Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 27 Қазан 2021

Күлгін лалагүл

None
None

Әңгімелер 

Жазушы бөлмесінде әрлі-берлі теңселіп жүр.Терезе алдында тұрған күлгін лалагүл мен үстел үстіндегі ақ параққа қайта-қайта көз жібереді. Бүгін өзін ерекше сезінуде еді. Тап бір шабыт келгендей. Шабыт келгенде одан асқан бақытты жан болмайды, шабыт келмеген күні мүгедек жандай күй кешеді.

– Күлгін лалагүл, – деді жоғары екпінде.

Құлағына күлгін лалагүлдер деген өлең жолдары оралды. Бала күнінде үйге лалагүл келгенде қатты қуанып еді, бүгінде сондай әсерден айыға алмай тұр. Қырық күн бойы зілденіп кетіп еді. Мына бір лалагүл сол зілін басқандай. Үстелге жайғасып, қолына қарындаш алып лалагүлдің суретін сала бастады. Содан соң суырманы ашып лалагүлді бояйтын қарындаш іздей бастады.

– Жоқ, сен жарамайсың, – деді қою күлгінге. – Лалагүлді өлтіресің.

Осылай деп бір-екі қарындашты лақтырды да, ең соңғы артқы жақта жатқан ашық күлгін қарындашты алып балаша қуанды.

– Міне таптым, – деді. – Лалагүлді бояйтын сен!

Сөйтті де, үстелге жайғасып өзі салған суретті бояуды бастады. Әдемілеп бояп болды да, суретті құшақтап шыр көбелек айналды.

– Міне, менің лалагүлім, – деді ол.

Содан соң қайта ақ парақ алып жазу жазуға кірісті.

«Жер беті ізгіліктен жаралған», – деді ол. «Ол ізгілік барлық жерде: гүлде, табиғатта. Тіпті жаңа жауған қарда. Егер ол қар жүрек пішіндес болып жауса, адамдар ғажайыпқа сенер ме еді? Бәлкім, адамдар сол ғажайыптың жолын бөгеп тұрған болар...»

Жазып болғаннан кейін парақты үстелде қалдырды да, кереуетке жайғасып лалагүлді тамашаламаққа бекінді.

– Неге сені басқа түстермен боямағанымды білесің бе? – деді қолындағы суретке қарап. «Себебі олар сені шынайы етіп көрсете алмайды. Сенің кескініңді аша алмайды. Ал сен ізгіліктен жаралғансың....», – деді де, терезе алдындағы лалагүлді тамашалауға кірісті. Ертеңіне бөлме ішінен жазушының жансыз денесі табылды. Оны сол жердегі қызметші әйел тапты. Төсекте лалагүлді тамашалаған қалпы көз жұмған екен. Қолында өзі салған лалагүлдің суреті бар. Ал үстелде өзі жазған соңғы жазу қалыпты....

Қаздар қайтып барады

Күз айы өз сызымен бірге кей адамның өміріне де сызат әкелгендей. Бесінші сынып оқушысы Әрсеннің әкесінің үйден жырақ кеткеніне биыл үшінші жыл болды. Содан бері қанша уақыт өтсе де, әлі қайтып оралмады. Кетерінің алдында: «Қаздар қайтқанша келемін», – деп ұлына уәде берген болатын. Ал бүгін міне,үшінші мәрте қаздар қайтып барады. Ал әкесінің сол күйі хабар жоқ.

Әкесін сағына бала жүрегі езілгендей. Әр қаздың қиқулай қайтқан дауысы есітілген сайын бала жүрегін біреу үзіп әкеткендей күй кешетін. Бір күні есіктен кіре бере талып құлағаны бар. Дәрігер шақыртқанда: «Бала әлдебір уайымнан құлаған», – деген еді.

Атасына оның сыры түсінікті еді. Баланың жүзіне аяушылықпен қарап қана қойған болатын. Өзі де немересінің бұл күйін сезетін секілді. Өзі де ұлын сағынатын. Төргі бөлмеде отырып: «Жалғызымнан айыра көрме», – деп ұлының суретін ұстап қаймығып отырғанын бала талай байқаған болатын. Алайда атасы немересіне оны білдірмейтін. Әрсеннің білуінше, әкесі жұмыс іздеп кеткен екен. Елде күнкөріс қиындаған соң қаражат болмай, көп адамдар өзге елге кетіп қалыпты.

«Алайда оралатын уақыты болды ғой», – деп ойлайтын Әрсен. Сөйтті де сыныптасы Мирастың сөзі құлағына оралды. Бірде сыныпта Әрсен үзіліс кезінде әкесін қатты сағынғаны жөнінде айтқан болатын. Сол кезде сыныптасы Мирас күліп:

– Әкең сенің баяғыда өліп қалды, – деп бала жүрегін одан сайын езген еді. Содан бері бала жүрегі әкесін ойлауды еш тоқтатқан емес. Атасы да сыныптасының бұл сөзін естіп жанын қоярға жер таба алмай қалғаны бар.

– Жағыңа жылан жұмыртқалағыр, – деп қарғаған. Мүмкін ол да баласын өлімге қимайтын болар? Аталы-балалы екеу өз бетінше күн кешетін. Немересі атасына қолынан келгенше үй шаруаларына көмек беруге тырысатын. Алайда өз-өздерін алдауға тырысқанымен сағыныштары еш басылмайтын.

– Ата, әкем қайта орала ма? – деді бірде Әрсен ас үйде түскі ас кезінде. Ал атасы оның бұл сұрағына жауапсыз қалды.

– Оралады, – деді қолындағы құтыны сөреге қойып жатып.

Осылайша арада көптеген жыл өтті. Алайда әкесінен еш хабар болмады. Бұл уақытта Әрсен мектеп бітіріп, жұмыс істейтін халге жеткен еді. Қария болса сақал-мұртына дейін ағарып қартқа айналған. Бар тірлік –баланың мойынында.

Бір күні аяқасты бөлімшеден қоңырау түсті. Барса, бір адам бөлмеде өзін күтіп отыр екен. Жүзі таныс көрінді. Сөйтсе: көп жыл бұрын жоғалтқан өз әкесі екен. Жолай екеуі де үн-түнсіз үйге қайтты.

– Осы уақытқа дейін қайда болдыңыз? – деді Әрсен бір кезде жігерін жинап. Ал әкесі бұған үнсіз жауап берді. Жүзіне қараса бетіне әжім түсіпті. Қолының тамырлары білеуленіп біліне бастаған екен. Екеуі үйге кірді де, аталары жатқан бөлмеге барды. Қарт аяғын соза төсек үстінде көзін тарс жұмып жатыр екен.

–Ата, әкем келді, – деді Әрсен.

Атасы елең ете орнынан атып тұрды. Баласымен құшақтасып көрісіп, қайта-қайта егіле берді. Ертеңіне азанда таңғы шайдан кейін Әрсен далаға шықты. Сөйтті де, аспанға тағы бір рет көз жіберді. Қаздар қайтып барады екен...

Күрең тағдыр

Оқуын аяқтап, отбасын құрған ұлдары – Қасымды шығарып салғаннан кейін Мақсат пен Бәтима үйлеріне жайғасты. Тап бір үй ішін қараңғылық басқандай. Бұрын ұлдары бар да бұлардан асқан бақытты жан жоқтай елестейтін. Ал қазір Қасымсыз бір сағат өтпей жатып өмір күреңдене бастапты.

– Бәтимаш-ау, неге жылап отырсың?

Бұл – жұбайы Мақсаттың жарына тіке қарап айтқан сөзі еді.

Ұлымыз ересек адам болды. Енді өз өмір жолымен кетпейді ме? Несіне күйгелектенесің?

Содан соң өзі де терезе алдына барып шылымын тұтатып, ауыр ойға берілді. Өзі де бір кездері үйлене салып ата-анасынан жыраққа кетіп еді. Енді міне, өзіне де сол күн туған екен ғой. Ұлы да өз өмір жолын тауыпты. Енді өздеріне қайтып оралар ма екен? Сөйтті де алысқа көз жіберді. Ұлы жанында бар кезде еш қиындық сезінбейтін. Ал қазір өмірдің бар суығы біліне бастады. Өзі ата-анасын тастап кеткенде, ол байғұстарда осындай күй кешкен екен ғой. Әсіресе әкесі қандай күйде болды екен?

Бір кезде көзіне жұбайы екеуінің ұлын құшақтап түскен суреті оттай басылды. Шамасы ұлының бес-алты жас кезі болса керек. Саябақта қыдырып, тәтті ұлының қылығына тоймай жүрген кез. Көз алдында қалып қойыпты. Содан кейін ол ұл ержетіп, қапыда сағынып қаларын біліп пе еді сол кезде? Мүмкін ол да дәл өздері сияқты ата-анасын тастап, өз отбасының қамымен кете ме екен? Ал оның ұлы ше? Ол да оны зарықтырып кете ме? Осылай жалғаса бермек пе?

Бір сәт ойын жазды да, дастарханға отырды. Жұбайы Бәтиманың көзіндегі жас кебе қоймапты. Суық бөлме оны одан әрі мұздатқандай. Үстел үстіндегі суып қалған шайдан бір ұрттап әйеліне қарады:

— Ата-анамызда бізді ойлап, осылай зарыққан екен ғой, деді.

Көз алдына он тоғыз жыл бұрынғы оқиға оралды. Жас жұбайлар үйлене салысымен ата-анасынан бата алып, осы мекенге қоныс аударған болатын. Артында қол бұлғап ақ жаулықты кейуана мен қария қалып еді. Содан соң оларға ат ізін салған жоқ. Өз алдына бала-шаға болып, бөлек кетті. Ал қазір өзі де жалғызсырап отыр. Сонда адам не үшін өмір сүреді? Қартайғанда жалғызсырау үшін бе? Содан соң әйеліне қарады да:

— Екі-үш айдан соң ұлымызға барып қайтамыз, деді.

Арада ай өткенде екеуі қолына жүктерін алып қалаға бет алды. Қала тіршілігі әдеттегідей қайнап, адамдар сабылысып жүр екен. Екеуі сұрастыра келе ұлдарының үйін тапты. Есікті екі рет ұрғанда әзер ашқан ұлы ата-анасын көңілсіз қарсы алып еді. Баласының жүзінен қуаныш отын көрмеген олар көңілдері су сепкендей басылды. Ішке кіре дастарханға жайғасқан соң:

– Мұнда неге келдіңіздер? деген ұлдарының ренішті дауысы шықты.

Ұлының сөзінен ренішті байқаған Мақсат:

Келінді көруге келдік, деп әзілге айналдырды.

— Әке…

Бұл жолы Қасымның дауысы ашулы шықты.

— Менің өз отбасым, өз өмірім бар. Мені мазаламауды сұраймын. Өтініш: енді қайтіп келмеңіздер!

Мақсат пен Бәтиманың жүрегін суық қанжар тіліп өткендей болды. Ұлдарына сонша жерден іздеп келген ата-ана оның мына сөздерін естіп, жандарын қоярға жер таба алмай қалды.

— Ертең ауылға қайтыңыздар, деген ұлы үстел басынан ашулана тұрып кетті.

Бұл кезде Мақсаттың көз алдына әкесінің үйіне келгендегі көрінісі оралды.Сонша жерден қуанып келген қария ұлының «Кет» деген сөзінен соң шыдамай теріс айналып жүре берген болатын. Ал бүгін Қасымы сол күнді өз алдына әкелді. Оң жағына қараса, жары Бәтиманың көзінен тамшы жасы үзіліп, жылауда екен.

Ертеңіне таң ата ата-анасы кетпекке жиналды. Ұйқысынан оянған Қасым дастархан жанына келді де, ештеңе деместен сыртқа шығып кетті. Ұлдарының бұл қылығына іштері күйген ата-ана қолдарына сөмкелерін ала сүйретіліп сыртқа шықты. Оларды ала кетпекке ұлдары көлік шақыртып қойған екен.

— Сонша құтыла алмастай қандай күн туды басына? деді әкесі іштен.

Содан соң көлік ішіне заттарын жайғастыра сала, түрегіліп ұлының жанына келді.Алайда ұлы:

— Әке, менің өз отбасым бар. Менің мазамды алмаңызшы. Мен енді отбасым үшін өмір сүремін, деді де үйіне кіріп кете барды.

Ал сол кезде бұрынғы қария мен қазіргі ұлының істеген ісіне наразы болған Мақсат күрең тағдыр деді де, сырт айналып кете барды. Жолай ойланумен болды. Ақыры марқұм әкесінің бейітіне баруды жөн көрді. Көлікті бұрғызып, біршама уақыттан соң бейіттің жанынан түсті. Ескі мола топырағы құрғап қалған екен.

Әке, саған көрсеткен күрең тағдырымды ұлым алдыма әкелді, деді тізерлей отырып. Басын жерге қойғаны сол еді әлдебір дауыстан селт етіп басын көтерді. Ескі моланың бір топырағы жерге түскен екен… Әкесі күңіренген секілді ме немене? Сәл отырған соң орнынан түрегеліп көлікке аяңдады. Қара шаңырақты көрмекке бел байлады.

Әкесінің бала күнгі досы Ермұрат ақсақал сыртта жүр екен. Мақсатпен бірге қара шаңыраққа барды. Ауланың әр жері Мақсат үшін ыстық еді. Анау бір теректің жанында әкесі екеуінің велосипед тепкені есіңде.

Әкең сені ойлап қатты қамықты деді, Ермұрат ақсақал. Әрдайым аулада отырып сені ойлайтын. Келсе екен деп күтетін. Жаны шығарда да сен келсе деп күтті.

— Осыншама жауыз болғаным ба? деді Мақсат.

Қайтып бара жатып әкесінің бейітіне тағы бір баруды жөн көрді. Келіп, өз ісі жайлы ойлана:

— Әке, мені де әкетші. Менде мына қара жерді құшып жатайын, деп азар да безер болды.

Бір кезде кеуде тұсы шаншығандай болды. Оң жақтан алды ма, белгісіз. Кеудесін ұстаған қалпы жерге құлады. Кенет басын бұрып қараса, анадай жерде Бәтима мен жүргізуші жігіт бұған қарай жүгіріп келеді екен.

— Мақсат…

Әйелінің дауысы ышқынып шықты. Әйелінің ышқынған дауысы мен бетіне тиген алақанды шағылысқан күн көзі қыздырып барады.

Тегтер: