Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:53

Құлыбаевтың компаниясы Алматы тауларынан тағы да жер алды ма?

Құлыбаев
Фото: zhasalash.kz

Тимур Құлыбаев Алматы тауларында курорт салуға кіріседі.

Алматы облысының Туризм басқармасы «Ақбұлақ» тау-шаңғы курортын жаңғыртуға бағытталған жоба бойынша екі компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның бірі – вьетнамдық Crystal Bay туроператоры болса, екіншісі – миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» ЖШС.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, меморандум Алматы таулы кластерін дамыту шеңберінде жасалған. Жобада курортты қайта жаңғырту, гольф-клуб салу және қонақүй кешенін кеңейту қарастырылған. Жоспарланған инвестиция көлемі – 233 миллиард теңге, нәтижесінде 700 жұмыс орны ашылады. Қазір мастер-жоспар әзірленіп жатыр, топографиялық түсірілім аяқталған.

Сонымен қатар әкімдік Oi-Qaragai курортын 83,2 миллиард теңге көлеміндегі жекеменшік инвестиция арқылы он есе ұлғайтуды көздеп отыр. Алайда бұл жобада «Кипрос» компаниясы инвестор ретінде көрсетілмеген. Бұдан бөлек, Түрген және Қаскелең шатқалдарын туристік тұрғыда дамыту үшін 70 миллион теңге бөлінген.

«Кипрос» ЖШС – толықтай Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Ол – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы әрі Forbes тізіміндегі ең бай кәсіпкерлердің бірі. Қазіргі таңда оның байлығы 5,3 миллиард доллар деп бағаланады.

«Кипрос» бұған дейін жер телімдерін иемденуге қатысты бірқатар даулы жағдайлармен аты шыққан. 2024 жылы Алматыдағы ҚазҰУ аумағындағы жер телімі компаниядан алынды. Ал 2025 жылы Ақмола облысының курорттық аймағында кадастрлық құны 53,4 млн теңге болатын үш гектар жер тартып алынды. Бұл аумақ он жылдан астам пайдаланылмаған.

Ал Crystal Bay Group – Вьетнамдағы ірі туризм компанияларының бірі. Оның Қазақстанда өкілдігі бар және негізінен қазақстандық туристермен жұмыс істеуге маманданған. Компанияның ресми сайты тек вьетнам және орыс тілдерінде қолжетімді. Көптеген халықаралық ұйымдар үшін басты тіл саналатын ағылшын нұсқасы мүлде ашылмайды.