Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:12, 08 Желтоқсан 2024

Құндыз қызын ұзатады

Құндыз
Құндыз

Саналы адамға табиғаттың қарапайым мысалы да сабақ бола алады. Айналаңда ғұмыр кешіп жатқан қай тіршілік иесіне көз салсаң да, ғаламның айнымас үйлесім мен ажырамас бірліктен құралғанын іштей ұғына бастайсың.

Жыртқыш аңның өз олжасын өлшеп аулап, басқа тіршілік иесіне басы артық зиян келтірмейтіні немесе құмырсқаның өз илеуінде жүріп-ақ бірлік пен еңбекқорлықтың шебер үлгісін көрсетуі – адамзат үшін қасиетті ілім, ұлы сабақ болса керек. Жаратылысы тұтас тәртіп пен ақылға құрылған тіршілік иелерінің әрқайсысы адамзатқа өнегесін үнсіз ұсынады екен. Әрине, ұғына алған жанға.

Хайуанаттардың ішінде адами тірлікке жақындары, керек десе, оның кейбір сәттерін бұлжытпай қайталайтындары да болады екен. Солардың бірі – құндыз. Халқымыздың сан ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігінде және дүниетанымдық ұғымында құндыз елеулі орын алады. Мұны халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрларында сақталған ұлттық ұғымдардан айқын байқауға болады. Бала кезімізде «Құндыздың қыз ұзатуы» туралы аңызды жиі естуші едік. Адам сынды туған баласын жат елге ұзатып, «сыңсу» әнін шырқайтын жалғыз тіршілік иесі осы құндыз болса керек. Қазақ танымындағы «құндызды аулама, аққуды атпа» сынды тыйым сөздерден аттап, бүгінде киелі жануардың терісінен ішік жасап киетіндердің қатары көбейген. Ал құндыз деген қандай жануар? Бүгін осы жануардың тыныс-тіршілігі мен болмысына бір сәт назар салайықшы.

Құндыз кеміргіштер отрядына жататын жануарлардың ең үлкені. Терісі бағалы бұл аңның ұзындығы 50-60 см, кей ересек түрлері 1-1,5 метрге дейін жетеді, ал салмағы 30-32 килограмды құрайды. Өзен-көлдердің жағасын мекен ететін жануар жыртқыш қатарына жатпағанымен, ұясына жақын келген адам баласына шабуылдауы да мүмкін. Олардың кеміргіштігі сондай, диаметрі 40 сантиметр ағашты бес-ақ минутта құлатып, бір түнде бөліп-жарып алып кетеді екен. Кейбір жағдайда өзен арнасын бұрып жіберуге де қауқарлы деседі. Кеміргіш тіршілік иесінің саны шектен тыс көбейіп кетсе, орман-тоғайларға айтарлықтай нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Сүтқоректі жануарлардың кеміргіштер тобына жатуының себебі – негізгі қорегін (тал, терек, қайың, көктерек) ағаштардың қабықтарын кеміріп, қорек ететініне байланысты. Мүмкіндігі келгенше, құндыздар азығын өзгертпеуге тырысады. Сонымен қатар су түбіне терең сүңгуге де шебер жануар. Мамандардың зерттеуінше, бір түнде 20 шақырымға дейін жүзеді екен. Тіршілігінің басым бөлігі су астында өтетіндіктен, дене пішіні соған бейімделген. «Құлан – қырда, құндыз – суда» деген мәтел құндыз тіршілігінің сумен тығыз байланысты екеніне айқын дәлел болса керек. Денесі ұршықша жұмырланып келген, басы біршама кішілеу, мойны айқын байқалмайды, түксіз жалпақтау денесінің артқы бөлігі ескек тәрізді құйрыққа жалғасып кетеді, ал аяқтары қысқа. Қауіп төнгенде кұйрығымен суды ұрғылап, басқаларға хабар береді. Тез жүзуге, сүңгуге де бейім. Жылтыр әрі тығыз орналасқан түгінің су өткізбейтін қасиеті бар.

Құндыз

Сәл ертеректе аңшылар жылтыраған терісі үшін тұзақ, қақпан құрып аулайтын. Қазір терісі жоғары бағаланудан қалып барады, сол үшін де құндыздардың жауы да жоқ. Десек те, жоқ дегеніміз де асылық болар, ересектеріне аю, қасқыр, сілеусін секілді ірі жыртқыштар ара-тұра шабуыл жасаса, құнайларына күзен, түлкі секілді ұсақ аң да тіс батырады. Құндыздың күшігін қазақ «құнай» деп атаған. «Су еркесі құнайдай құндыз тапқан» деген Иса Байзақовтың жыр жолы осы сөзімізді нақтылай түскендей еді.

Құндыздың арқасы мен құйрығының түсі жылтыраған қара қоңыр. Бауыры ақшыл, төсі сарғыш қоңыр келеді. Саусақтарының арасы жүзу жарғақтарымен көмкерілген. Ол тазалыққа өте ұқыпты жануар. Мысалы, бір күннің ішінде тері жамылғысын бірнеше мәрте ретке келтіріп отырады. Судан шыға салып, құрғақ жерге төрт аяқтап жатады да, үсті-басын тазалайды. Құндыз денесіне жабысып қалған қоқыстардың түгін қалдырмай тазалайды. Құндыздардың суға сүңгіген сәтінде ұзақ уақыт бойы тыныс алмай тұруы да дәл осы бейімделгіш қасиетінің бір көрінісі болса керек. Тіпті кейбір деректер бойынша еңбекқор жануар су астында 15 минутқа дейін дем алмай жүзе алады екен. Бұның тағы бір себебі – жануардың іш құрылысындағы дене мүшелері, анығында, бауыры мен өкпесінің жеп-жеңіл болуында. Су түбінде құндыздардың құлақтары мен мұрын тесіктері арнайы бұлшықеттермен жабылады. Ал сүңгуір маскасына ұқсас қабағы су астына сүңгу сәтінде тіршілік иесінің көзін қорғап қалады. Су астындағы тыныс-тіршілікті бақылау үшін бұл жануардың қабағы түссіз, жұқа болып келеді екен. Аузына су кірмеу үшін үлкен күрек тістері мен тығыз әрі қалың еріндері қызмет етеді. Құндыздың ерні күрек тістерінің артында орналасуы оларға аузына су кірмей оп-оңай тоған тұрғызуға көп көмегін тигізеді. Ал күрек тістері арқылы су түбінде жүріп-ақ берік, үлкен ағаштарды кеміре алады. Бұл жануардың әр ай сайын жарты сантиметрге өсіп отыратын күрек тістері құрамында темірдің көп болу себебінен әдетте сарғыш, қызғылт-сары түсті боп келеді. Тіршілік иесі жалпақ құйрығын су астында рөл қызметінде пайдаланса, құрлыққа шыққанда құндыз үшін құйрығы орындық іспетті. Ең қызығы, құндыздың құйрық тұсындағы арнайы безінен аса бағалы жұпар иісті сұйық бөлінеді. Оны қазақтар «құндыз қайыр» деп атаған. Құндыз қайыры жануар ұлпанынан 3-4 есе қымбат бағаланған.

Құндыз

Ғалымдардың зерттеуінше, құндыздар ең алғаш Азия аумағында пайда болған. Тіпті кезінде будда дінінің өкілдері аталмыш жануарды балыққа санап, етін тағам орнына тұтынған екен. Құндыздың дүниежүзінде екі түрі кең таралған. Оның бірі – Оңтүстік Америкадағы канада құндызы болса, екінші түрі – Еуразия құрлығының өзен-көлдерінде мекен ететін өзен құндызы. Кей ғалымдар осыдан бірнеше мың жыл бұрын құндыздардың әлдеқайда көп әрі ең ірі жануарлардың бірі болғанын алға тартады. Тіпті мұз дәуірінде бұл аңның бойы мен пішіні қазіргі адаммен теңескені жайлы ақпарат бар. Ежелгі дәуірде құндызды «су иті» деп атаған. Бұл туралы ХІ ғасырда өмір сүрген ортаазиялық белгілі ғалым Әбу Райхан әл-Бирунидің фармакологияға арналған еңбектерінде баяндалған. Ғалым құндызды «су иті» деп атап, оның жұпар безінен алынатын құндыз қайырдың буын ауруларын емдеуге қолданылатыны туралы жазады. Сондай-ақ ерте замандағы араб және түркі саяхатшыларының жолжазбаларында құндызды «су мысығы» деп те атағаны туралы жиі айтылады. XVII ғасырда түрік саяхатшысы Эвлия Челеби Дон өзені бойына жасаған сапарында «су мысығы» деп аталатын аңды жиі кездестіргенін және жергілікті халық оны «кунтуш» деп атайтынын жазған. Орыс зерттеушісі Григорий Потанин де 1864 жылы Зайсан көлі маңына жасаған экспедициясында Қаба өзенінде құндыздың молынан ауланатынын және олардан «құндыз қайыр» алынатынын жазады. Ол құндыз және құндыз қайыр атауларын жергілікті тұрғындардың тілінен жазып алғанын жеткізген. Әлемнің көптеген халықтарында құндыздың бағасы жоғары, орны ерекше. Мәселен, Солтүстік Америка үндістері оны «орманның кішкентай адамдары» не «сөйлейтін бауырларымыз» деп атаса, норвегиялықтар құндызды «сергек әрі сезімтал жануар» деп сипаттайды. Ресейдің солтүстігінде тұратын манси халқы да оны «су астындағы Құдай» ретінде дәріптеп, құндыз мекендеген жерлерді «киелі аумақ» деп санаған.

Құндыз – аса шебер құрылысшы. Бұл жануарлар өздері тіршілік ететін өзен-көлдердің қалыпты деңгейі төмендесе немесе жоғарыласа сол өзен-көлдерге ағаш бұталарынан қиюластырып жасанды тоған жасап, қалпына келтіріп отырады. Құндыз салған мекенінің кіреберісі әрқашан су астында орналасады, сол себепті де ақылды жануарлар су деңгейін тоған тұрғызу арқылы қалыпқа келтіріп, тұрақты ете түседі. Әдетте, тоған тұрғызу үшін мекен таңдауында да айтарлықтай үлкен мән жатыр. Тоған берік орналасу үшін алдымен өзеннің түкпір-түкпіріне жүзіп барып, бірнеше күн тұрақтап көреді. Содан кейін ғана су түбінен сапалы материалдарды жиып, тоған тұрғызуға көшеді. Мәселен, Мәскеу маңында құндыздар соққан тоғанның іргетасына ең сапалы балшық қолданылса, Валдай өзенінің бойына салынған тоғандарды құндыз жануары адам баласының өзіне қозғалту қиынға соғатын алып тастарды төсеп жасағаны анықталған. Табиғатынан құрылысқа бейім жануар салған тоған өзендер мен су қоймаларында көктемде не жаңбырлы мезгілдерде орын алатын су тасқындарының ағынын бәсеңдетіп, судың деңгейін бірқалыпқа келтіреді. Тіпті аталмыш тоған арқылы ағын су тазарады. Мәселен, Канаданың Альберта провинциясында құндыздар соққан алып тоған бар. Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен тоған саналатын бұл «туындының» ұзындығы шамамен 850 метрді құрайды. Құндыздың шебер құрылысшы болғаны сонша – олар соққан тоған арқылы адамдар бір жағадан екінші жағаға өтіп жүре алады екен. Бұдан бөлек, құндыздар салған қоныстың табиғат үшін де пайдасы орасан зор. Қай жануардың да өмір сүру дағдысынан ғаламның ұлы заңдылықтары мен теңдессіз үйлесімін аңғаруға болады. Тоған арқылы пайда болған су қоймасы – үйрек балапандарына арналған «балабақша» іспетті қызмет атқарады. Ал жартылай суда, жартылай құрлықта тіршілік ететін күзен сынды жануарлар құндыздар соққан тоғанға үйірсек келеді. Сонымен қатар жағалауда құндыздар кеміріп құлатқан ағаштар бұғы, қоян сынды жануарларға азық болады, осы арқылы құндыздар жан-жағына табиғи қорық тәрізді ерекше мекен қалыптастырады.

Құндыз

Ақын Қадыр Мырза Әлі:

«Ұнатпаймын насыңды,

Жалқау мен насыңды.

Өзі еңбекқор құндызға

Иемін мен басымды», –

деп жырына қосқан еңбекқор жануар өз үйшіктерін дәл осы қағидаға сүйеніп тұрғызады екен. Үйшікте жыл он екі ай бір толық отбасы, яғни екі ересек құндыз жас құнайларымен бірге өмір сүреді. Тек үшінші жылға жеткенде бала құнайлар жетіліп, үйшігін тастап, ересек өмірге қадам басады. Әдетте, үйшік салатын мекенді алдымен ұрғашы құндыздар таңдап, кейін еркегі көмектеседі. Кейде құндыз соққан үйшіктердің биіктігі үш метрге, диаметрі он метрге дейін жетеді екен. Ересектері ара-тұра су бетінде қылтыңдап көрініп қалатын 1-2 жылғы құнайларымен бірге ағаш бұтақтарынан бірнеше шағын қуыстар жасап, күмбезденген пішінді етіп баспана салады. Құндыз әдетте көзден таса жерлерде, көл, көлшік жағасында тірлік етеді. Бірақ солай бола тұрса да, ол өзінің күнделікті жанбағысында, кейбір салтында адами тірлікті еске түсіреді. Мәселен, ересек құнайлардың балаң құнайларды қарасып, ойнатуы және таңдаған жұбымен ғұмырының соңына дейін бір кешуі – осы сөзіміздің айғағы. Құндыздардың адами тірлікке жақындығының тағы бір белгісі – олар топтасып, ұжымдасып тірлік етуі. Белгілі бір кеңістікті басыбайлы мекен етіп алады да, сол тұста бір әулеттен тараған құндыздар қоныстанады. Және сол тұсты барынша жанын салып, қызғыштай қориды. Қауіп-қатер төнсе, соңғы құндыз қалғанға дейін ақтық айқасқа түседі. Табиғатынан тазалық сүйетін бұл тіршілік иесі үйшігін де үнемі таза, ұқыпты ұстайды. Құрылысшы жануарлардың үйшіктері көп жағдайда батпақты немесе су деңгейі әлдеқайда төмен жағалауларға салынады. Ал су деңгейі жоғары өзендерде құндыздар тоған салмай-ақ, су астына оп-оңай сүңгіп кететін ін қазып алады. Қандай да бір қауіп төнгенін сезген жағдайда құйрығымен суды шалпылдатып дыбыс беру арқылы төнген қатерді ұяластарына ескертеді. Тіпті кей деректерде үйшігі бұзылып не жұбынан айырылған құндыздың адам сынды еңіреп жылайтыны туралы да жазылған.

Бүгінде бұл ақылды тіршілік иесінің саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайып кеткен. Сол үшін де Қызыл кітапқа енген жануарлардың қатарында. Болмысынан ақылды хайуанның әлі де ашылмай жатқан сыры мен құпиясы көп. Үстем де, озбыр адам баласы талай жыл терісі мен «құндыз қайыр» үшін жануарды азаптап, өлтіріп келді. Жаратылыс қағидаларын ұмытқан адамзаттың ашкөздігі кей тіршілік иелерінің азаюына, тіпті кейбірінің тұтас жойылып кетуіне ықпал еткені ақиқат. Осы орайда табиғатта бәрі үйлесімді, тек өзімен үйлесе алмай жүрген адам баласы деген ойға еріксіз орала бересің…

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Тегтер: