«ҚҰМБАЛЫҚ». Елнұр Бейсенбаев
Табаныңызды қыздырар шағылды басып тұрмын деп ойлаңыз... Алдыңызда – теңіздің толқынындай бұйра құмдар. Құданың құдіреті, бір сәтте жыбыр еткен балықты көресіз.
Сізді де байқаған ол құмның бетімен «жүзе» жөнеледі. Енді жеттім дегенде, құмға «сүңгіп» кетеді де, арқан бойы жерден бір-ақ шығады... Міне, бұл – құмбалық. Бірақ тұқымы құрып кеткен. Ең қызығы, соңғы құмбалықтар мекен еткен өңірден су мен құмды талғамайтын жас өскін «өніп» шықты.
Құмда балық қуғандар...
«Түуу, аталарымыз атпен қуып жүріп, әрең ұстаған ғой, әлгіні. Енді жеткенде, бұрқ еткізіп, құмға сүңгіп кетеді де, 15-20 метр жерден бір-ақ шығады», – дейді белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке құмбалық туралы айтқанда, аузымызды ашып тыңдайтынбыз. Осы сараптаманы жазуға отырарда қаламгерге тағы бір хабарластық.
– Соғыстың алдында аталарымыз Қызылқұмнан құмбалық алғанын жыр қылып айтатын. Бірнеше атты кісі жабыла қуып, қамшымен сабап жүріп, әрең ұстаған көрінеді. Сосын оны сояды екен де, күнге қақтап, етін келіге түйеді. Құмбалықтың еті ем, кез келген суықты жұлып алатын қасиетке ие десетін, – дейді Ә.Меңдеке.
Белгілі ақын Светқали Нұржанның «Арал жағасында» деген өлеңінде мынадай жолдар кездеседі:
Бақа да әнін салмаса – кесіртке бар бақа бас,
Жалмайтыны болмаса Құм – Теңізбен аталас.
Құйын тұрса аспанға шашын шашып жынданып,
Құм астында сырласар құлық пенен құмбалық ...
«Құлықтың» не екенін ақынның өзінен сұрасаңыздар болады, ал құмбалық туралы аздаған ақпар алсаңыз, біз енді «құмбалықтың» мінез-құлқы мен саяси алаңдағы «жүзу» қасиетіне назар аударамыз. Дегенмен бірден ескерте кетейік, Елнұр Бейсенбаевты құмның арасынан ұстап алған ешкім жоқ. Есесіне, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан аумағында орналасқан Қызылқұм шөлі елімізде Қызылорда мен Түркістан облыстарына бір бүйірін беріп жатыр. Ал Бейсенбаев – Кентаудың тумасы. Қызылқұмда қозы қайырмаса да, Қызыл партияның (Коммунистік партия деп ұғыңыз – ред) өрісін күзетті. Өзінің де болмыс-бітімі коммунистік идея жетекшісіне әбден лайық еді. Бірақ құданың құдіреті, бір күні саяси әлемнің бұйра құмына «сүңгіп» кетті де «Нұр Отанның» кеңсесінен бір-ақ шықты. Ел-жұрт қапелімде құмбалық көргендей, көзін уқалап жіберіп қайта қарағанда, «Аманаттың» төрінде отырды...
Назарбаевпен «теңескен» сәт
Елнұр Бейсенбаев келесі жылы қырыққа толады. Бағамдап қарасаңыз, Мәжілісте қырықтың ар жақ, бер жағындағы бірқауым ел бар. Мәселен, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбай, Ардақ Назаров, Асхат Аймағамбетов... Осы депутаттарды қанша жерден салмақтасаңыз да, Бейсенбаевпен шендесетін бірі жоқ. Өйткені кейіпкеріміз еліміздегі бас партияның фракция жетекшісі атанып, абыройына әжептәуір саяси салмақ қосты. Алайда жоғарыда аты аталғандар, белгілі бір саланың сайыпқырандары. Айталық, Ринат Зайытов айтыстың арғымағы ретінде жұрт көңіліне сіңген. Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбайды «көк жәшіктің» құдіреті көпке танымал етті. Ардақ Назаров сегіз бұрыштың ішінде төбелесіп жүріп, есімін ел жадына сіңдірді. Ал Асхат Аймағамбетов – министр болған адам. Білім саласын басқарғандардың арасынан есте қалған тұлға.
Ал Бейсенбаев ше? Кейіпкеріміз қарашаға жете танылмай жатып-ақ, үлкен саясатқа қиырдан қосылды. Бұл, әрине, саясатты ұқпайтындар мен құмбалықтың не екенін білмейтіндер үшін айтылатын нұсқа. Әйтпесе, әу бастағы көздеген бағытынан еш жаққа бұрылмай, негізгі мақсатына тура келген адам, осы – Бейсенбаев.
Қараңыз, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген соң, осы жерден саясаттану магистрі дәрежесін алған. Одан кейін «Болашақ» республикалық қозғалысының екпінімен «қозғалды». «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігін басқарып, осы аттас журналдың бас редакторына орынбасар болды.
2012-2015 жылдары аралығында Қазақстан Коммунистік Халық партиясының сапына қосылып, қызыл солдатына айналды. Партияның Алматы қалалық филиалының хатшысы қызметін атқарды. Міне, осы жылдары кейіпкеріміз Алматыдағы лицейлердің бірінде тарих пәнінің мұғалімі болған. Яғни, екі қызметті қатар атқарған. Бірақ саясаттанушының тарих пәнінен қалай сабақ бергені түсініксіз. Түсінікті нәрсе – партиядағы қызметі Парламентке жетелейтін соқпаққа салды. Алматы қаласының Жастар саясатына жетекшілік жасаған соң, Астанадан бір-ақ шықты. Аз ғана уақыт Нұр-Сұлтан (Астананың сол кездегі атауы) қаласы әкіміне кеңесші болды да, «Нұр Отанның» ең сүйкімді баласына айналып шыға келді.
Бұл 2020 жыл еді. Назарбаев тақты бергенімен, «Нұр Отан» мен Қауіпсіздік кеңесінен айырылмай, тақымына басып отырған-ды. Ал «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты» деген сөз «Топ балықтың ішіндегі құмбалықтар отряды» дегендей құлаққа біртүрлі естілетін. Бірақ мәселе атында емес, затында ғой. «Нұр Отанның» төрағасы Назарбаев болса, «Жас Отанның» жетекшісі – Бейсенбаев. Сырттай қарасаңыз, Назарбаев пен Бейсенбаев партияны ортасынан қақ бөліп алғандай көрінетін. Кейіпкеріміздің көпшілікке ең танымал болған кезеңі осы уақыт сияқтанады. Әйткенмен, Қаңтардан кейінгі алай-дүлейде Назарбаевтың партиясына «найзағай» түсті де, түтіндеген орнынан AMANAT бой көтерді. «Нұр Отан» мен «Жас Отан» күресінге кетіп, Назарбаевтың өзі үлкен саясаттан төмен сырғыды. Тек найзағайдан жылдам Бейсенбаев қана «құмға сүңгіп» кетті де, жаңа партияның жүрек тұсына тақау жерден жалт етіп қайта шықты.
«Нұр Отан» үшін жанпида!
«Бейсенбаевты Бейсенбаев қылған сөзге шешендігі мен пікірталаста қаймықпай «пергілесе» беретін бірбеткей дойырлығы» дейтін бір пікір айтылады. Расында, осы сөздің жаны бар. Кейіпкеріміз қай ортада болса да, көптің бірі ретінде қара көбейтпейді. Аймүйіз арқар секілді ылғи алғы шепте жүреді. Топ басындағы тоқты қошқардың өзгелермен мүйіздесу ықтималдығы жоғары болатынын білесіз. Коммунистік партияның сойылын соққанда, кімдермен «жаға жыртысқаны» беймәлім. Бірақ «Нұр Отанға» өткенде өткірлігі артып, пышақтың жүзіндей қылпыған кейіпке ауысқаны шындық.
Саясаткер әрі журналист Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті «бүктегенде», Елнұр Бейсенбаев атырылып алдыға шыққан. Егер топтық мүдде, тобырлық түсінікпен топшыласаңыз, Елнұрдікі – ердің ісі. Ал Назарбаевтың маңында «дені сау» адамның жүрмейтінін ұқсаңыз, Байбектің болысуға тұрмайтын адам екенін аңғарасыз. Оның үстіне, экс-президенттің кластасының ұлы қорғап-қорғаштауға зәру емес еді. Бірақ амал не, кейіпкеріміз алдыңғы нұсқамен кетті.
Деректі фильм стилінде түсірілген бейнетаспада Жанболат Мамай Бауыржан Байбекті «бизнес-империя құрды», «Алматыны басқарғанда 1 млрд доллар заңсыз ақша тапты», «ішті-жеді, адам құқын бұзды» деп айыптаған. Айыпталған кімге жақсы дейсіз, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шабына от түскендей шоршыды. Ол Мамайды «ар-намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа берді. Соттың қандай шешім шығаратынын алдын ала білген Мамай Байбекті ашық дебатқа шақырды. Міне, осы кезде Бейсенбаев «бұйра құмның үстінде тұрып», Мамайдың өзін жекпе-жекке шақырған-ды. Бірақ ешқандай да жекпе-жек болған жоқ. Өйткені Байбек Мамаймен белдессе, «ышқыры түсіп» кететінін білді. Ал Байбекпен күрессем деп білек түрген Мамай Бейсенбаевпен жағаласып жатқысы келмеген сияқты.
Қызығы, құмбалығыңыз былай тұрсын, кейін Бауыржан Байбек «жынбалыққа» айналып кетті ме, әйтеуір үшті-күйлі жоғалды. Ана мемлекеттен бір, мына мемлекеттен бір «басын қылтитатыны» болмаса, оның қайда тұратынын тап басып айтқан адам жоқ. Қаңтардың ызғырығы кешегі билік өкілдерінің «өңменінен өткенде», Қадырғали Байбектің де сотқа тартылып жатқанын естігенбіз. «Байбек дұрыс адам болса, әкесі сотқа тартыла ма?» деп сауал қойып, сөзді көбейту артық. Есесіне, «Кеше Бауыржан Байбекке адвокат болған Бейсенбаев неге оның әкесіне ара түспеді?» деп сұрағыңыз келсе, оның жөні басқа.
«Біз бірге емеспіз»
Депутаттарды жақсы-жаман деп бөлуге болмайтын шығар, бірақ Бейсенбаевтың жақсы деуге тұрарлық бір артықшылығы – өте сауатты жазады. Егер жазған-сызған хат-хабары қолыңызға түсе қалса, одан бірде-бір қате таба алмайсыз. Тыныс белгілердің өзін орнымен қолданып, айтпақ ойының тігісін жатқызып, мән-маңызын арттырып жібереді. Егер депутаттарға диктант жазғызатын заман туса, бұрын мұғалім болған Мұрат Әбенов омақасып құлауы мүмкін. Бірақ ілгеріде ұстаздық жасаған Бейсенбаевтың мәреге сүрінбей жетеріне бәс тігеміз.
Сауатты жазатын адамның сөз саптауы да салмақты шығады. Әрі өз аргументін қорғауда сауатты кісіден озатын адам жоқ. Міне, біздіңше, кейіпкеріміздің ілгерінді-кейінгі билікке қатар жаққан бір қасиеті осында сияқты. Алайда Бейсенбаевтық «білгірліктің» быт-шытын шығарған бір оқиға болғанын білесіз. «3,5 млрд теңгені қолды қылды» деп айыпталған Перизат Қайраттың айғай-шуы Қазақстан тарихында бұрын-сонды болмаған алаяқтықтың бетін ашты. Әсілі, «Біз біргеміз!» ұранымен жұртты жетелеуді Перизаттан бұрын Елнұр бастаған. Бірақ Qazaq AIRAN арнасына берген сұхбатына қарағанда, кейіпкеріміз жетекшілік жасаған Қордың аты «Біз біргеміз!» емес, жай ғана «Біргеміз!» болғанға ұқсайды. Пандемия кезінде құрылған Қор 600 мың адамға азық-түлік жеткізген. Бірақ оның есеп-қисабын партияға беріп отырған. Сөйтіп, бұл Қор өз миссиясын аяқтап, 2021 жылы жабылған.
Ал Перизат Қайраттың қоғамдық ұйымы «Біз біргеміз Қазақстан 2030» деп аталады. Кейіпкеріміздің айтуынша, «Біз біргеміз» дейтін көпті біріктіруге арналған тіркестің авторы – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Ал «2030-дың» авторы кім екенін білесіз. Демек жұрттан басқаны қойып, Палестинаға да ақша жинаған Перизат Қайрат екі президенттің аузынан шыққан сөзден ортақ ұран жасап алды да, аңқау елді ауызға ұрды. Жалпы, оқымаған-тоқымаған отыздағы келіншектің бұл әрекетінен жоғарыдағы бірде-бір басшының секем алмағаны таңғалдырады. Сол себептен де, жұрт көңілінде «Перизат Қайрат билікпен бірге ме?» деген орынды сауал туатыны заңды.
Ең қызығы, осы сұраққа жауап беретін Бейсенбаевтан ыңғайлы адам «табылған» жоқ. Табылмайтын себебі де бар еді. Өйткені «Біз біргеміз Қазақстан 2030» ұйымының құрылтайшыларының ішінен сопаң етіп, AMANAT партиясының екі қызметкері шыға келді. Бұл өте қызық жағдай болатын. Қызық жағдайды беті қызармай тәпсірлеп беруге талайдың жүрегі дауаламады. Ал «құмбалық» қашқан да жоқ, сасқан да жоқ – «біз бірге емеспіз» деді. Әрине, Бейсенбаевтың бұл туралы айтқан барлық сөзін тізбектей беру шарт емес. Бірақ бір нәрсені ерекше атауға болады. Перизат Қайрат «бұл Қор партия жанынан, Бауыржан Байбектің басшылығымен құрылған» деп Байбекті сотқа шақыртуды талап етті...
Міне, қызықтың көкесі осы болатын. Байбек кеше Байбек болған шығар, бірақ бүгін ешкімнің шікірәсі емес. Бейсенбаевтың кеше оны жанын салып қорғағанын да мін деп қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі сайқал саясат – құмбалық тұрмақ, кашалот болсаң да, өзі қалаған толқынмен тербетеді. Толқынға қарсы жүзетін қасиеті болса, Бейсенбаев бүгінгі билік партиясының бақанын ұстап отырмас еді. Алайда жаман атқа қалған партияны ақтап алудың керемет мүмкіндігі сәтімен туған-тұғын. «Перизат Қайрат Байбекті шақыртуды талап етті ме, ендеше, оны шақыртқан дұрыс. Ақ болса – ақталсын, қара болса – сотталсын!». Осы сөзді басқа емес, AMANAТ фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтса, бас партияның бойына жұққан «сарала-сатпақ» зәм-зәмнің суымен жуғандай сыпырылып түсер еді. Әрі өзінің де жұрт алдындағы беделі өсіп, «Жаңа Қазақстанның» жарқыраған сәулесіндей көрінер еді.
Бірақ амал не? Айналасында абың-күбің әңгіме боп жатқанда, көзін жұмып алған құмбалық бұйра құмды қақ жарып, кезекті мәрте «сүңгіп» кетті...
Түйін: Құмбалықтың еті бойдағы суықты шығаруға таптырмайтын ем екенін жоғарыда айттық. Бірақ ол үшін күнге қақтап, келіге түю керек. Ал біздің кейіпкеріміз «күнге қақталудың» сан түрлі сатысынан өтіп, кепкен ағаштай кейіпке енді. Ендігі қалғаны – «келіге түю». Алайда бұл әл-әзірге мүмкін емес жағдай. Өйткені жоғары билік «құмбалықты» қалтыраған қоғамның бойына «жылу беруге» де жаратады. Яғни, кейіпкеріміздің табиғат дарытқан қасиетін билік өз мүддесіне пайдаланып жүр. Ал биліктен сұрап алып, халықтың «қажетіне» жаратуға бола ма?
Болар-ақ еді. Бірақ құмбалық өзінде біреу-ақ болса, билік оны бізге бере қоя ма?..
Сансызбай НҰРБАБА