Құлыбаев ханзада Эндрюден 15 млн фунт-стерлингке сарай сатып алған – BBC
BBC Panorama жүргізген журналистік зерттеу Қазақстандағы ең ықпалды олигархтардың бірі – Тимур Құлыбаев пен Ұлыбритания корольдік әулетінің мүшесі, бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбеттен-Виндзор арасындағы даулы мүлік келісіміне қайта назар аудартты.
Зерттеу дерегіне сәйкес, 2007 жылы Құлыбаев Ұлыбританияның Беркшир графтығында орналасқан Sunninghill Park атты зәулім сарайды ханзада Эндрюден 15 миллион фунт стерлингке сатып алған. Бұл сома сол кездегі нарықтық бағадан шамамен 7 миллион фунтқа қымбат, ал бастапқы сұралған бағадан 3 миллион фунтқа жоғары болған.
Коррупциялық күдік қайдан шықты?
BBC мәліметінше, сарайды сатып алуға жұмсалған қаржының бір бөлігі Enviro Pacific Investments компаниясы берген несие арқылы жабылған. Ал Италия прокуратурасы бұл компания парақорлық схемалары арқылы алынған қаражатты пайдаланған деген қорытындыға келген.
Италиялық тергеу материалдарында Enviro Pacific компаниясына ақша Aventall атты құрылым арқылы түскені көрсетіледі. Бұл компанияны италиялық кәсіпкер Агостино Бьянки мен «делдал» ретінде аталған Массимо Гуидотти басқарған. Бьянки сотта Құлыбаев пен басқа да қазақстандық шенеуніктерге мұнай келісімшарттары үшін пара бергенін мойындаған. Алайда Құлыбаевтың өзіне Италияда ресми айып тағылмаған.

Ақша ізі мен «қызыл жалаушалар»
BBC зерттеуінде мәміледе бірқатар күдік тудыратын белгілер болғаны айтылады:
-
Қазақстанда «жүйелі коррупция бар» деген Ұлыбритания үкіметінің ресми мәлімдемелері;
-
Құлыбаевтың сол кезеңде мемлекеттік секторда жоғары лауазым атқаруы және президент Назарбаевтың күйеу баласы болуы;
-
Күрделі офшорлық құрылымдардың қолданылуы;
-
Нарықтан едәуір жоғары баға төленуі;
-
Сатып алушы тұлғаның ұзақ уақыт бойы жария етілмеуі.
Ақшаны жылыстатумен күрес жөніндегі сарапшы Том Китинг бұл мәміле қаржылық тексеруді қажет еткенін атап өтті.
Құлыбаев пен ханзаданың жауабы
Құлыбаевтың адвокаттары BBC-ге берген жауабында: Олигархтың пара алғанын жоққа шығаратынын, Enviro Pacific компаниясын иеленбегенін және бақыламағанын, ал несие нарықтық шарттармен, заңды түрде алынғанын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, Құлыбаев бұл бағаны мүлікті басқа үміткерлерден бұрын алу үшін төлеген және кейін несиені толық қайтарған.
Ал ханзада Эндрю BBC сұрауларына жауап бермеген. Бұған дейін ол бұл мәміле сынға ұшырағанда:
«Маған ақшаның қайдан келгені маңызды емес, ұсыныс болса – қабылдаймын» деп мәлімдеген.

Зерттеу Ұлыбританияда да, Қазақстанда да саяси және құқықтық сұрақтар тудырды. Ұлыбритания парламентіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы өкіл Маргарет Ходж бұл деректерді «жаға ұстатарлық жайт» деп атап, істі жан-жақты тексеруге шақырды.
Айта кетейік, Назарбаев биліктен кеткеннен кейін Қазақстан үкіметі Швейцарияда және өзге елдерде бұрынғы элитамен байланысты активтерге қатысты сот процестерін бастаған. Италиядағы парақорлық ісі де осы кең ауқымды тексерулердің бір бөлігі ретінде аталады.
Ал Құлыбаев адвокаттары оның байлығы бірнеше жыл бойғы заңды бизнес нәтижесі екенін және оған қатысты ешқандай тергеу жүріп жатқан жоқ екенін алға тартады.