Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Құлсарыда оқушы мектепте балтамен шабуыл жасаған

мектеп
Фото: moscowchanges

Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы сыныптастарымен болған жанжалдан кейін мектеп ішінде балтамен жүгіріп, өзге оқушыларға шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан екі жасөспірім жеңіл дене жарақатын алған.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 5 ақпан күні «102» арнасына мектеп оқушысының сыныптастарына шабуыл жасап, кейін оқу орны аумағынан қашып кеткені туралы хабар түскен.

Әлеуметтік желілерде тараған видеодан балта ұстаған жасөспірімнің өзге оқушыларды қуалап жүргені анық көрінеді.

Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алып, медициналық көмек көрсетілген. Хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері жедел жетіп, күдіктіні анықтап, ұстады.

Қақтығысқа қатысқан барлық оқушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне алынды.

Іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды.

Сондай-ақ полиция ата-аналарға қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғады.