннан бастап бұл үрдіске басқа мемлекеттер де заң жүзінде тұсау сала бастады. Ал қазақ қоғамында соғыстан түскен тұтқындар құлға айналғанымен, жоғарыда атап өткен елдердегідей құлдықтың классикалық үлгісі болмаған. Оған себеп – біздің көшпелі өмір салтымызда құл еңбегінің тиімсіз деп танылуы. Осылайша, уақыт өте құлдар қара халықтың қатарына қосылып кететін.

Құлдық – тарихтың беттерінде қалған таңба ғана емес, бүгінгі күннің де көлеңкесіз көрінісіне айналып, тіптен сорақы формаларда көрініс тауып отыр. Елді мекендердегі шаруа қожалықтарында тәртіп сақшыларының арнайы жасақтары арқылы рейд жүргізу қолға алынған. ІІМ өзге меморгандармен және қоғамдық ұйымдармен байланысын күшейтті. Құлдыққа түскен құрбандарға арнап мемлекет бюджет есебінен қаржы бөлетін болды. Ол құқықтық, медициналық және психологиялық көмекпен қатар қызметтердің сегіз түрін қамтиды. Бұл көмек тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да көрсетіледі. Адам саудасымен күрес жолында осындай жаңа бастамалар бастау алғанымен статистика көрсеткендей жылдан жылға қылмыс көбеймесе, азаяр түрі жоқ.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде адамдарды құлдыққа салған қылмыскер 128-бап Адам саудасы бойынша он екі жылдан он бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Яғни ұлт, жас, жыныс, дін таңдамайтын бұл қылмысқа заң жүзінде де қатаң жаза тағайындалған. Бұл туралы заңгер Бердімұрат Хасенұлына бірнеше сұрақ қойдық:

– Неліктен еңбек құлдығының алдын ала алмай отырмыз? Неге статистика жылдан жылға өсіп бара жатыр?

– Біріншіден, локациялық тұрғыдан қазақтың жері өте кең болғандықтан және құлдықтың көбі бізде егіндіктегі жұмыстар, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығына байланысты жұмыстарда ұсталып жатқандықтан, олардың барлығы өте алыс аймақтарда, адамның аяғы баса бермейтін, полиция қызметкерлерінің көздері түспейтін жерлерде болып жатыр.
Екінші мәселе, жалпы «Құлдыққа кім түсіп қалады?» дегенді алғышартқа алуымыз керек. Әлеуметтік осал топтар, заң сауаттылығы, жалпы сауаттылығы өте төмен адамдар немесе еңбек мигранттары түсіп қалады. Соның әсерінен олар кейін де өз құқығын қорғай алмайтынын түсінеміз. Құжаттарын беріп қояды. Олардың кейбірі өзінің құлдықта жүргенін түсінбейді де, сезбейді де. Мысал келтірейін: «Саған жалақы беремін» деп жұмысқа шақыруы мүмкін, алайда аталған жалақыны бермейді. Оны жалақымды кешіктіріп жүр деп қана ойлауы мүмкін. Шынтуайтында келгенде, бұл мәселенің барлығы заңмен реттелмегендіктен, екі арада еңбек шарты туралы әңгіме болмағандықтан, ол адамдар өз құқығын қорғай алмайды. «Мен бұл адамды құл қылып ұстаған жоқпын» дейді көп жағдайда. «Бұл кісі өзі тұрды, мен тамақ бердім, бала-шағасы менің арқамда мектепке барды» деген сияқты құл ұстаушылардың уәждері бар.

– Қазақстандағы адам саудасына байланысты заң тиімді ме? Әлде жетілдіретін тұстары бар ма?

– Қазақстандағы кез келген заң өте тиімді, жақсы жазылған. Қазақстанның заңдары әлсіз емес, мықты. Бірақ біздегі басты мәселе ол – заңның орындалуы, заңның қорғалуы мен шынайы өмірде іске асуы. Өкінішке қарай, бізде осы жағы ақсап тұр. Мәселе заңды орындайтын адамдардың әлсіздігінде немесе немқұрайдығында деп қарауға болады. Адамдардың заңдық сауаттылығының жоқтығында. Екінің бірі өзінің құқығын білмейді, еңбек шартын, еңбек заңнамасын білмейді. Өзінің құқығын қорғай алмайды. Біз логикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бір жылдап жалақысын алмай жүрген қаладағы кез келген құрылысшы адамды құл деп айта аламыз. Себебі олар еңбегін атқарды, бірақ ол үшін ешқандай ақы алған жоқ.

– Өз тәжірибеңізде адам саудасы бойынша іс қозғалып, осы іс бойынша сотталған адамдар болды ма?

– Нақты дәлелденген еңбек құлдығы болған жоқ. Сот та, мен де ол жерде еңбек құлдығы болғанын түсіндік. Ол малшылардың жағдайы. Бірақ бұл қатынастар жай ғана азаматтық-құқықтық қарым-қатынас ретінде бағаланып, фазенданың иесі тарапынан осыншама ақша, осы адамға айлығы ретінде өндіріліп берсін деген сияқты мәселелер ғана қозғалған қалпында қалып жатты. Бірақ нақты адам саудасы болды, бұл жерде құлдық болды деген сияқты арыздардың барлығы дерлік қараусыз қалып, қылмыс құрамы жоқ деп, көбіне азаматтық іске айналып, бір-біріне ақша өндіріп берумен ғана шектеліп жатады. Нақты осы қылмысты жасағаны үшін сотталды дегенді өз практикамда әлі көрген жоқпын.

– Адам саудасы қылмысының тіркелуі үшін адамды құл ретінде біреу сатуы керек, ал өзі алдап әкетіп құлдыққа салған адамдар үшін еңбек құлдығына байланысты жеке бап керек пе?

– Мәселе сол қылмыстық құқықта қылмыстың құрамы, қылмыстың дәлелденуі деген түсінік бар. Қылмыс құрамы нақты болуы үшін адам саудасы болуы керек. Жоғарыда жауап бергендей ол жерде еңбек құлдығы болған күннің өзінде бұл жерде адам саудасы жоқ, ол оны күштеп ұстамаған, ол фазендадан кез келген уақытта кетіп қала алатын еді, бірақ өзі жүре берген, құжаттары жоғалып қалмас үшін сол кісіге беріп қойған деген уәждер айтылуы арқылы шынымен де кінәлі тарап ешқандай жаза алмай кетіп қалып жатыр. Ол дәлелденбеген қылмыс болып қалып жатыр. Бірақ көбіне оған құл сияқты қарағандығын, таяқ жегендігін көріп тұрамыз. Тіпті кейбір әйелдің оқиғасы болды. Сол фазендада жүріп бірнеше еркектен бірнеше баланы туып тастаған. Былай қарасақ, жай ғана құлдық емес, сексуалды құлдықта жүргендей жағдайда болғандығын түсінуге болады. Әрине, сол үшін еңбек құлдығына байланысты жеке баптың болуы міндетті.

P.S. «Гүрілдеп келген жаудан, күлімдеп келген қас жаман» демекші, жұмыс іздеп сабылған жұртқа қаскөйлер жалақысы жоғары, тамақтандыруы мен жататын орны тегін жұмыс ұсынып, адамдарды басқа өңірлерге әкетуге оңай көндіретін көрінеді. Санасын тұрмыс билеген халық жарнамасы жарқыраған жұмысқа бірден келісері сөзсіз. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». Қаржылай тәуелсіздікке ие боламын деп жеке бастың тәуелсіздігінен айрылып қалған азаматтардың басым көпшілігі жұмыс берушімен еңбек шартын заңды түрде бекітпеген.

Бағлан Тұрғанбек

Фото: SVETLANA VOZMILOVA/GLOBAL LOOK PRESS

Тегтер: