"Күлкіге қалады": саясаттанушы министр Нағаспаевты сынға алды

Саясаттанушы Марат Шибұтов өнеркәсіп және құрылыс министрі Нағаспаевтың айтқан пікіріне назар аударып, оның сөздерін сын тезіне алды.
Ол министрдің кейбір мәлімдемелерін орынсыз және кәсіби тұрғыдан негізсіз деп бағалады.
Марат Шибұтов 27 мамырда өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың бірқатар мәлімдемесіне тоқталып, олардың ақиқатқа сай келмейтінін атап өтті. Министрдің айтуынша, енді министрлік құрылыс жоспарларын келісудің соңғы кезеңіне қатысатын болады, бұл негізсіз өзгерістерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол құрылыстың ерекше бақылауда болатынын, ал жоспарлардағы өзгерістер әкімдіктермен бірлесіп тексерілетінін мәлімдеген.
Алайда Шибұтов бұл уәделердің жүзеге асырылуына күмән келтіріп, олардың нақты тетіктері мен орындалу жолдары белгісіз екенін сынға алды.
Ол Нағаспаевтың айтқандарын 2020 жылы бекітілген "Елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және құрылыс жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларымен" салыстырып, аталған ережелерде министрліктің бұл процестерге қатысатыны туралы ешқандай норма жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол қазіргі уақытқа дейін бұл қағидаларға ешқандай өзгеріс енгізілмегенін де нақты дәлелдеді.
– Министрді баспасөз конференциясына дайындау керек. 2020 жылғы қағидаларды ашып қарайық – министрлік туралы ештеңе жоқ, ешқандай толықтыру енгізілмеген. Министрді алдын ала дайындап, кеңес беріп отыру керек. Әйтпесе осылай сөйлеп, мамандар арасында күлкіге қалады, - деп жазды Марат Шибұтов.
Шибұтовтың айтуынша, нақты заңнамалық өзгеріс жасалмайынша, мұндай мәлімдемелер тек құр уәде болып қала береді.