Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:25, 13 Мамыр 2025

Құлыбаевтан алынған жер телімі үшін Астана бюджеті 800 млн теңге жоғалтуы мүмкін

Құлыбаев пен Базарбек
Фото: zhasalash.kz

Астана қаласы мәслихатының депутаттары “Керуен” СОСО жанындағы сквер орналасқан жер телімі бойынша даулы жағдайды анықтады.

Белгілі болғандай, бұл жер учаскесі аукцион арқылы 176 млн теңгеге сатылған, ал небәрі төрт ай өткен соң, қалалық билік оны қайта сатып алуға шешім қабылдап отыр. Алайда бұл жолы бағасы миллиард теңгеден асып кеткен.

“Керуен сквері” деп аталатын бұл жер телімі елорданың ең қымбат аймағында орналасқан және Астана мәслихатының кезектен тыс сессиясында кенеттен күн тәртібіне шығарылды. Бұл телім кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған. Бұл туралы 2023 жылдың ақпанында сол кезде жер мәселелері бойынша заңгер, қазіргі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында жазған еді.

Базарбектің айтуынша, бұл жер телімінің бастапқы мақсаты — көпфункционалды кешен салу және оны пайдалану болған. Ол кезде депутат жердің саудаға түсіп кетуінен қауіптеніп, бұл аумақта сквер салу қажеттігін көтерген еді.

Алайда жердің тағдыры күрделене түсті: алдымен ол сатылды, кейін мемлекет меншігіне қайтарылды, енді қалалық әкімдік оны қайта сатып алуы тиіс нысандар тізіміне қосып отыр. Бұл сквер — өтемақы төленуі тиіс тоғызыншы жер.

Қалалық бюджеттен миллиард теңге бөлініп кетсе, одан кім ұтады, кім жауап береді?
Мәслихат депутаттары бұл келісім-шарттағы заңдылық пен тиімділікті қайта қарау қажеттігін айтып жатыр.