Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:51, 07 Желтоқсан 2023

Күмістелген судың пайдасы мен зияны: оны қалай тұтыну қажет

күміс
Фото: из открытых источников

Халық медицинасындағы күміс су – көптеген дертке дауа. Дәстүр бойынша кәдімгі суды емдік суға айналдыру үшін бір құмыра суға күміс қасықты батыру жеткілікті.

Күмістелген су пайдалы ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, табиғи су құрамындағы күмістің орташа мөлшері 0,2-0,3 мкг/л-ге тең. Күміспен байытылған судағы мөлшері 50 мкг/литр не одан жоғары болуы мүмкін. Күміс нитратының өлімге әкелетін ең төменгі дозасы – 10 г.
ДДСҰ мәліметінше, күміспен уланудың жалғыз клиникалық сипаты – аргирия. Бұл аурудың белгісі – адамның терісі көк-сұр түске өзгереді. Көздің пигменттенуі – аргирияның алғашқы симптомы.

Ал Дүниежүзілік су сапасы қауымдастығының құжатында табиғи көздерден алынатын ауыз су құрамындағы күміс денсаулыққа қауіпті деген зерттеулердің жоқ екені жазылған.

"Ағзаға түскен күміс ұлпаларда, әсіресе, тері, көз және шырышты қабыршақтарда тұрып қалады. Тері түсінің өзгеруі (аргирия) – күмісті қолданумен байланысты косметикалық әсер және ол ағза қызметін бұзбайды", – деп жазады су сапасы қауымдастығының мамандары.

Күмістің табиғи суда 5 мкг/л-ден кем емес мөлшерде болуы мүмкін. Дезинфекциялау мақсатында өңделген ауыз судағы күміс деңгейі – 50 мкг/л. ДДСҰ мәліметінше адамдар күн сайын шамамен 7 мкг күміс суды тұтынады. Ауыз судағы күмістің деңгейі 5 мкг/л-ден аспаса, адамның денсаулығына әсер етпейді және аргирияға шалдықтырмайды.

Күміс тұзы ауыз судың бактериологиялық қасиетін сақтап тұру мақсатында қолданылады. Мұндай жағдайда қолдануға жарамды және денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді.

Металды ішке қолдану мен күміс суды ішуді жақсы идея санамайтын сарапшылар бар. Өйткені, күміс адамның зат алмасу процесіне қатыспайды және металл органдар мен ұлпаларда жиналады. Тиісінше, күміс әсерінен терінің түсі өзгерген болса, ол қайта қалпына келмейді. Коллоидті күмісті басқа дәрілермен қолданғанда, препараттың әсері төмендейді.


Сарапшылар көп ішпеуге кеңес береді


Қазақ тағамтану академиясы күмістелген суды күніне 40-50 мкг/л-ден артық тұтынбауға кеңес береді. Оны тұрақты түрде ішу зиянды әсер етіп, зат алмасудың бұзылуына әкеп соғады.

"Күміс иондары суды тазартады, бірақ оны пайдалы етпейді. Су қауіпсіздігі мемлекеттік стандартында күміс қауіптілігі жағынан екінші классқа кіреді. Бұл металды ұзақ уақыт қолдану организмде жиналып, бас ауруы мен ас қорыту мәселелерін туындатуы мүмкін. Ғалымдар күміс суды күн сайын ішуге кеңес бермейді. Мұндай су жараны жууда, ауыз суды шаюда жақсы әсер етеді", – делінген Қазақ тағамтану академиясының берген жауабында.

Академия мамандары ауыз суды тұрмыстық фильтрмен тазарту әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз екенін айтады. Күміс иондарымен байытылған суды қысқа мерзімде қолдану керек. Мұндай су ағзадағы процестерге жағымды әсер ететіні жасырын емес. Дәрігерлер күмістелген суды әдетте ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мен емдеу кезінде, артрит, астма, инфекциялық ЛОР ауруларында, сондай-ақ, жаралар мен күйікті өңдеуде қолданады.

Жұқпалы аурулар кезінде сұйықтықты ішке қабылдау аурудың одан әрі өршуіне кедергі келтіреді делінген. Жедел респираторлық вирусты инфекцияларға, тұмау ауруларына, ішек инфекцияларына шалдыққан кезде көбірек су ішу қанды сұйылтып, бактерияларды, қажетсіз патогендерді зәр мен нәжіс арқылы ағзадан тез шығаруға көмектеседі. Күмістелген судың қандай пайдасы барын толығырақ инфекционист маман айтып берді. 

"Күмістелген судың бактерияларды өлтіретін бактерицидтік қасиеті бар. Бірақ ол ешқашан жеке емдеуші дәрі бола алмайды. Құрамында күрделі металл бар суларға күмәнмен қарау керек. Металл ағзада тұрып қалуы мүмкін. Бүйрегі дұрыс істемейтін болса, жәй судың өзінен адамның терісінің астында ісіктер пайда болады. Ал мұндай кезде металл қосылған суды ішудің өзі қауіпті", – дейді инфекционист Тамара Утаганова.

Ал косметолог мамандардың айтуынша, тері аурулары кезінде, сондай-ақ безеуді, тері күйіктері мен бөртпелерін, жәндіктердің шағуынан кейінгі жараларды, псориаз, саңырауқұлақ ауруларын емдеуде күмістелген су көп көмегін тигізеді.

"Коллоидты күміс – қабынуға қарсы және бактерицидті агент. Ішке және сыртқа пайдалану үшін қолданылады. Иммунды жүйеге қуатты қолдау білдіреді. Ағзадағы ауыр металдар мен токсиндерден тазартады. Коллоидты күміс ерітіндісінің пайдасы антибиотиктерден кем емес. Күміс молекулалары зиянды бактериялардың, вирустар мен саңырауқұлақтардың көбеюіне тосқауыл қояды, олардың өмірлік белсенділігін төмендетеді", – дейді Зинура Сапабекова.