Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 05 Қыркүйек 2025

Құлаған көпір, ластанған қала және «блогер әкім»

Жақсылық Омар
Фото: Жас Алаш коллаж

1 қыркүйекте Өскеменде Шнайдер көпірінің бір бөлігінің опырылып құлауы қоғам арасында қызу талқыға түсті.

Бұған себеп – екі жыл бұрын аталған көпірдің жөндеу жұмыстарына 620 миллион теңге бөлінгені. 2024 жылы көпір пайдалануға жарамсыз деп танылып, күрделі жөндеуден өткен. Дәл осы уақытта Жақсылық Омар қала әкімі еді. Ол әлеуметтік желісінде көпірге барып арнайы видеоүндеу жолдап, барлығы толық бақылауда деп мәлімдеген еді. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде апатты жағдайдың болуы аймақ тұрғындары арасында қаржы тиімді жұмсалды ма деген күдік туғызды. Тағы бір айта кетерлігі, жөндеуді LLC ASIA ЖШС жүргізген. БАҚ атап өткендей, бұл компания тендерді бір көзден, конкурссыз алғаны да қоғам күдігін күшейткен. Қазір жергілікті тұрғындар қыруар қаржы суға кетті деп ашынып отыр. 

Шнайдер көпірі
Фото: Orda.kz

Көпірге 600 млн емес, 1,2 млрд бөлінген

Жергілікті билік көпір тірегінің опырылуына табиғатты кінәлайды. Өскемен әкімі Алмат Ақышев кейінгі үш күн бойы жауын-шашын мол жауып, өзен деңгейі көтерілгенін себеп еткен. Жаңбырдан кейін өзен деңгейі 6 метрге дейін көтеріліп, ағаш бөренелер көпір тіректеріне кептелгені, соның салдары апатқа әкелгені айтылды. Дегенмен қала тұрғындары бұл уәжбен келіспейді. Әлеуметтік желіде халық жақында ғана қомақты қаржыға жөнделген көпірдің құлауы – сапасыз жұмыс пен бақылаудың кемшілігі деп санайды. Олар бұрынғы қала әкімі Жақсылық Омарды және көпірді қабылдап алған жауапты мамандарды жазалауды талап етіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, Өскемен қаласында жалпы үш-ақ автомобиль көпірі бар, сондықтан біреуінің істен шығуы қаладағы көлік қатынасын айтарлықтай қиындатады. Қала әкімі көпір қайта 2 ай ішінде жөнделеді деп уәде еткен.

Алмат Ақышев
Фото: Gov.kz

«Жас Алаш» апатқа байланысты Өскемен әкімі Алмат Ақышевпен сөйлесті. Ол кінәлілер жазасын алады, қазір тексеріс басталды деп сендіріп отыр. Тағы бір білгеніміз, көпірге БАҚ-та жазылғандай 600 млн емес, 1,2 млрд теңге бөлініпті.

«Жасыратыны жоқ, көпір жөнделуіне қаржы бөлінген. Бұрын көпір тірегі ағаш болған. Кейін күрделі жөндеу кезінде оған бетон қойылған. Бірақ сапасыз істелген болуы керек, су шайып кетті. Су деңгейі 6 метрге дейін көтеріліп еді, көпір тірегі шыдамады. Бірақ көктемде су 7 метрге дейін көтерілді. Ол кезде апат болмаған еді. Қазір апатқа не себеп болғаны белгісіз. Оны эксперттер анықтай жатар. Қыруар қаржы жұмсалды. Екі этаппен 1,2 млрд теңге бөлінді. Бюджет қаржысы жұмсалғасын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Дәл қазір бұған нақты баға бере алмаймыз. Эксперттер келіп тексерсін, солар тоқетерін айтады. Сол үшін Алматыдан арнайы мамандар келеді. Прокуратура материал жинап жатыр, жақында олар да тексеріс жүргізеді. Барлығы объективті түрде болады, кінәлі адамдар болса, жауапқа тартылады», – дейді қала әкімі.

Блогер әкім 

Шнайдер көпірінің апаты бола сала БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың 2 жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын алға тартып, барлығы өзінің бақылауында екенін көрсетеді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап, ол тағы да жұрттың сынына қалды. Қоғамның айтатын ең алғашқы уәжі – Ж.Омар көбіне әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлмей, қаланы көркейту жобалары алға шығып кеткені. Оларды әкім әлеуметтік желісінде белсенді жарнамалағандықтан тұрғындар арасында Ж.Омар «блогер-әкім» де атанған. Тұрғындардың тағы бір айтатыны – қаншама сынға қарамастан Ж.Омардың қала әкімінен облыс әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылауы. Өскемен белсендісі Роман Честных те осы пікірде. Оның сөзінше, кейінгі жылдары бұл нысанға бірнеше рет қомақты қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары бірнеше келісімшарт арқылы атқарылған. Бұл апатты тек табиғи факторларға жаба салуға болмайды. Өйткені су деңгейінің көтерілуі әдеттегідей ғана болған, ал ағаштар мен қоқыстың тіреулерге жиналуы – ең алдымен бақылаудың жоқтығын көрсететін жағдай. Демек, бұл мәселе көпірдің сапалы жөнделген-жөнделмегеніне байланысты қоғам күдігін күшейтуге себеп болып отыр.

Роман Честных
Фото: Роман Честных

«Егер тірек дұрыс қалпына келтірілген болса, мұндай апат мүлдем болмауы тиіс еді. Сондықтан меніңше, жөндеу жұмыстары барлық нормативтік талаптарды ескермей жасалған. Ал билік, атап айтқанда, қала әкімі, «жағдай тұрақты бақылауда» деп мәлімдеді, бірақ нәтижесінде осындай апат орын алды. Бұл биліктің «бәрі бақылауда» деген мәлімдемелерінің қаншалықты бос сөз екенін көрсетеді. Шынайы бақылау үшін тек лауазым жеткіліксіз, ең алдымен кәсіби біліктілік қажет. Мұндай жағдайлар халықтың билікке деген сенімін азайтады, бірақ ол онсыз да әлсіз еді. Мысалы, қала әкімі болып тұрған кезінде тұрғындардың үнемі сынына ұшыраған Жақсылық Омар облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Міне, осыдан-ақ халықтың наразылығы кадрлық саясатқа мүлде әсер етпей отырғаны көрініп тұр», – дейді қоғам белсендісі.

Ж.Омардың Өскемен әкімі ретіндегі «жетістіктері»

2018 жылдың тамыз айында Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалған Жақсылық Омар бұл қызметті 6 жыл 3 ай бойы атқарды. 2024 жылғы қарашада өзі өкілеттік мерзімі аяқталғанын айтып, отставкаға кетті. Ж.Омардың қала басқарған жылдары шешілмей қордаланған немесе дау тудырған мәселелер де аз емес. Мысалы, «Арбат» жобасын алайық. Жақсылық Омар Өскемен қаласында жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» саябағын қала жетістігі ретінде атайды. Алайда жергілікті бақылаушылар бұл жобаны «Омардың мақтанышы» дейді. Яғни қалаға сән беретін жоба болғанымен, негізгі халықты толғандырған өзекті мәселелер көлеңкеде қалған. «Арбаттың» құрылысы барысында кейбір тұрғын үйлердің кіреберістері жер деңгейінен төмендеп, тұрғындар үшін қолайсыздық туғызғаны туралы да айтылды.

Арбат
Өскемендегі Арбат. Тұрғындар үйден балалар арбасымен шығу қиындық тудырғанын, қыста су жиналып қалатынын айтқан.

Өскеменде автобус және басқа қоғамдық көлік проблемалары Ж.Омар әкім болған кезде ерекше ушығып, тұрғындар сотқа жүгінуге дейін барды. Мысалы, «Аблакетка» шағын ауданының тұрғындары қалада автобустар қатынамай, жұмысқа уақытында жете алмағасын әкімдікті сотқа берген. 2022 жылы сот медиативтік келісім арқылы әкімдікке бір ай мерзімде автобустардың интервалын 5–7 минутқа жеткізіп, аялдамаларға кестелер ілу міндетін жүктеді. Алайда қала билігі өз уәдесін орындамағандықтан, тұрғындар Ж.Омарды сотқа қайта сүйреп, нәтижесінде сот қала әкіміне 50 АЕК (шамамен 159 мың теңге) айыппұл салды. Жалпы, Ж.Омар басқарған жылдары Өскеменде қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, автобустардың жүру кестесінің сақталмауы сияқты түйткілдер халықты әбден қажытты. Тұрғындар бұл проблемалар бойынша талай рет шағымданып, жоғары жаққа дейін хат жазған. Тіпті кей белсенді азаматтар ҚР Президентіне дейін өтініш жолдап, қала әкімі Ж.Омарды да, облыс әкімі Даниал Ахметовті де қызметінен босатуды талап етті.

Қала инфрақұрылымының тозуы Ж.Омар дәуірінде ерекше байқалды. Кәріз жүйесі апатты жағдайда болып, бірде негізгі коллектор құлап, соның кесірінен Ертіс жағалауын, көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басты. Жылу желілері де көп сынға ілікті. Ыстық су мен суық су құбырлары да ескіргендіктен, апат жиілеп, қаланың су жүйесінде мәселе болғаны айтылды. Тұрғын үй мәселесі де шешілмеген күйінде қалды. Қалада әлі күнге дейін барак типті ескі үйлерде тұрып жатқан отбасылар бар, оларды жаңа баспанаға көшіру Ж.Омар басқарған 6 жылда жүзеге аспады. Сарапшылар мұны әлеуметтік салаға жеткілікті көңіл бөлінбеуінің айғағы деп сынайды.

Өскемендегі тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) мәселесі де Ж.Омар тұсында ушықты. Қалада ондаған жыл пайдаланылған ескі қоқыс полигонының сыйымдылығы таусылып, жаңасын ашу керек болған. Алайда 6 жыл әкім болған Ж.Омар бұл басты проблеманы шеше алмай, керісінше, қиындатып алған. 2022 жылдың қазан айында қала шетінде қоқыс сұрыптайтын зауыт жылдам салынды. 1,8 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалған бұл нысанның құрылысын әкімдік конкурссыз, бір көзден компанияға өткізгені де кейін қоғам арасында күдік туғызды. Зауыт іске қосылғанымен, қалдықтардың тек 12–15%-ын ғана сұрыптап, қалған 85%-ы сол күйі полигонға көміліп жатқаны белгілі болды. Яғни екі миллиардқа жуық қаржыға салынған кешен қала қоқысының оннан бірін де өңдей алмады. Ең басты қателік – жаңа қоқыс полигонын салмай тұрып сұрыптау зауытын тұрғызуда болды дейді сарапшылар.

Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең ауыр өнеркәсіптік өңірдің бірі, әсіресе Өскемен қаласы металлургия зауыттарының шоғырлануынан экологиясы нашар аймақ саналады. Қала тұрғындары жыл сайын қыста қою түтін мен улы ауаға тұншығады. 2024 жылғы 27 қарашада, Жақсылық Омар өз қызметінен кететінін хабарлаған дәл сол күні, Өскемен қаласын қалың түтін басып жатқан кез еді. Мектеп оқушылары түтіннен уланбас үшін қашықтан оқытуға көшіріліп, қоғамдық наразылық күшейген сәтте, кешке әкімнің отставкасы туралы видеоүндеуі жарияланды. Кей сарапшылар билік Ж.Омардың отставкасын әдейі пайдаланды деп есептейді, яғни тұрғындардың қала экологиясына деген ашу-ызасын әкімнің күтпеген отставкасы басқа арнаға бұрған. Жалпы, Ж.Омар басшылық еткен жылдары Өскеменде ауа сапасы жақсарды деуге негіз жоқ. Аймақтағы қоғам белсенділері мен экологтар қоршаған ортаның ластануы, Ертіс пен Үлбі өзендерінің улануы, топырақтың ауыр металдармен бүлінуі, атмосфераға шығарындылардың бақылаусыздығы мәселелерін талай көтерген. Мысалы, көршілес Риддер қаласында еріктілер экологиялық акциялар ұйымдастырып, ШҚО басшылығы мен қоғам назарын ауа мен судың ластану проблемасына аударуға тырысты. Өкінішке қарай, бұл талап-тілектер жергілікті билік тарапынан қолдау таппады.

Осындай сын мен дауларға қарамастан, көп өтпей Жақсылық Омар қызмет мансабында өсті. 2025 жылғы сәуірде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұрын Өскеменді басқарған шенеунік енді бүкіл облыс деңгейінде басшылық қызметке жоғарылатылды. Бұл жаңалықты естіген кей өскемендіктер таңданысын жасырмады – «тұрғындармен соттасқан экс-әкім» енді облыс тізгінін ұстауға жақындады дегендер де болды. Осындай даулы қызметіне қарамастан, оның жоғары лауазымды қызметке келуі әлеуметтік желіде сын пікірлер туғызды. Дегенмен облыс басшылығы Ж.Омардың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол екенін алға тартып, жаңа қызметте өңір дамуына үлес қосарына сенім білдірді.

Өскемендегі көпір апаты мен Жақсылық Омардың айналасындағы оқиғалар – Шығыс Қазақстан облысындағы инфрақұрылым және басқару проблемаларының бір көрінісі ғана. Аймақта бұдан өзге де жүйелі түйткілдер жетіп артылады. Мысалы, жылу жүйесіндегі дағдарыстың тағы бір мысалы – Риддер қаласындағы ЖЭО (Жылу электр орталығы) ахуалы.

Шығыс Қазақстанда жолдардың сапасы, көпірлердің тозуы, жылу және су желілерінің ескіруі сияқты мәселелер жиынтығы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан. Сарапшылар мұны жүйелі жоспарлаудың жоқтығы мен шенеуніктер тарапынан бақылаудың әлсіздігінен көреді. Жақсылық Омардың тәжірибесі көрсеткендей, қала басшылығы халық көңілін аулау үшін сәнді жобаларға ұмтылып, «қарапайым халыққа керек істерден гөрі қаржы игеруге» көп көңіл бөлетіндей әсер қалдырды. Мысалы, көпшілік «Ж.Омар тек көзбояушылық пен қаржы игерумен айналысты, ал қала үшін алтын уақыт жоғалды» деп бағалайды. Облыстағы басшыларға да осындай сындар айтылып жүр.

Тұрсынбек БАШАР