Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:54, 14 Наурыз 2024

«Құрақ әлемінің ханшайымы»

 Дариға Досанова
Фото: Дариға Досанова

Соңғы кезде үп еткен желге бола депрессия мен стресске түсуге бейім жастардың қарасы көбейіп келе жатқаны жиі айтыла бастады.

Әрине, өмірдің сынағы, тағдырдың ауыртпалығы десек те оны жеңу, тығырықтан шығар жол табу талапты кісінің ісі екені анық. Ал біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз басына қандай нәубет түссе де, жақсылық жолынан таймай, арманына адалдық танытқан жан.

Қазір кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген, жүзінен мейірім төгілген ананың қайратын көргенде еріксіз таң боласың. Абай: «Адал еңбекпен мал таппақ – арлы адамның ісі» дейді. Маңғыстау облысы Шетпе ауданының тұрғыны Дариға Досанованың да басты қағидасы – осы. Жылдар бойы денсаулығымен сыналып келе жатқан көпбалалы әрі жалғызбасты ана қазіргі таңда әйелдер мен қыз-келіншектерге этно стильдегі сөмкелер, құрақ көрпе, кимешек тігумен айналысады. Уақыт алды-артыңа қаратпай, құндылықтарыңды алмастырып жатқан заманда мүмкіндігі шектеулі шебердің ешкімге алақан жайғысы жоқ. Тағдыр қанша жерден аямай сынап, төсектен тұрғызбай тастаған жылдары да Дариға Оразбайқызының жүрегіндегі жақсылыққа деген шөкімдей сенімі құлаш-құлаш жамандықты жеңе алды.

Құрақ

Шебер:

«Құдай бірін жоқшылықпен, бірін тоқшылықпен сынайды екен. Аз ғана ғұмырда кей тағдырға қарап күпірлік етсем, кей тағдырды көріп шүкірлік етесің. Санаға осылай салыстырмалы ғұмыр сыйлап жүріп, өмір деген ұлы ұстаздан талай нәрсені үйрендім. 2017 жылы инсульт алып, төсекке таңылдым. Бұл менің тағдырымдағы алғашқы сынақ емес еді. Жастайымнан әкемнен айырылып қалып, өзім аса танымайтын жігіттің етегінен ұстап кетуге мәжбүр болдым. Отбасылық өмірімде талай теперіш пен қорлықты көрсем де, балаларым үшін шыдап баққаным рас. Бес бала сүйдім. Ақыры күйеуім екеуміз ажырасуға шешім қабылдадық. Сонымен қатар анам отырған үй өртеніп кетіп, жалғыз ағамнан айырылып қалдым. Талай жыл қатарынан балаларымды асырау мақсатында күзетші, аспаз, лаборант қызметтерін атқардым, тіпті аула сыпырған күндерім де болды. Отқа да, суға да түсіп, ауыр не жеңіл деп талғамай, түрлі жұмыстар жасадым. Бірде -бір рет жұмысым үшін намыстанып, шаршаған емеспін. Керісінше, адал еңбек қылған маған ұнайтын. Адалдықтың ақ жолынан таймаған адамның қашан да ары таза, маңдайы жарық болады. Қай жұмысымды да қолымнан келгенше, адал, шебер атқаруға тырыстым. Сол үшін бе екен, аудан әкімдері мен мекеме басшылары жұмысымды мақтап отыратын, елеп-ескеретін. Кейін өзім сүйген адамымнан айырылып қалдым және ұлым әскерге кетті. Осы жылдары уайымның әсерінен инсульт алдым. Дәрігерлердің жұлынымнан су аламын деген талпынысы екі рет сәтсіз аяқталды. Соның салдарынан екі аяғым жансызданып қалды. Бастапқыда арбаға таңылып қалармын деген ой болған жоқ, қиын шақтар, естің кіресілі-шығасылы кезі. Бірнеше сағатқа созылған ауыр оталар. Оның бәрі күні кешегідей есімде сақталып қалыпты», – дейді.

Дәл осы оқиға Дариға ханымның өміріне үлкен соққы боп тиіп, тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберген. Десек те, шебердің бұл сынақта жігерінің құм боп жасып қалмауына тікелей әсер еткен, қоғамнан тыс қалған сәтінде қайта тынысын ашқан дүние – өзінің өнері еді. 2017 жылы жүру мүмкіндігінен айырылып, арбаға таңылған соң, қолына іс машинасын алады. Бұл туралы шебер:

«Алғашқы уақытта жүре алмайтынымды қабылдау қиынға соқты. Балаларым арқалып жүретін. Кейін бір кісі: «Өзіңе де, балаларыңа да обал жасама. Арланбай, арбаға отыр. Бірақ сен арбада отырған кезіңде, өзіңді мүгедекпін, мүгедектерге арналған арбада отырмын деп сезінбе, хан тағында отырғандай күй кеш» деп, намысымды қайрап қойды. Сол сәттен бастан, шынымен-ақ, өзімді осы қалпыммен қабылдай бастадым. Қазір, тіпті концерттерге барсам, әншілер маған арнап ән айтып жатқандай сезім болады», – дейді күліп.

Кейін Дариға ханым бір сәтке үнсіз қалды да, демде отты жанары жарқырап, маңызды бір нәрсе айтқысы келгендей, әңгімесін ары қарай жалғастырып кетті. «Қоғам тарапынан қысым бола ма деп уайымдағаным рас, әрине. Бірақ қайта қолдап-қорғап жүргені үшін халыққа алғыс білдіремін. Қазіргі өнерім арқылы мен біреуге қуаныш сыйлай аламын. Соны ойласам, жүрегімде үлкен үміт, жанарымда от пайда болады. Өзімді бұл үлкен әлемнің, сұлулық пен өнердің бір бөлшегі екенімді ойлағанда, шүкіршілігім арта береді. Мен дәл осы өнерім арқылы тыныстаймын. Тағдыр басыма қандай қиындық пен қасірет әкелсе де, артынан бір жақсылығы, қайыры болады екен. Қазіргі туындыларымның дүниеге келуіне осы жағдайлар әсер етсе керек», – деді.

Дариға Оразбайқызының қолөнері мен шеберлігі кездейсоқ туған дүние емес, шебердің айтуынша, әжесі – шебер, ағасы – ұста адамдар болған. Бала кезінде мектепте тоқыма, тігін үйірмелеріне құлшына қатысып, үздіктердің бірі болған. Қазіргі таңда арнайы дипломы немесе білімі болмаса да, қолынан шыққан туындылар кәсіби шеберлердің туындыларынан артық болмаса, еш кем емес. 2022 жылдың желтоқсанында «Құрақ Фест» байқауына бастан-аяқ өз қолымен тіккен тасбақа пішіндес жастығын ұсынады. Шебердің көз майын тауысып, саусағы қажалып, төзіммен тіккен туындысы қазылар тарапынан жоғары бағаланып, «Құрақ әлемінің ханшайымы» номинациясына ие болады. Алғашқы туындыларын ескі тігін машинасымен бастап, кейін үкімет тарапынан жаңа іс машинасы сыйға берілген. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы шапан, көйлек, кимешек, құрақ көрпе, тұтынушының талғамына сай этно стильдегі сөмкелер мен қоржындарды, қолдорбалар мен кәде сыйларды тігеді. Шебер әсіресе құрақ жастықтарды тігуге құмар. Көрпе-жастық көздің жауын алып тұрғанда, қонақтың назары сәбиге емес, сәнді бұйымға ауады деп сенеді.

Құрақ

Дариға ханым қазіргі таңда тапсырыс алып, ризығын тауып отырған шебер. «Өзім жас күнімде әдемі боп киініп, боянып-сыланып жүретін мүмкіндігім болмады. Сол үшін бе екен, қазіргі қыздар мен келіншектердің өз-өзін күтіп, сұлу боп жүргенін қалаймын. Менің қолымнан шыққан сөмке, кимешегім адамдарға титтей де қуаныш сыйласа, арманымның орындалғаны, үмітімнің ақталғаны. Өзім талай адамның жақсылығын көрдім, қолымда мүмкіндік болса, мен де жақсылықты еселеп қайтарғым келеді. Сондықтан тігіншілік қызметімнің құны да аса қымбат емес. Үкімет тарапынан жиі қолдау көремін. Бірнеше жыл бұрын кәсібімді жүргізу мақсатында 1 200 000 теңге көлемінде грант берді. Елімізде мемлекеттік қолдау аясында кәсібін дөңгелетіп отырған мен секілді адамдардың қатары көбейгеніне қуаныштымын», – дейді. Сол үшін күні кеше баласы оқитын мектепке барып, өз қолымен тіккен төрт кимешекті мереке қарсаңында сыйға тартқан.

Шеберді тағы бір рет өмірге әкеліп, екінші мәрте тынысын ашқан жалғыз нәрсе – осы өнері. Сондықтан басты мақсаты – адамгершіліктен аттамай, саналы ғұмыр кешу, өнері арқылы халықтың батасын алу. Тағдырдан қандай теперіш көрсе де жігері жасымаған ана осы жерден тоқтап қалмақ емес. Мүмкіндік болса, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларды қолөнерге баулығысы келеді. Идеяларын шәкірт тәрбиелеу арқылы жарыққа шығару ойында бар. Дариға ханымның мөлдір сырын тыңдап отырып, өзіңнің ынжықтығыңа еріксіз ұяласың. Ал ерекше қажеттілігі бар шебердің қайратты рухына сүйсініп, таңдай қағасың. Бақытын өнерден, еңбектен тапқан жандар біздің қоғамда қашан да бағалы.

Сәруар БАҚБЕРГЕН