Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:39, 14 Шілде 2021

«Күлдір-күлдір кісінетіп, «креслоға» мінер ме екенбіз?!»

None
None

«Әкімдік дегеніміз – заңдағы

                                                                      ақтаңдақтарды бітейтін тығын»

                                                         В.

Ключевский,

                                                          орыс тарихшысы

      Билік пирамидасының табанында талай жылдан бері тапталып жатқан,  айтса сөзі өтпейтін, созса қолы жетпейтін, бар мен жоқтың арасында жүрген ауыл әкімдерін сайлап, қалың ұйқыдан оятып, жұтаң өміріне жан бітіріп, бойларына қан жүгіртіп, бәйгеге қайта қоспақшымыз. Аты дардай сайлау науқаны демесеңіз, ауыл тұрғындары арасында айтарлықтай – жыл келгендей жаңалық болып жатқан жоқ. «Ата даңқымен сөз өтеді, мата даңқымен бөз өтедінің» кері, сайлау атымен депутат болғандардың шын мәнінде  тағайындалатынынан әбден зәрезап болған халық ауыл әкімдерінің сайлауына енжар, құлықсыз, қызығушылық танытып жатқаны байқалмайды. Тағайындалған әкім мен сайланған әкімдеріңіз – қосылғыштардың орны ауысқанмен, қорытынды өзгермейтінін біледі. Өйткені жаңа сайланған әкімге жоғарыдағы алпауыт жүйенің ақжағалылары алақанын ашпай, жұдырығын жұмып отырып алса, бұрынғы тағайындалған әкімдердей тезек теріп жүрмесіне ешкім кепілдік бермейді.

       Адамзат баласы ақылды адамдарға қаншалықты зәру болса, ауылдар да іскер, қайраткер әкімдерге аса мұқтаж. Сайлау сахнасына көтерілген сол болашақ әкім пәтшағарларыңыз жұмыстың көзін табатын, жоғары билік алдында ауыл мүддесін қорғай білетін, жұрттың талап-тілегін мінсіз орындай алатын, адамгершілігі мол, қарапайым, ауылмен «ауырған» азамат болып жатса, қанеки.

      Әкімдер жайлы әңгіме  көп. Бізде барлық мәселені ауылдың «төбесінде» отырған шенді-шенеуніктер  шешетін болған соң,  ауыл әкімдері ештеңеге жауап бермейді. Сырт көзге бейшара болып көрінгенімен, олар соншалықты сорлы да емес. Ашкөздік қой баяғы, ебін тапса екі асайды.  Айталық, ауыл көлемінде тақиядай тар жер табылса – сатады.  Балабақшаларға өзі де, көзі де жоқ балаларды тіркеп, ақша жымқырады т.б. Ұсталғандары сотталып, күдіктілері ақталып, баяғы әдеттерін жалғастыра береді.

      Үстіміздегі сиыр жылының жыры: алдағы алты айда пандемиямен күресіп, сайлау науқанына жегілетін болдық. Адамзат баласын сансыратқан кеселдің жолын кесерміз-ау, әбіржіген ауылдардың әрекетсіз әкімдерінен  құтыла алар ма екенбіз?! Сайланған әкімдер ел үмітін ақтайды дегенге сенім аз, көңіл күпті, күдік басым. Сайлау науқанына жұмсалатын  миллиардтаған қаржының қайтарымы қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Онсыз да желге ұшып жатқан қаржының  қисабы жоқ. Адамзатқа ақыл үйреткен Сократ ақсақал: «Егер сендер дауыс беру арқылы бәрін шешуге болады деп ойласаңдар, онда Афинының бар иттері атқа айналсын деп дауыс беріп көріңдер», – депті. Көзбояушылыққа көміліп, мақтаншақтыққа семіріп біткен шенеуніктерге бауыр басып қалған ауыл адамдары ауыл әкімдерін сайлап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болмайтынын біледі.

      «Адамдарды бір-біріне тартатұғын заңдардан, Бірін-бірі тебетұғын заңдар көп» (Ж.Нәжімеденов) демекші, сайлау науқанында орын алмай қоймайтын екі «оқжыланның» басы қылтияды. Біріншісі – аяғымен төрді былғап, аузымен елді бүлдіріп жүретін әлдебіреудің айы оңынан туып, әкім болуы мүмкін;  екіншісі – рулық сананың тұманы сейілмеген, онсыз да айрандай ұйып отырмаған ауыл адамдарының арасына жік түседі.  Әншейінде аралас-құралас  ағайын  жеме-жемге келгенде руласының шотын шауып, ауылда қырғи-қабақ көңіл күй орнайды. Сайланған депутаттар мейманасы тасып, астана асып көзге көрінбей кетуші еді, ал сайланған әкім ауылда, көз алдарында көлбеңдеп жүрген соң,  адамдардың  ішкі қыжылы  қайта өршімей қоймайды.

     Бір анық: ешкімнің жай адам болғысы келмейді, түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын бай болғысы келеді. «Бір төбе бір тоқтыны аш қылмайды» деп, ең құрығанда ауылға әкім болғанды құп көреді. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, «Күлдір-күлдір кісінетіп, «Креслоға» мінер ме екенбіз?!» деп алақандарын ысқылап, алашапқынға араласып жатқандар көп. Сол баяғы «Сен айтсаң, мен де айтамын айым-қайым», қатардан қалмай, қалың шаңға көміліп, бәйгенің көрігін қыздырып келеді. Сайланған әкім кешегі қолбала әкімдердің таптаурын болған көне соқпақ, ескі сүрлеуін жаңа арнаға бұрып, жаңғыртып, жасампаздық еңбегімен көзге түсіп жатса, көңілдегі көп күдік сейілер еді. Мемлекеттік қызметтің алтын арқауы мен салмағы елге деген сүйіспеншілік пен жан дүниесінің тазалығымен өлшенетінін естен шығармаса дегіміз келеді.

Тегтер: