Құмар ойынның құрбаны
Тараз қаласынан Астанаға көшіп келген Айдын (аты-жөні өзгертілді) соңғы екі жыл ставка тігіп, қарызға белшесінен батқан.
Туған-туыс пен отбасына, достарына тәуелділігін айта алмаған жігіт бір жарым ай бұрын үйінің кіре берісінде асылып қалған. Айдынның артында екі кішкентай баласы мен жары қалды. Жуырда ғана қырқы өткен 32 жастағы жігіттің жары Астанадағы тілшімізге жағдайдың қалай болғаны туралы айтып берді.
«Айдынмен отбасын құрғанымызға 5 тамыз 10 жыл толатын еді. Екеуміз Таразда мектепте, мектеп бітірген соң колледжде бірге оқыдық. Оқып жүріп отбасын құрдық. Ол өзі ақкөңіл, көпшіл, алаңғасар мінезі бар жан. Біз жақта жұмыс дұрыс болмаған соң, екі жыл бұрын Астанаға көшіп келген едік. Қосшыдан жер алып, «времянка» салып қойдық. Үлкен үйге қаржы жинап жатыр едік. Өзі қаладағы автопарктердің бірінде автобус жүргізетін. Жұмысына таңғы бес болмай ерте кетіп, түннің жарымында келіп жүрді. Оның көңілінің орнында болмай жүргені соңғы жарты жылда басталды. Мен оны жұмысынан шаршаған болар деп ойлайтын ем, сөйтсем, қарыздарын қайтара алмай қалжырап жүріпті. Оның бәрін Айдынға өз атынан несие алып берген досы қазір айтып отыр ғой. Жалпы, банктегі қарызының екі жарым миллионы қалған. Былай әріптестеріне қарызы қанша екенін білмедім, бірақ ауылдағы сыныптастарынан да, ауыл тұрғындарынан да ақша алған. Менің, қызымның алтындарына дейін ломбардқа өткізіп тастапты. Ставка тігу дегенді осы – Астанаға келіп бастаған ғой. Бір досымен осындай ойын ойнайтын жерге барып, 20 мың теңге салып көремін деп сол күні 2 миллион қарызға кіріп кетіпті. Содан әлгілер қорқытып, өзі салған ақшаны шығарамын деп қарыздан қарызға бата берген. Ең болмаса маған айтса болады ғой, қайтсем салған ақшамды шығарамын деп түбіне жете алмаған болуы керек (жылап). Оның үстіне сол күні көп ішіп, удай мас боп келген еді. Ішіндегі өкінішін айта алмай, күйіктен асылып отыр. Не дейін, досы алып берген қарызын ұжымдастары, ауылдағы ата-енем, бауырлары болып жаптық. Өзінің алатын айлығы да жаман емес еді, бірдеңе етіп жабуға болар еді. Мен оның дерті бар екенінен бейхабар болдым. Соңғы үш-төрт ай айлығын бөліп-бөліп әкеліп жүрді, өткен ай 150 мың теңге ғана алды. Содан үйде ұрыс-керіс көбейіп кеткен еді. Қарыз берген жақындары өзіне ғана хабарласып, маған айтпаған. Әттең, білгенімде мүмкін қайғылы жағдай орын алмас па еді?! Ставка дегеннің жарнамасына тыйым салынды деп жатыр ғой. Қанша адамның Айдын сияқты күйде жүргені беймәлім. Қазір не айтсақ та кеш, сіздер хабарласқанда да марқұм күйеуімнің хикаясы өзге біреулерге сабақ болсын деп қана келістім. Біз жанымызда жүрген жанның қандай проблемасы бар екенін де байқамайды екенбіз ғой», – деп күрсінді марқұмның жары Құндызай Өтелова.
Психолог пікірі
Психотерапевт Ақтілек Әнуарбекқызының айтуынша, ойынға тәуелділіктің жеңіл, орташа және ең жоғары деңгейлерін бөлуге болады.
«Бастапқы кезеңде адам өзін-өзі басқара алады. Екінші кезеңде адам тек ойын жайлы ойлайды, нәтижесінде, оның мінезі мен психикасы бұзылады, қарызға ақша алады немесе үйден ұрлайды. Егер осы кезеңде арнайы мамандарға жүгінбесе тәуелділік шектен шығады да, дертке ұласады. Лудоманияны емдеу де дерттің асқыну деңгейіне байланысты. Алғашында психотерапевтік курстардан өтсе, әрі қарай медициналық дәрі-дәрмекке жүгінеді. Аталған ем-шаралардан оңды нәтиже шықпаса, сыртқы ортадан оқшаулау әдісі қолданылады. Алайда бұл әдіс тек емделушінің туыстары келіскен жағдайда ғана қолданылады», – деді ол.
Лудомания – жастардың ажырасуына себепші болып отырған фактор
Лудомания – құмар ойындарға деген тәуелділіктен туған ауру. Соңғы жылдарда цифрлық дәуірдің дамуымен бұл кесел тек өршіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай ойындардың зияндылығы мен қаупін алькогольдік тәуелділіктен терең депрессияға немесе психикалық ауытқулыққа тап болған диагноздармен бір дәрежеде қарастырады. Жыл сайын әлем халқының 0,23% осы дерттен арылу үшін көмекке жүгінеді.
Қазақстандағы статистикаға келер болсақ, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісов қазір елде 440 мыңға жуық адам, яғни халықтың 3%-ы құмар ойынға салынғанын айтады.
Ал мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуы бойынша Қазақстандағы ажырасудың 40%-ына дәл осы кесел себеп болып отыр. Және бейресми ақпарат бойынша өткен жылы букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 трлн теңгеге жетті. Бұл – құмар ойындар жылжымалы мүлік нарығын да басып озды деген сөз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 26 ойын бизнесі субъектілері, оның ішінде 6 казино, 9 ойын автоматтар залы, 11 букмекерлік кеңсе жұмыс істейді. 2020 жылы букмекерлік кеңселер, тотализаторлар кассалары Алматы облысы Қапшағай су қоймасы жағалауында және Ақмола облысы Бурабай ауданында орналасқан ойын аймақтарына шығарылды. Мемлекеттік бақылауды күшейту нәтижесінде 2021 жылдан бастап 36 ойын мекемесі, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор және 2 ойын автоматтар залы лицензиядан айырылды. Сонда да лудомания көрсеткіші жыл өткен сайын көбейіп барады.
Аустралиялық және норвегиялық ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, әлемде орта есеппен алғанда жыл сайын 10 миллионға жуық адам лудомания дертіне тап болады. Олардың 34%-ы ғана өздігінен көмекке жүгінеді. Мұны ғалымдар ұялу, өзін-өзі мойындамау, қорқыныш сияқты әрекеттермен түсіндіреді. Ал АҚШ-та орналасқан әлемдегі ең танымал құмар ойындармен күресу кеңесі (The Responsible Gambling Council) құмар ойынға іліккен адамдардың миында ойын кезінде дофамин нейромодераторы бөлініп, адамның өзін бақытты сезінуіне ықпал ететінін жазады. Сондықтан лудомандарды ойынға үлкен қаржылық жеңістен бөлек, ойын процесіне деген қажеттілік тартады. Ал құмар ойыннан арыла алмаған жағдайда лудомандардың 17%-ы өзіне қол салуға дейін барады.
Лудоманияның алдын алу мен емдеу
Лудоманияға қарсы іс-шараларды ұйымдастырып жүрген мамандардың айтуынша қазіргі таңда Қазақстанның Республикалық маңызы бар қалаларында да, облыс орталықтары мен аудандарда құмар ойындардан арылтуға бағытталған арнайы медициналық орталықтар жетерлік. Олардың біразы жекеменшік болғанымен, мемлекеттік емханалардың деңгейіндегі 80-нен астам психикалық орталықтар мен ауылдарда 205 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар жоғарыда аталған кешенді жоспарлар аясында құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды мемлекет есебінен тегін емдеумен және медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы – 300 адам. Ал бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін: 2024 жылы – 450-ге (10 %), 2025 жылы – 990-ға (20 %), 2026 жылы – 1782-ге (30%) арттыру жоспарланған. Бұл лудоманияның алдын алу мен азайту мақсатында атқарылатын іс-шаралар. Ал медициналық тұрғыда ойынға тәуелділікті емдеудің бірнеше тәсілі бар.
Қаламгүл Әділова