Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 13 Тамыз 2024

Күнімай Смадиярқызы: Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық

Патриотизм
Фото: из открытых источников

Еліміздің бүгінгі жаңару бағыты – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтардан сусындаған, ұлттық дүниетанымы, мінез-құлқы қалыптасып, жан-жақты жетілген парасатты азамат тәрбиелеу.

 Ел болашағы жастардың қолында десек, хакім Абай айтпақшы, адамның адамшылдығына әсер ететін жақсы ата-ана, жақсы ұстаз және сауатты ортаның маңызы зор. Патриотизм санада қалыптасатын күрделі сезім. Ал жастардың бойына отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу турасында біз бүгін педагог маманнан сұхбат алдық. Бірнеше жыл қатарынан ұстаздық қызмет атқарған Күнімай Смадиярқызы патриотизм туралы ой өрбітті.

– Патриотизм өз-өзінен қалыптаспайды, ол оқу-тәрбие үрдісінде мемлекеттік саясат негізінде жүргізу бүгінгі заманның негізгі талабы. Сәйкесінше, оқушылардың бойына патриоттық рухты сіңіру арқылы тілін, ділін, халқын сүйетін тұлғаны қалыптастырамыз. Осы орайда педагог ретінде оқушылардың бойындағы патриоттық және отансүйгіштік рухты қалай бағалар едіңіз?

– Ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға қарай жетелейтін күш – тәрбие мен білім. Ендеше, мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Соңғы кезде қазақ мектебінің білім мазмұнының тұжырымдамасында тәлім-тәрбие мазмұнының негізгі сегіз жағы көрсетілген. Олар: азаматтық-патриоттық, адамгершілік, ақыл-ой, дене, еңбек, эстетикалық, экономикалық және экологиялық тәрбие. Осы орайда азаматтық-патриоттық тәрбиенің негізі – Отанға деген сүйіспеншіліктен, ұлтқа деген сыйластықтан тұрса керек. Себебі қазіргі аумалы-төкпелі заманда еліңнің намысын қорғап, оның дамуына ықпал жасау жастардың қолында. Ал жастардың өз болашағына, еліне сеніп өсуі патриотизмді қалыптастырудағы маңызды фактор. Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың Отанға, өз болашағына деген сенімі мен үмітіне мән берген жөн шығар. Болашағын дәл осы Отанмен байланыстыратын жас елін сүйетін азамат деп есептеймін.

– Сіздің ойыңызша оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу барысында нені ескерген жөн? Мысалы, өзіңіз атап өткен өзге де этностық топтарға мүлде басқа халықтың төлтума мәдени-рухани әлемін дәріптеу қаншалықты дұрыс?

– Егер отансүйгіштік деген тек еліміздің Әнұранының сөзін біліп, оны керемет орындау болса, онда қазақ тілінде дәріс беретін мектептер тәртіпке толығымен келтірілген. Бірақ бұның патриотизмге қандай қатысы бар? Әнұран кейде тек тапсырманы орындау үшін де шырқалуы мүмкін. Біз патриоттарды тәрбиелеуден бұрын, дүниенің шындығын өз мәнінде танитын, эстетикалық сезімі қалыптасқан, талғамы жоғары, бәсекелестікке бейім, өзгелермен қарым-қатынас жасай алатын, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасайтын тұлғаны тәрбиелегеніміз жөн. Сондықтан оқушыларға «Сен патриот бол» деп жүз қайтара айтқаннан гөрі, елінің тарихы мен тағылымынан сусындатып, қалғанын оқушының сана-сезіміне қалдырған жөн. Бүгінгі мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойында адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға тиіс. Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, бұл жеке сезім, жеке тәжірибе. Отан – мемлекет немесе үкімет емес. Отан – адамның кіндік қаны тамып, дүниеге келген, балалық шағы өткен өлкесі. Егер адамдар бала кезінен мемлекетке деген жақсы көзқарас пен билікке деген сүйіспеншілікке үйретуді бастаса, бұл патриотизм емес, бұл мойынсұнушылықты тәрбиелеу. Сондықтан этнос пен дінге, тіл мен ділге қарамай-ақ Абай атамыз меңзеген «толық» адам, лайықты тұлғаны қалыптастырғанымыз жөн деп ойлаймын.

– Осы тұста ұлтшылдық пен патриотизмнің ара-жігін қалай ажыратқанымыз жөн?

– Кеңес Одағы жылдарында ұлтшылдық деген халықтардың бірлігіне, достығына зиян келтіретін құбылыс деп қарады. Сондықтан ол ұғым лексиконда, тек теріс мағынада қолданылған болатын. Бірақ бұл пікір кейін, егемендік алғалы бері басқа мағынаға ие болған сияқты. Егер өзгенің құндылығына залал келтірмейтін, намысын таптамайтын ұлтшыл болсаң, айыбы жоқ. Тек жалған ұран, бос мақтаннан арылғанымыз жөн деп ойлаймын. Ұлтшыл болу керек екен деп ата-бабаң мен руыңмен мақтанудың мәні жоқ.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: