Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:26

“Құлыбаевқа қастандық жасаған”: Головкиннің бұрынғы жаттықтырушысы 22 жылдан кейін бостандыққа шықты

Головкин
Фото: БАҚ

Бұрынғы боксшы әрі бапкер Серік Қалиев 2004 жылы Асқар Құлыбаевқа жасалған қастандыққа қатысты іс бойынша 22 жыл түрмеде отырып, 6 тамызда бостандыққа шықты. 

Қалиев тағылған айыпты мойындамайды. Қатаң режимдегі Заречный колониясынан шыққан оны туған-туыстары қарсы алып, Алматыға алып кеткен. Адвокаты Айман Омарованың айтуынша, Серік өзін «тозақтан оралғандай» сезініп отыр.

— Серік 22 жыл бойы қапаста болды. Ол осы уақыт ішінде ұлының, кейін немерелерінің қалай өскенін көре алмады. Керісінше, ол өте ауыр азаптарды бастан кешірді. Тіпті, бір сәтте оған мерзімді ұзартып, басқа мекемеге жібермек болды, ол жерден денсаулығына байланысты шықпауы мүмкін еді. Ол гепатит С жұқтырып, бірнеше созылмалы ауруға шалдықты. Сол себепті оны босатуға асықпаған да секілді, - деді Омарова.

Серік Қалиев — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан бокс федерациясы қауымдастығының вице-президенті болған. Республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлер ұйымдастырған, қайырымдылықпен айналысқан. Ол Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Серік Елеуов және Павел Сторожук сынды бокс шеберлерінің жаттықтырушысы болған.

Түрме
Фото: Қалиев отырған түрме

Алайда 2004 жылы мамырда Алматы полициясы оны қаланың орталығындағы жарылыс ұйымдастырды деген күдікпен ұстаған. Жарылыс кезінде жәбірленуші ретінде танылған Асқар Құлыбаев (сол кездегі Бокс федерациясының президенті) көліктің жанына шыққанда, 10 метр жерде бомба жарылған. Жарылғыш зат бейнекассета ретінде жасырылған. Оны оқиға орнына Ақмола облысының 30 жастағы тұрғыны Михаил Нартов әкеліп, өзі жарылыстан қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өлер алдында тапсырыс беруші мен делдалдың есімдерін атаған — Серік Қалиев пен оның жүргізушісі Андрей Песков.

21 мамырда Қалиев пен Песковқа Нартовты өлтірді, Құлыбаевқа қастандық жасады, қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз иемденді, бопсалады деген айыптар тағылды. 2005 жылы Алматы қалалық соты екеуін кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін қорғау тарапы үкімді қайта қаратып, жаза үш жылға қысқарды. Алайда Қалиев өз кінәсін мойындамады.

Адвокатының айтуынша, бұл істің артында оның спорттағы және қоғамдық жетістіктерін көре алмағандар тұрған. Айта кетерлігі, жәбірленуші Құлыбаевтың өзі де Қалиевке шағымы жоқ екенін айтқан.

Серік Қалиев жазасын Степногорск пен Атбасардағы түрмелерде өтеген. Жақында ғана оны Алматы облысына ауыстыруға отбасы қол жеткізген.

Атбасар колониясында Қалиев жұмыс істемеген, бос уақытын қоғамдық істерге арнаған. Алайда түрме әкімшілігі бұған марапат бермеген, тіпті ол бұл үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Ол сол кезде процесті ұтып алғанымен, қалған өтініштері – мерзімінен бұрын босату туралы он шақты өтініші сәтсіз аяқталған.

— Сот оның түзелгеніне дәлел жоқ деп, шартты түрде босатудан үнемі бас тартты. Бұрынғы ескерту тәртіп бұзушылықтарын алға тартты, бірақ олар сол кезде күшін жойған болатын. Жалпы, ол құқықтарын қорғауға тырысқаны үшін жаза алды, - дейді адвокат.

2021 жылы Серік Қалиев түрмеде азаптауға қатысты тергеуде куәгер ретінде жауап бергенімен, шын мәнінде өзі жәбірленуші болған. Ол бұл қысымға төтеп бергенімен, денсаулығынан айырылған.

— Ол үлкен зиян шекті, енді ұзақ ем мен оңалтудан өтуі керек. Егер оның жолы басқа болғанда, ол елімізге әлі де талай олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп берер еді, - деді Айман Омарова.