Құлмамбеттен қалған құлынмын

Өткен ғасырдың соңын ала қазақ айтысына бір шоғыр жас таланттар келіп қосылды. Солардың арасында домбырасын тасқа жаныған алдаспандай қағып-қағып, бебеулетіп алып, қоңыр мақамға салып желдіртіп жөнелетін қарға бойлы қаңғалақтай жігіт жұрт назарын бірден аударды.
Сахнада алшайып тік отыратын, сәлемдесуімен-ақ қара өлеңді жусандай бұрқыратып, жылқыдай шұрқыратып, көрерменнің айызын қандыратын. Сосын қасын сәл көтеріп, жылы жымиып, әріптесіне бұрылатын, мұндайда қияқ мұртына күлкі үйіріле қалатын. Ары қарай әріптесі кім болса да қазақы қалжыңмен қағытып ала жөнелетін. Көрерменнен қиқу, айғай естісе делебесі қозып, арқаланып кететін, кұлашын кең жазып, көсіліп шабатын. Бейне бір ескі жырда айтылатын «бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын» Тайбурылдың шабысы дерсіз. Ондайда қаңғалақтай денесі зорайып кеткендей көрінетін көзге. Арқаланып алса ешкімге дес бермейтін. Содан да ғой, бір күнде бес ақынмен «сөз барымтасына» түскені. Ол – Оразалы Досбосынов еді.
Сөйткен «Құлманбеттің құлыны» құлдыраңдай шауып, өмірден өтті. Тіршіліктің небәрі 29 көктемін көріп үлгерді. Жүректе өшпейтін зерлі сөзі, құлақта қоңыр үні, көз алдымызда жымиған жылы жүзі қалды.
Міне, содан бері де абың-күбің тіршілікпен Оразалысыз 21 жыл өте шығыпты. Тірі болса 50 жасқа толар еді. Қырандай қанатын қомдап, зар бабына келгенде оқыстан қиылған жас ғұмырды ойласаң, өзегіңді өрт шалады. Мұндайда өзіңді ақынның отты жырларымен жұбатасың, көңіліңді сонымен алдарқатасың...
Біз бүгін айтыстағы Оразалы феномені неде, ақынның айтысқа әкелген жаңалығы қандай деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Ары қарай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Самал Дәрібайұлы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын, оразалытанушы Смағұл Жұмаділұлы ой тарқатты.

Самал ДӘРІБАЙҰЛЫ: Қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі ашық көтерді
Қазақ халқының дүниетанымы мен рухани құндылықтарын айшықтайтын ерекше жанрдың бірі – айтыс өнері. Әдебиет тарихындағы Шөже, Кемпірбай, Түбек, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, т.б. айтыстары бұл өнерді жаңа деңгейге көтерді. Осы дәстүрдің жібі бүгінге дейін үзілген жоқ. Тәуелсіздік кезеңінде айтыс қайта түлеп, халық санасында ұлттық иммунитетті жаңғыртудың қуатты құралына айналды. Сол жылдары айтыс сахнасына көтерілген жас ақындар бүгінде ел ықыласына бөленіп, танымал айтыскерлер атанды. Осы толқынның ішінде айрықша танылған ақындардың бірі Оразалы Досбосынов болатын. Қысқа ғұмырына қарамастан, ол қазақ айтысы тарихында айрықша із қалдырды.
«Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған.
Көдектен қалған бір ұлмын,
Қызай мен Қытай арасы,
Жырларын жата жастаған.
Құлмамбеттен қалған құлынмын,
Халықтың өзі баптаған», –
деп толғаған Оразалы Досбосынов шығармашылығында дәстүр жалғастығы айқын көрінді.
«Оразалы Досбосынов феномені неде» деген сұраққа алдымен оның қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі ашық көтеруі деп жауап беруге болады. Бұл – айтыс өнерінің ең негізгі сипаты, оны мықты ақын ғана өз сөзінде көрсете алады. Рас, сөз сайысында айтыскерлердің суырыпсалмалық шеберлігі, өлең өрнегі деңгейлес болуы мүмкін. Алайда ақиқатты ту етіп көтерген, әділдікті арқау еткен ақынның сөзі ғана халық жадында сақталып, уақыт сынынан өтеді. Оразалы Досбосынов қай айтысқа шықса да, қай қарсыласымен сөз қағыстырса да осы принциптен еш айныған жоқ. Әбілқайыр Сыздықовпен айтысындағы ақын аузынан шыққан мына сөздер сол уақыттағы қоғам диагнозын дәл қойған жолдар:
«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Мұсылмандарға мұң артып,
Күміс сақал абызды,
Әруақтай қуартып,
Бала емізер ана жүр,
Тарқамай жатып уызы,
Ақ емшегін суалтып,
Базарларда жүк артып...»
Шын мәнінде, бұл оның поэзиясындағы ғана емес, азаматтық кредосындағы, тіпті тұтас болмысындағы айрықша сипат еді. Сондықтан да ол айтыстағы шыншылдығымен, ақиқатты айна қатесіз жеткізе білгендігімен халықтың ерекше ықыласына бөленді.
Оразалы Досбосынов айтыстарында назар аударатын басты қырлардың бірі – ойының логикалық жүйелілігі. Оның сөз саптауынан ой ұшқырлығы, дәлдігі анық көрінеді. Бүгінгі айтысты сахнадан немесе теледидардан тамашалаған тыңдарман үшін кей сәттерде ақындардың оралымды ойларын толық қорытып үлгеру қиын болуы мүмкін. Алайда сол айтыстардың мәтіндерін кітап беттерінен қайта оқығанда, Оразалының халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін терең меңгергені, қоғамдық құбылыстарға әділ бағасын бере білгені айқын аңғарылады. Оның қарсыласына берген жауаптары әрдайым қисынды, өткір уәжбен өрілді. Сондықтан Оразалы айтыстарынан тек сөз жарысын емес, нағыз ой жарысын көруге болады. Бұл оның айтыстағы даралығын айқындаған тағы бір ерекшелік дер едім.
Оразалы Досбосынов феноменін айқындайтын маңызды қырдың бірі – оның айтыстағы тілінің көркемдік қуаты. Ақын шығармашылығында шешендік дәстүр мен эпикалық сарын бір арнада тоғысып, тыңдаушыға әсерлі ырғақ пен қуатты өрнек түзді. Оның сөз саптауында метафора, символ, теңеу, эпитет секілді бейнелеу құралдары молынан қолданылады. Бұл тәсілдер Оразалының айтыстарында сыртқы көркемдікті арттыру үшін ғана емес, терең мазмұнды ашу, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеру және ұлттық идеяларды жеткізу қызметін атқарды. Ақын қолданған образдар халықтық дүниетанымнан нәр алып, ұлттық ойлау жүйесінің көркемдік қырын паш етті. Осы арқылы ол халық жадындағы көне сөздерді жаңғыртып, жаңа буынға жеткізді. Оның жырларынан жыраулар поэзиясының үні мен шешен билер дәстүрінің сарыны айқын сезіледі. Оразалы Досбосынов халық санасында ұлттық кодты жаңғыртқан ірі айтыскер ретінде қалды.
Оразалы феноменін даралай түсетін тағы бір ерекшелік – Жетісу өңіріндегі ақындық мектепті, орындаушылық дәстүрді айтыс табиғатында көрсету қабілеті. Бұл – айрықша назар аударарлық мәселе. Көп жағдайда айтыс ақындарының сөз саптауы мен суырыпсалмалық шеберлігі жоғары болғанымен, әуен-саздық өрнегі бірсарынды болып жатады. Ал Оразалы Досбосыновтың ақындық болмысы мұнымен шектелмей, оның өнерінде өзі рухани нәр алған Жетісу мектебінің ерекшеліктері айқын көрінді. Ол Қаблиса, Сүйінбай, Жамбыл секілді тұлғалар қалыптастырған дәстүрді жалғастырып қана қойған жоқ, айтыстағы орындаушылық мәнерін жаңа биікке көтерді. Осы арқылы Оразалы Досбосынов айтыс өнерінде тек сөз қуатын ғана емес, дәстүр сабақтастығын, өңірлік мектептің көркемдік-эстетикалық қырын да паш ете білді.
Әрине, бұл пікіріміз ақынның бар болмысын түгел ашып бере алмасы анық. Оның шығармашылық табиғатын толықтай сараптау үшін арнайы зерттеу еңбектері мен кешенді ғылыми талдаулар қажет. Оразалы Досбосынов – айтыс өнерінің өрісін кеңейткен, жаңа белеске көтерген қайталанбас тұлға.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Көзімізден жас аққанша күлдіретін
Ен алғаш Оразалыны 1993 жылы айтыс сахнасында көрдім. Ол уақытта ҚазҰУ-дың 1-курс студенті едім. Ұмытпасам, көктемде болуы керек, Алматы каласында республикалық айтыс өтті. Ол кезде Нарынқолдан келген мектеп оқушысы Оразалының есімі айтыс сүйер қауымға әлі таныс емес болатын. Сол жолы Абаш Кәкенов бастаған бірнеше акынмен керемет айтыстар жасады. Ораз күзде казіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне окуға түсті. Сөз саптауы бөлек, өзі әнші, өзі туабітті актер, кара тілдің шешені қаршығадай қара баланың сыртынан сүйсініп жүрдік. Кейін жас ақындардың бір кездесуінде танысудың сәті түсті. Оразалы танысқан адамына бірден ақтарылып сөйлей бермейтін. Ал бір шешілсе, шежіре шешендерше көсіліп кететінін көзіміз көрді. Күлдіргі әңгімелерді өте көп білетін жігіт еді. Және соны өзі нақышына келтіріп айтқанда көзімізден жас аққанша күлдіретін. 1999 жылы Оралхан Бөкеевке арналған айтысқа қатысу үшін Өскеменге бардық. Қонақүйде Дәулеткерей Кәпұлы екеуміз бір бөлмеге, ал Оразалы көрші нөмірге орналасты. Кеш бата біздің бөлмеге келген ол жұртты жинап алып, небір күлдіргі әңгімелерді айтты. Бұрынғы ақындардың қызықты айтыстарын, өзі ойдан шығарған интермедияларды домбыраға қосып орындағанда айызыңды қандыратын. Содан кешкі бес-алтыларда басталған отырыс біразға созылды-ау деймін. Бір шаруаларыммен қалаға шығып кетіп, түнгі екі-үштерде қайтып келсем, Ораз ортада әлі жырлап отыр. Бәрі қыран-топан күлкіге көмілген.
Оразалы Досбосынов – эпик ақын. Сахнада отырып, елдің басына түскен маңызды мәселелерді табан астында тауып айтатын. Суырып салып, нақышына келтіріп жырлайтын. Ғажап, білімі кемел, талантты ақын болды. Жасы отызға жетпесе де, абыз ақсақалдар сияқты сөйлеп, аузын толтырып айтатын. Айыр көмей, қылыш тілді айтыстың үлкен өкілі болды. Оразалының айтыстарын ел, жалпы жұртшылық әлі сағынады, ыстық ықыласпен еске алады. Оразалымен айтысқан ақындардың өзі ақынның айтысын сағынады. Егер қазір ортамызда болса, айтыс сахнасының төріндегі күллі қазақ ерекше құрметтейтін ірі тұлғаға айналар еді. Жас кезінің өзінде-ақ талантымен халықты мойындатып үлгергенін білеміз, әбден кемелденген, толысатын шағында өмірден өтіп кетті. Менің ойымша, Ораздың айтқанынан айта алмағаны көп. Көп нәрсе ішінде кетті. Жетпеген армандары да көп еді. Бірақ отызға жетпей өмірден өтсе де, өзінің бар мүмкіндігін, қабілетін көрсете алған сияқты. Бұл – барлық ақынға бұйыра бермейтін бақ. Кей ақындардың тынысы отыздан кейін ашылып жатады, ал кейбірі қырыққа жақындағанда ғана жақсы айтысып жатады. Көп ақын елу-алпысында жете алмайтын биігін Оразалы отызға толмай еңсерді. Сондықтан нағыз халық ақыны, халық өнерінің өкілі деп айтуға толық негіз бар. Қазақ айтысының алтын дәуірінің алтын домбыралы, күміс көмейлі, «орақ тілді» ақыны.
Смағұл ЖҰМАДІЛҰЛЫ: Жеңіп тұрып, жеңілген жері көп болған
Оразалының қазақ айтысына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ең әуелі, халық Оразды қазақтың байырғы сөздерін қайтадан тірілткен, жыраулар поэзиясын жаңғыртқан ақын деп қабылдайды. Оразалының айтысқан кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы кезімен тұспа-тұс келді. Ақын халықтың басындағы мәселені, ауыл-елдің тұрмыс-тіршілігін бүкпесіз жырлап, тіліне тиек етті. Сол себепті де халық Оразалыны ыстық ықыласпен қабылдап, ерекше құрмет тұтты. Жай жырлап қана қойған жоқ, баяғы қазақтың көне сөздерімен бейнелеп жеткізгені үшін халық Оразды ұйып тыңдайтын. Мысалы, ақынның:
«Көлкіген қара мұнайдан,
Көмбеге нанды пісірер
Көк сиырдың көңі артық», –
деген жыр жолдары күллі елдің есінде. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайларды дәл ауыл өмірімен салыстыра жырлап, халыққа жеткізуде Оразалыға жететін ақын айтыста кемде-кем. Осы сынды мысалдарды Ораздың жырынан санамалар болсаң, таңды таңға жалғауға болады. Не айтса да, жай, қарабайыр сөздермен емес, қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігіне қатысты оралымды сөз, мақал-мәтелдермен, теңеу сөздермен өрнектеп, халыққа жеткізе білген. Оразалының бір айтыста айтқан мынандай сөзі бар:
«Ауыл да, ауыл, ауыл деп,
Сарнаған сөзі аткөпір
Оңалып жатқан ауыл жоқ.
Министрлер мінберде
Сөйлеген кезде қарын тоқ,
Үзеңгі баулы он қабат
Олардан асқан Тәңір жоқ.
Жаба тоқып халық жүр
Жабағысына дейін жауыр боп», – дейді. Биліктегі шенеуніктердің өмірі мен ауыл халқының өмірін салыстырған кезде қандай оралымды өрнектерге кеп жүгінетінін көріңізші. «Жаба тоқып халық жүр, жабағысына дейін жауыр боп» деген сөзді ол кездегі қазақ жақсы түсіне білді. Байырғы қазақ жабағыны мінбейтін. Халықтың жоқшылықтан, тұрмыстың ауырлығынан қиналғаны сонша, жабағысы да жауыр боп кеткенін айтады. Солай бола тұра, айтыскер ақындардың ішінде неше түрлі қиянат көріп, талай әділетсіздікті көтергені де Оразалы еді. Мысал үшін, 2001 жылы өткен жекпе-жек айтыстың финалын айтуға болады. Алайда Оразалы жүлдені көздемеді, десе де қазылардан көрген қиянаты, жеңіп тұрған жерінде жеңілген жері көп болған.
Оразалыны қалың көпшілік айтыскер ақын деп таныса, шын мәнінде оның әлі де ашылмаған, зерттелмеген тұсы көп-ақ. Ең әуелі, Ораздың әншілік қырын айтайық. Бүгінде Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Сары бидай» деген халық әні бар. Соның алғашқы орындаушыларының бірі Оразалы деседі. Рамазан, Тілеулес Құрманғалиев ағалар естіп, күні бүгінге дейін сол Ораздың айтуымен орындап келеді. Бұдан бөлек, Ораздың театр өнеріне де қосқан өз үлесі бар. Кезінде «Терісқақпай» театры қойған «Мен келген оралманмын Моңғолиядан» деген ел есінде сақталған қойылымның негізгі сценарийін Ораз жазған. Ал Ораздың тағы бір мықты қырын ашайын. Оразалы бір сұхбатында: «1994 жылы Ораз қырғыз ақыны Туғанбай Әбдиевті тас-талқан етіп жеңіп, сол кездегі айтыстың ең мықты ақыны Абаш Кәкеновпен иық тірестірдім», – дейтіні бар. Ал осы Туғанбай Әбдиевті қалай жеңді десек, Ораз қырғыз халқының салты мен дәстүрін түгел білген. Бір-біріне жақын жатқан бауырлас халық қой, қырғыз халқының күллі болмысынан, тарихы мен салт-санасынан хабардар болған, тіпті керек десең, қырғызша да айтып бере алады екен. Бұл сөзімізге жақсы мысал келтіре де аламын. Махамбеттің 200 жылдығына арналған айтыста Оразалы ағамыз қырғыздың Жеңішбек, Елмербек деген екі ақынымен айтысады. Бұл айтыста Елмербекті жеңген себебі – екеуара айтыста қырғыздың «Манас» дастаны туралы әңгіме болады. Елмербек «қырғыздың Манасы бар» деп мақтанып отырғанда, Ораз «Манастың бүгінге жетуі туралы, оның хатқа түсуі туралы білесің бе» деп сұрайды. Совет өкіметі соқыр саясатымен «Манас» дастанын байларды жақтайтын дастан деп сызып тастамақшы болды ғой. Сол кезде Әуезов бабамыз араласып, Манасты алып қалған. Шоқанның «Манасты» жазып алатыны – өз алдына бөлек әңгіме. Бұны қырғыздар да мойындайды. Оразалы сол айтыстың екінші күні Жеңішбекпен шығады. Онда Жеңішбекке былай дейді:
«Айналайын Жеңішбек,
Сендер де бір елсіңдер,
Сендер де бір белсіңдер.
Салттарың да бір қызық,
Қойдың басы тұрғанда,
Құйымшағын жейсіңдер?», – дейді. Оразалы осы айтысында қырғызды жеңгені айқын көрініп тұр. Әсіресе оның қырғызды жеңу себебі – оның халық дәстүрін терең меңгергені. «Қойдың басы тұрғанда, Құйымшағын жейсіңдер» деуі – қырғыздың да салт-дәстүрін, тарихын жете білгені. «Қырғыз ақындардың киллері» аталған себебі – сол. Міне, Оразалының ашылмаған қырлары көп. Оразалының негізгі ұстазы – халық. Бір ауылға бара қалса, сол жердегі шежіреші шалдардың жанында жамбастап, күні-түні сөзін тыңдаған, тәлімін үйренген. Ал айтыстағы ұстазы Қарасаз өңірінде дүниеге келген Хасен Саматыров деген ақын деседі. Әуен түрлендіру, әуеннен әуенге ауысып кетуді сол кісіден үйренген екен.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ