Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:30

Құлыбаев өзіне тиесілі мұнай компаниясынан дивиденд алмайтын болды

Құлыбаев
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий нефть» мұнай өндіруші компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейді. 

Бұл шешімді жалғыз акционер – Құлыбаевтың меншігіндегі Joint Resources компаниясы 6 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылдаған.

Компанияның Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланған хабарламасында:

«2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған жыл үшін қоғамның аудиттелген жеке қаржылық есептілігін бекітті. Қарапайым акциялар бойынша дивидендтер бөлінбесін, 2024 жылдың таза кірісі бөлінбеген пайда ретінде қалсын», - деп көрсетілген.

Сондай-ақ жиналыста «Каспий нефть» директорлар кеңесінің төрағасы компания басшылығы мен директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақылары жөнінде ақпарат ұсынды. Алайда бұл деректер көпшілікке жарияланбаған.

Биржа сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, компанияның 2024 жылдың тоғыз айындағы және 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық есебі бар, бірақ бүкіл 2024 жылға арналған аудиттелген есептілік әзірге жоқ.

2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында «Каспий нефть» компаниясының табысы 36,2 млрд теңге болды (2024 жылы осы кезеңде – 41,9 млрд).

  • Мұнай экспортынан түскен табыс – 15,8 млрд теңге (2024 ж. – 23,4 млрд),
  • Ішкі нарықтағы өнім сату – 18,3 млрд теңге (2024 ж. – 14,8 млрд),
  • Мұнай өнімдерін экспорттау – 2,2 млрд теңге (2024 ж. – 3,7 млрд).
    Таза пайда – 8,99 млрд теңге (2024 ж. – 10,09 млрд теңге).

2024 жылдың шілдесінде компанияға Атырау облысының экология департаменті экологиялық рұқсатсыз зиянды заттар шығарғаны үшін 13,68 млрд теңге айыппұл салған. «Каспий нефть» бұл шешімге қарсы сотқа жүгінгенімен, алдымен мамандандырылған сот, кейін облыстық сот шағымды қанағаттандырмады. Компания айыппұлмен келіспей, ары қарай да шағымданатынын мәлімдеді.

2022–2024 жылдары мемлекет тарапынан салынған экологиялық айыппұлдардың жалпы сомасы 14,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы наурыз айының соңында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев хабарлаған.

2024 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында «Каспий нефть» 126,6 млрд теңге табыс тапты (2023 ж. – 136,6 млрд), ал таза пайдасы 21,2 млрд теңге болды (2023 ж. – 33,7 млрд).

  • Жалпы және әкімшілік шығындар 2023 жылғы 2,6 млрд теңгеден 2024 жылы 16,9 млрд теңгеге дейін өсті.
  • Өндіріс шығындары шамамен 42,2 млрд теңге болды (2023 ж. – 41,8 млрд).

2025 жылдың қаңтарында компанияның директорлар кеңесі «ҚазМұнайГаз-Бурение» компаниясымен 1,43 млрд теңгеге бұрғылау жұмыстарына келісімшарт жасасуға шешім шығарды. Бұл жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Еске салайық, Тимур Құлыбаев жұбайы Динара Кулибаевамен (Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы) бірге Forbes рейтингінде Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында. Олардың әрқайсысының байлығы шамамен 5,5 млрд доллар (әлемдік рейтингте 672–673 орын). Тізімді Тимур Турлов (7,3 млрд доллар), Вячеслав Ким (7,1 млрд), Владимир Ким (5,7 млрд), және Булат Өтемұратов (3,7 млрд) жалғастырады.