Күнгейдегі қазандықтың мәселесі жырға айналды

Қарағандының іргесінде орналасқан Күнгей ықшамауданында жылу қазандығына қатысты дау-дамай қаңтардан бері созылып келеді.
Күнгейде алпыстан астам тұрғын үйді жылытып келген жылу қазандығының жұмысы сол маңдағы жұрттың үрейін туғызып, мазасын алған. Өйткені қазандықтың аласа мұржасынан қызыл шоқ араласқан қара түтін үнемі шығып жатады. Бұл түтіннен сол маңдағы жұрт тұншыға бастаған. Маңайындағы ақ қар бірден қара қарға айналып шыға келетін еді. Қыста бірнеше тұрғындар экологиялық департаментке шағымданып, мәселеге араласуын сұраған. Осыдан кейін департамент тиісті органдармен бірлесіп, қазандықтың жұмысын тоқтатуға біршама шара жасалған. Жақында сот шешімімен бұл қазандықтың жұмысы жылу маусымынан кейін тоқтап қалды. Бұл қазандықты салуға да рұқсат берілмеген екен.
«Былай жүрсең өгіз өледі, былай жүрсең арба сынады» демекші, енді мәселенің екінші бір ұшы шықты. Күнгей халқының бір бөлігі қазандық керек десе, екінші бір бөлігі керегі жоқ деп шулай бастады. Жылу қазандығына қосылған 64 тұрғын үйдің адамдары «ендігі қыста қалай жылынамыз» деп сары уайымға салынып отыр. Тұрғындар «бастапқыда бұл қазандыққа қаншама үйдің жылу желісі қосылғанын біліп отырған шенеуніктер қалай мәселеге көз жұмып қарады» деп наразы болуда. Енді келесі жылы 125 отбасы жылусыз қалайын деп отыр.
«Қыста біз қалай өмір сүреміз. Біз бұл қазандықтың рұқсатсыз жұмыс жасап отырғанын білген жоқпыз. Сонда мұны ешкім тексермеген бе? Қаншама тұрғын үйдің орталық жылу желісіне қосылмайтынын біліп тұрып, олардың құрылысына қалай мемлекеттік органдар жол беріп алған», – дейді Күнгей ықшамауданының тұрғыны Мәриям Жұмағұл.
Қалалық мәслихат депутаттары бұл тығырықтан газбен жылыту желісін салып қана шығамыз деп отыр. Алайда бұл аумаққа газ 2024-2025 жылдары ғана келуі мүмкін. Енді билік мәселені шешу жолдарын тағы қарастырамыз дейді.