Құмар Ақсақалов. «KUMAR»
Білесіз, қазақта «Құмар» есімді кісі сирек, ал шенеуніктер арасында – жалғыз. Есесіне, Үндістанда екінің бірі Kumar болуға құштар. Неге? Себебі сол, хинди тіліндегі бұл сөздің бір мағынасы «ұл» болса, енді бір мағынасы – «ханзада».
Сондықтан Үндістанда «азан шақырып» қойған аты басқа болса да, Kumar-ға «жабысып» жүретіндер жетіп артылады. Мысалы, әлемге әйгілі актер Akshay Kumar-дың шын есімі – Раджив Хари Ом Бхатия. Салыстырудың мәні мынада: Құмар Ақсақаловтың қайсыбір қылықтары үнді актерлерінің шеберлігін «ауызға ұрып» жіберетіндей көрінеді...
Ұсталған орынбасар, құпия дәретхана
Жуырда ғана Қостанайда үнді киносындағыдай оқиға болды. Құмар Ақсақаловтың орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстады. Ұстағанда, алдымен тергеуге шақырып, біраз «әңгімелесіп» алған соң, изоляторға кіргізіп жіберген сияқты. Түсінетін шығарсыз, орынбасарының ұсталуы әкім үшін жақсы емес. Дегенмен оқиғаға қатысты сауал туғанда, Ақсақалов жақсылап жауап берді: «Мұсағазина 11 ақпанда жазған өтініші негізінде қызметінен босатылған», – деді. Ал 11 ақпан – орынбасарының ұсталған күні. Сонда Мұсағазина тергеуге барардан бұрын әкімнің алдына бір жапырақ қағаз қалдырған ба, әлде әкім орынбасарына «тергеуге бармай тұрып арызыңды жазып кет» деп ескерткен бе? Мұның анық-қанығын әкім мен орынбасарының өздері білер, біздің айтпағымыз басқа мәселе.
Шындығына келсек, Мұсағазинаның Қостанайды шулатып келе жатқанына тура бір жыл болды. 2025 жылдың ақпан айында журналистер Мұсағазинаның кабинетіне кіруге талпынып, әкімдікке қайта-қайта жүгінген. Неге? Өйткені «Наша газета» басылымына «әкімнің орынбасары заң нормаларын бұза отырып, кабинетіне жөндеу жүргізген» деген ақпарат түседі. Ондағы дерекке қарағанда, кабинетке жеке дәретхана орнату үшін өз алдына бөлек кәріз торабын тартуға тура келген. Басылым тілшілері әкімдікке сұрау салады. Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев былай деп жауап береді: «Мұсағазинаның кабинетінде тек қабырғаларбоялған. Бұған Гүлбарам Ғизатқызы өзі қаражат жұмсады. Оған қанша ақша кеткені аппаратқа белгісіз, бірақ жүргізілген сырлау жұмыстары бөлменің бірыңғай стилін бұзбайды».
Стилін бұзбаса, оны көрсете салғанда тұрған не бар? Журналистердің қызығушылығы күшейгенде, аппарат басшысы құпия қаулыға сілтеп, шенеуніктің кабинетіне кіруге рұқсат бермеген. Оның себебін әріптестеріміз өздерінше топшылайды. Себебі әлгі бір ақпарда, Мұсағазина дәретхана қойған жерде кәріз құбыры болмағаны, құбыр ғимараттың басқа жағында орналасқаны, сондықтан 7-қабаттан 6-қабатқа құлдилайтын «қоймалжың сұйықтық» үшін жеке-дара кәріз құбыры тартылып, ол 619-кабинет арқылы түсірілгені жазылған екен. Яғни әкімнің орынбасары өз дәретханасы үшін әкімдіктің қабырғасын тескілеп, кәріз жүйесіне өз білгенінше «түзетулер» енгізген.
Енді осыны әкімнің естімеуі мүмкін бе? Саңырау болмаса, дыр-дыр етіп, жүйкеге тиетін электробұрғының дауысы кез келген кісіні селт еткізуі керек қой. Тіпті Мұсағазинаның кәрізі түнде тартылды дегеннің өзінде, ел шулап жатқан ақпарат әкімнің құлағына қалай жетпеген? Егер сол тұста «бәле іздеген» журналистердің басын қосып, «Гүлбарамның туалеті – міне, менікі – анау» деп қос кабинетті тегіс аралатып шықса, қазір Ақсақаловқа біреу бірдеңе дей алар ма еді?
Екіншіден, неге әкімнің жаңа орынбасары жұмысын кабинетін сәндеуден бастауы керек? «Айналайын, бұл жерде саған дейін де адамдар отырған, сенде отырасың, отырғың келмесе, арызыңды әкел!» деп унитазын қолына көтертіп жіберсе, Гүлбарам бүгінгідей бәлеге шатылар ма еді? Міне, осыны ескергендер «дәретхана таңдағыш Мұсағазина ұсталғанымен, әкімдікте әлі де «иіс» қалды» деп жатыр. Мұны енді қай мағынада түсінсеңіз де, өзіңіз білесіз.
«Әдрісін айтпайтын әкім»
Akshay Kumar – Болливуд жұлдыздарының ішінде танымалдығы мен табысы бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Кірісі жылына – 30 млн доллар. Бірақ бұған қарап, қазақтың Құмары осал екен деуге болмайды. 2024 жылы Toppress.kz басылымы түзген өңір әкімдерінің рейтингінде Қостанай басшысы 9-орыннан көрінген. Бас-аяғы 10-15 әкімнің ішінде топ-ондықта жүру де жаман емес шығар. Енді мынаған назар аударыңыз, Akshay Kumar ақшасы көп болғаннан кейін, терезесі теңізге қараған қымбат виллада тұрады. Ал Құмар Ақсақаловтың қайда тұратынын ешкім білмейді.
Негізі, «Ақсақалов қайда тұрады?» деген әңгіме Мұсағазинаның «дәретханасынан» бұрын басталған. Оған «ашық ауыз» Архимед Мұхамбетов себепкер болды деп ойлаймыз. Өйткені Ақсақаловқа дейін өңірді басқарған әкім аумағы 21 гектар резиденцияда тұратынын мойындап қойған. 13 нысаны бар кішігірім қалашықты ұстап тұру үшін бюджеттен жылына 50 млн теңге бөлінеді екен. «Әкімге резиденцияның не керегі бар? Бұл нысан сатыла ма?» деген сауал қойылғанда, Мұхамбетов: Резиденция осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Ол жерде маған дейін әкімдер, обком хатшылары тұрды. Еш уақытта осы мәселе көтерілмеді. Мен 13 нысанның бірінде тұрып жатырмын. Сол үй үшін ай сайын белгілі бір сомада төлемақы төлеймін. Сату туралы шешімді мен қабылдай алмаймын, ол мемлекет балансында», – деген еді.
Аймаққа Ақсақалов келгеннен кейін «Наша газета» басылымы жаңа әкімнің соңына түсіп, осы мәселені қайта қозғаған. Бірақ қанша «соңына түссе» де, кейіпкеріміздің қайда тұратыны бәрібір жұмбақ болып қалды. «Қызметтік пәтерде тұрасыз ба, әлде жеке үйде тұрасыз ба?» деген сауалды әкім үнемі жауапсыз қалдыратын. Дегенмен интернеттегі мәліметтерге қарағанда, 20 гектар аумақты алып жатқан резиденция қазір психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған оңалту орталығына айналыпты. Ашылуына Ақсақаловтың өзі барғанға ұқсайды. Бірақ кейбір деректерде, оңалту орталығына 7 нысан берілгені айтылады. Сонда «6 нысан ше?» деген сауал туатыны рас. Егер Ақсақалов «Мен мұнда тұрып жатырмын» деп не пәтерін, не үйін көрсете салса, ешкім есігін қағып, нан сұрамайтыны анық. Өйтпегеннен кейін, «резиденцияның бір бұрышында Ақсақалов шалқайып жата ма екен» деген күдік көпшіліктің көкейінде қалып қойған.
Осыны кейіпкеріміздің өзі де сезді ме, қайталанып қойылатын кезекті сауалға күні кеше былай деп жауап берді: Мен қалада тұрамын, көп қабатты үйдің бірінші қабатында. Ол жерде күзет деген атымен жоқ... Көршім – аула сыпырушы әйел. Күн сайын таңертең жұмысқа шыққанымда, қар күреп, аула сыпырып жүреді. Өзі бір сондай жағымды, сүйкімді әйел...».
Ақсақаловтың бұл жауабы Akshay Kumarойнайтын фильмдердің ерекшелеу эпизодтарына ұқсап кетті. Үндістанның шенділері аула сыпырушымен көрші тұрмаса, Қазақстаннан ондай қарапайым шендіні көрген емеспіз. Облыс тұрмақ, ауданның өзінде полицияның бастығы, соттың төрағасы, бас дәрігер, жас әкім секілді басшы-қосшылар қоңсыласып жататынын білесіз. Оның үстіне, өзіне дейінгі әкімдердің бәрі жайлаған резиденциядан аула сыпырушы әйелдің қасына бір-ақ түсуі кейіпкеріміздің әкімдік тұлғасына лайықсыздау көрінеді.
Дегенмен кім біледі, кейіпкеріміздің сөзі рас болса, рас та шығар. Мұның бір жақсы жері, енді әкімнің тұрағын анықтау оңай. Журналистер жаңағы сүйкімді келіншекті тауып алса болды ғой, ар жағынан Ақсақалов өзі де «ассалаумағалейкум» деп шыға келуі мүмкін...
Тоқаевтың сыны, Путиннің мақтауы
Күн жылынса, Құмар Ақсақаловтың құлағы шуылдайды. Себебін сезіп тұрған шығарсыз, көктем шыққанда теріскейдің сірескен қары жылбырап ериді. Баяғыда кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстан облысын басқарып тұрғанда, еріген қар елдің есін алып, үдере көшкен жұрттың «жүгін тиесуге» әкімнің өзі көмектескен. Сондағы суреттерді көрген жұрт «Ақсақалов ақылды кісі екен» деп разы болысқан. Бірақ сол 2017 жылғы тасқын үшін кейіпкерімізді айыптаудың керегі жоқ. Өйткені бұл кісі ол кезде әкімдікке жаңа келген еді.
Алайда Ақсақаловты ақылды дегендер кейін сондағы сөздерін «қайтып алған» сияқты. Себебі 2024 жылғы қарғын су Қостанай жұртының да мазасын қашырды. Үкімет басшысы қыс бойы қауіпті ескертіп, қайта-қайта «қақсаса» да құлағына ілмеген әкімдер кейін президенттің алдында сүмірейіп тұрды. Қатаң ескерту алғандардың қатарында біздің Ақсақалов та бар.
Бұрынғыны бұрынғы дей салайық, қазіргі жағдай қандай? Әкімнің инстаграмм желісіндегі есеп-қисабына қарағанда дайындық күшті секілді. Қостанай әкімдігі су тасқыны қаупі бар аймақтар үшін 1 млрд теңгеге 50 техника сатып алыпты. Қарасу ауданында су бұру арнасы салыныпты, Тобыл өзенінде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліпті, тасқын кеп қалса, мұзды жарып жіберетін орындар белгіленіпті...
Қызығы, әкімнің осы жазбасы былай басталады: «Бүгін әкімдіктің отырысында биылғы су тасқынына қарсы жұмыстар қаралды. Халықты су басу қаупінен сақтау Мемлекет басшысының назарында».
Неге мемлекет басшысының назарында? Неге президент тағайындаған облыс әкімінің назарында емес? Егер ертең су тасқыны болса, оған президент дұрыс назар аудармаған болып шыға ма, сонда? Байқадыңыз ба, кейіпкеріміздің кейбір сөздері қыңыр кісінің қитыққанындай әсер қалдырады.
Енді осыған тағы бір мысал келтірейік. 2023 жылы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің жұмысын сынға алып, қала мен халықтың тіршілігін көзбен көру үшін көшені жаяу аралау қажеттігін айтқан. Ал Ақсақалов не деді? Былай деді: Аудандарға қалай барамыз, көлік болмаса? Облыста 517 елдімекен бар. Жаяу жүрсек, халықпен қалай кездесеміз? Көліксіз жұмыс істей алмаймыз. Бұл жөнінде бір шешім қабылдау керек».
Ең жеңіл айтсақ, кейіпкеріміз президенттің тапсырмасын тентек баладай тетір түсінеді. Әйтпесе, мемлекет басшысы оған «Қостанай мен Қамыстының арасына жаяу бар» деген жоқ қой. Кабинеттен шық, көліктен түс, көше арала, халықпен жүздес деді. Ал Ақсақаловтың айтып тұрғаны – анау. Міне, Қостанай басшысының осындай қылықтарын ескергендер, оны «Путиннің мақтауына мастанып жүр» деп есептейді. Бұл не сөз?
Сонау 2017 жылы кейіпкеріміз Назарбаевпен бірге Ресейге барған. Челябинскіде өткен Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумына екі елдің «игі жақсылары» жиналған. Сол кезде өзгені кекетіп-мұқатуға әуес Путин кейіпкерімізге ерекше сөз беріп: «А теперь хочу передать слово, видимо, мудрейшему изруководителей регионов Казахстана – акиму Северо-Казахстанской области пофамилии Аксакалов. Кумар Иргибаевич, пожалуйста», – деген.
«Спасибо большое», – деп еді Ақсақалов сонда. Осы жайтты білетіндер «шенеунік Путиннің «мақтауын» шын көріп қалған-ау» деп топшылайды. Оның анық-қанығын кім білген, бірақ Ақсақаловтың солтүстіктегі көршіге «бір иығын беріп» тұрғандай әсер қалдыратыны рас.
Назарбаевтың әзілі, Ақсақаловтың қулығы
Назарбаевтың да шығармайтыны жоқ қой, баяғыда Өскеменге барып, «Нұрлы жол» саябағын ашқанда, жұрттың аузын аштырып қойып, үнді хикаясын айтып берген. Бұл сөзді экс-президент «неге жылына бір-ақ рет келесіз, жиі келіп тұрсаңызшы» деп «қиылған» қала тұрғынына жауап есебінде айтқан: «Қыз бен жігіт бір-бірін қатты сүйген екен. Сонда қыз «екеуміз бірге тұрмай, тек кездесіп жүрейік» депті. «Мысалы, саябақта қыдырамыз, қонаққа шақырам, қаласаң келесің. Келіспесең, өз қалауың. Немесе көлде қайықпен жүзейік, сен мені шақырсаң, мен барамын». Жігіт келіспеген. Өкінішті, сіздердейкездесуді қалап тұру керек. Сирек кездескенде сүйіспеншілік сақталады. Қос төсекті кім ойлап тапты? Жұбайлар екі бөлек жерде ұйықтаса, бір-біріне жақын болатын еді. Біз оны түсінбейміз. Жабысып аламыз. Бал айы біткен соң жалықпас үшін екі бөлек бөлмеде ұйықтау керек».
Мұны неге айтып отырмыз? Өзіміздің «үнділік жігіттің» де кейбір әрекеттері қосағынан төсегін бөлектеп алатын есер еркектің ерсі қылығына ұқсайды. Мысалы, қазір Сіз кейіпкерімізден «Қазақты жақсы көресің бе, тілін сүйесің бе?» деп сұрасаңыз, «иә» дейтінінде дау жоқ. Бірақ мәселе сөзде емес, істе ғой. Айталық, анау бір жылы Nege.kz сайтындағы әріптестеріміз Ақсақаловқа «Мемлекет басшысының тиімсіз бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі тапсырмасын қалай орындап жатырсыздар?» деген сауал қойып, хат жолдайды. Негізі мұндай хат барлық облыс әкімдеріне жөнелтілген көрінеді. Сосын жан-жақтан жауап келе бастайды. Бір күні көп күттірген әкімнен де бір жапырақ қағаз жетеді ғой, ақыры. Бірақ оны ешкім түсінбейді. Өйткені не кімге жазылғаны, не кім жазғаны белгісіз. Бастысы, мемлекеттік тілде жіберілген сауалға орыс тілінде жауап келген. Журналистер жауап жөнелтілген электрондық пошта иесін іздестіріп, оның облыстық қаржы басқармасында жұмыс істейтін Светлана Сюзева екенін анықтайды. Соған қарағанда, әкім «Света, қолың тисе, мыналарды қақсатпай, бірдеңе жаза салшы» деді ме екен, кім білсін. Әйтпесе, білдей бір облыс әкімдігінде қазақ тілін «қағатын» бір адамның болмауы масқара жағдай ғой. Осыған күйінген әріптестеріміз «Құмар Ақсақалов қай елдің облысын басқарады?» деген тақырыппен мақала жариялағаны есімізде.
Күні кеше осыған ұқсас жайтқа «Жас Алаш» та қалам тартты. Мәселе былай, Қостанай облысының әкімдігі 2026 жылға мемлекеттік ақпараттық саясатқа қатысты тапсырысын жариялапты. Онда әкімдік елімізде тарайтын интернет ресурстарға деп он үш тақырып ұсынған екен. Оның жетеуі – орыс тілінде, алтауы – қазақ тілінде тарайтын интернет ресурстарға арналған. Неге бұлай? Оны түсіну үшін әулие болудың қажеті жоқ шығар, Ақсақалов әділдік үшін екіге тең бөлген. Артылып қалған жетінші тақырыпты Путиннің мақтауының ақысы ретінде «атап» жіберуі мүмкін. Демек оған ешкімнің дауы жоқ. Мәселе мынада, сырттай тең бөлінгендей көрінгенімен, Қостанайда қазақ тілі әкімдіктің «теңшеуі» нәтижесінде қағажу көріп жатыр. Неге десеңіз, «алты» мен «жетінің» айырмасы жер мен көктей. Орыстілді тақырыптарға 303 000 символ берілсе, қазақтілді интернет ресурстарға бұйырғаны – 99 800 символ. Айырмасы – үш есе. Енді мұның қандай «символдық мәні» бар? Осыны түсінбеген әріптестеріміз «Тағы да тіл теңсіздігі: Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қулыққа басты» деген мақала жазды. Қулыққа қатысты әңгіме өрбігенде, біздің ойымызға да бірер оқиға оралады. Оны енді келесі бөлімде айтайық.
Шаршы метр және пайыз
Құмар Ақсақалов Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері институтын инженер-механик мамандығы бойынша тамамдаған. Ал инженер дегеніңіз – математиканы шемішкеше шағатын адам. Бір қызығы, кейіпкеріміз өзі жақсы білетін қарапайым есепті халық білмейді деп ойлай ма, әйтеуір ыңғайсыздау сұрақ қойылса, математикалық терминнің тереңіне «жасырынып» қалатыны бар.
Енді мысал келтірейік. Өткен жылы Қостанай облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Осы жиында бір журналист Қостанай облысында 2,3 млрд шаршы метрден астам жерде дала өрті тіркелгенін, сол өрттің алдын алу және оны сөндіру үшін қандай шаралар қолданылғанын, сондай-ақ мұндай ауқымды өрт туралы ақпарат БАҚ-та неге жарияланбағанын сұрады. Сұрақ дұрыс. Енді жауапқа қараңыз: «2,3 миллиард шаршы метр аумақ жоқ біздің облыста. Егер солай болса, бүкіл аумақ өртке оранар еді». Әкім осылай дегенде, сұрақ қойған кісінің өзі ойланып қалды. Ал шындығы қалай еді? 2,3 млрд м² – облыс аумағының 1,17%-ы. Өйткені облыстың жалпы аумағы 196 млрд м². Ал егер шақырымға шақсаңыз, 196 000 шаршы шақырым. Енді мұны Ақсақалов білмеуі мүмкін бе? Біздіңше, мүмкін емес. Сондықтан Ақсақаловтың жауабын сұрақ иесінің шарадай басын шақшадай қылудың амалына ұқсатамыз.
2020 жылы кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстан облысын басқарып тұрғанда да, бір қызық оқиға болған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша теріскейге көшіп барған жұрттың көп ұзамай кері көшетіні әңгіме өзегіне айналды. «Неге?» деген сұраққа әкім кетіп қалған жұрттың «денсаулығы» мен «отбасылық жағдайын» айыптаған. Осы кезде «қанша адам көшіп кетті?» деген нақты сауал қойылды. Әкім бүй деді: «2016 жылдан бері 6,5 мың адам көшіп келген. Осы жылдар ішінде шамамен 8 пайызы қайтып кеткен. Нақты қанша адам көшкенін айту үшін пайызды санға шаққанда қанша болатынын есептеу керек».
«Енді неге есептемей тұрсыз?» деп ешкім сұрамады. Бірақ сұрамаса да, жауаптан жалтарудың қарекеті бірден аңдалды. «Бес жүзден аса адам солтүстікті жерсінбей, кері көшіп кетті» деуге әкімнің жалған намысы жібермеді. Дәл осы мәселеге келгенде кейіпкеріміздің Қостанайды да қарық қылған түгі жоқ. Көшіп келгендер былай тұрсын, өңірдің байырғы тұрғындары да көрпе-төсегін жинап, жиі көшеді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2022 жылдың 1 қаңтарында аймақта 835,7 мың халық болса, ал 2025 жылдың 1 желтоқсанында 821,8 мың адам тіркелген. Демек төрт жылға жетпейтін уақытта тұрғындар саны 14 мыңға азайған. 2022 жылы Ақсақаловтың Қостанай әкімі болғанын ескеріңіз. Демек, 14 мың адам дәл осы әкімнің тұсында қолын бір сілтеп, Қостанайды тастап шықты. Бұл нені білдіреді? Әрине, әкімнің өзінен сұрасаңыз, шаршы метрмен өлшеп, пайызға шағып, Сізге басқа цифр көрсетуі мүмкін. Сондықтан мұның жөнін сұрағысы келген әріптестеріміз табылса, бекер салпақтамай, қолына калькулятор ұстап баруы керек шығар.
Түйін
Мемлекет басшысы Құрылтайдағы сөзінде теріскейдегі халық санының азайып бара жатқанын ескертіп, «Солтүстікті сақтау керек!» деген. Ал Ақсақалов басқаратын аймақтағы жағдай кері кетіп барады. Сонда кейіпкеріміз бұл жолы да президентті түсінбеген бе, әлде тетір түсінген бе? Біз мұны тап басып айта алмаймыз. Тек бір ғана қауіп бар. Ресейден қуылған тәжік, өзбек, қырғыз мигранттарының орнын қазір қалың үндіс басып алғанын білесіз. Ал біздің Құмар Ақсақалов Қостанайдағы «босаған орынды» Akshay Kumar-дың бауырларымен толтырғысы келіп жүрсе қайтеміз?..
Сансызбай Нұрбаба