Шерзат ісі әлеуметтік күрделі мәселелердің бетін ашып берді
Шерзат Болаттың қайғылы өлімі және онан кейінгі келеңсіз жағдайлар біздің қазіргі қоғамымыздағы бірнеше әлеуметтік күрделі мәселелердің бетін ашты.
Шерзат ісі бір отбасының ғана трагедиясы емес, бұл қоғамның әлсіреген тұсы. Мұны құқық қорғау органдарына адамдардың сенімінің төмендеуі, билік пен қоғам арасындағы байланыстың алшақтағаны және осал топтардың әлеуметтік оқшаулануы, олардың ертеңгі күнге деген үрейі әрі бағдарсыздығы деп түсінген жөн. Демек бұл терең күрделі мәселелердің көрсеткішіне айналды. Мұндағы біз басты назар аударатын дүние – істің қоғамдық резонанс деңгейі. Әуелі туындап отырған мәселелерге орай адамдар әділеттіліктің қайтадан қалпына келуіне сенуі қажет. Егер дәл осылай адамдардың әділеттіліктің қайтадан қалпына келуіне сенімі болмаса, онда мұның ақыры қоғамда әлеуметтік тәртіптің жоғалуына және тұрақсыздыққа әкеліп соғады. Негізі мұндай оқиғалар кезінде немесе мұндай оқиғалар қайталанған кезде адамдар өздерін өте сенімсіз сезінеді. Адамдардың санасында ертеңгі күнге деген үлкен алаңдаушылық туындайды. Мұндай жағдайды әлеуметтануда «сенім дағдарысы» деп атайды. Яғни ертеңге деген сенім азайып, соңы әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келеді.
Ендігі бір назар аударатын жағдай – марқұмның отбасының қауіпсіздік мәселесі. Шерзат ісінің ұйымдасқан қылмыстық топтармен қатысы бары туралы айтылды, оған жалғас әртүрлі қауесеттер тарады. Осының бәрі қоғамдық алаңдаушылықты ары қарай күшейтіп жатыр. Дәл осындай кезде зардап шеккендердің отбасын қорғап қана қоймай, жалпы қоғамның сенімін қалпына келтіру үшін біздің билік, құқық қорғау органдары ашық әрекеттерді ары қарай жалғастыру қажет. Ол үшін халыққа нақты, сенімді ақпараттарды бүкпесіз таратып отыру шарт.
Өкінішке қарай, Шерзат Болаттың туысқан ағасы да қайтыс болды. Оған қатысты да зардап шегушілердің отбасын қорғаудың жеткіліксіздігінен осындай оқиға туындады деген қауесет тарай бастады. Жалпы қауесет дегеніміз – белгілі бір оқиға туралы ақпараттар жетіспеген кезде орын алатын табиғи жағдай. Нақты факті болмауы – содан шындыққа сәйкес келмейтін оқиғаның әртүрі балама нұсқаларды, тіпті күмәнді нұсқаларды туындатады. Сондай-ақ тергеудің ашық жүргізілмеуіне қатысты да адамдардың арасында сенімсіздік бар. Мұның бәрі адамдардың билікке деген сенімін жалғасты төмендете береді.
Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен аймақтардағы осал топтармен жұмыс істейтін әртүрлі әлеуметтік институттарды күшейту қажет. Сонымен қоса, құқықтық сананы нығайту жөніндегі жұмыстарды қарқынды түрде қолға алу тиіс. Мемлекет қоғаммен тиімді байланыс арнасын құруға және зардап шеккендерді, зардап шеккендердің жақындарын қорғаудың ашық тетіктерін қарастырған жөн. Бұл үшін әлемдік тәжірибелерге де жүгінген абзал. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленісті және болашақта осындай жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді. Шерзат ісінің соңы үлкен шиеленіске ұласып кетпеу үшін билік халыққа қауіпсіздік сезімін бере алуы керек. Ол үшін, ең бастысы, Шерзаттың және оның ағасының ісі барынша ашық, заңға сәйкес жүргізілуі шарт. Билік осындай бір нақты қадамдар арқылы халықпен арасын жақындата алады. Істің әділ тергелуі билік үшін де өз сенімін арттырудың үлкен мүмкіндігі.
Құралай Қантаева, әлеуметтанушы