Күніне 1,5 млн теңге: Астанада адам саудасымен айналысқандар ұсталды

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана және Солтүстік Қазақстан облыстарының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері мен прокуратура органдарының бірлескен жедел іс-шаралары нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасымен байланысты қылмыстарға қатысы бар екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Қылмыскерлер интернет-ресурстар арқылы жезөкшелікпен айналысу мен оны жарнамалауға бағытталған заңсыз қызметті жүйелі түрде жүргізіп отырған. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатта болған және миллиондаған табыс табуға бағытталған», - делінген дүйсенбі күні таратылған хабарламада.
Алдын ала деректерге сәйкес, қылмыстық топтың күн сайынғы табысы 1,5 миллион теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері айналымдағы жалпы ақша көлемі 1,7 миллиард теңгеден асқан.
«Бұл фактілер қылмыстық желінің ауқымы мен жоғары деңгейде ұйымдасқанын көрсетеді. Тінту кезінде қолма-қол ақша, банк карталары, көлік құралдары, компьютерлер, ұялы телефондар мен басқа да цифрлық ақпарат тасымалдаушылар тәркіленді. Басты фигуранттар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің адам саудасы және ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен оған қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. ҚР ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқыққа қарсы әрекеттерге пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр», - деді полиция өкілдері.