Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Құралай Қантаева, әлеумет­танушы: Бақылаушы қоғамнан талап ете алатын қоғамға айналып келеміз

Құралай Қантаева
Фото: Құралай Қантаева

«Жыл жылқы аунап тұрғанша...» демекші, міне, 2025 жылдың да аяғына жет­тік. Осы жылы қазақ қоғамы әлеумет­тік тұрғыдан әртүрлі көңіл күйді бастан кешірді. Әлеумет­тік жағдайымыз айтарлықтай жақсара қоймаса да, қоғамдық санамызда үлкен өзгеріс болмаса да көп дүниеден үміт ет­тік.

 Соның жолында қармандық. Бірде әділет­тілікті талап ет­тік, енді бірде ана тіліміз үшін шыр-пыр болдық. Тіпті қайырылымдылыққа деп аузымыздан жырып берген көмегіміз желге ұшқанда не айтарымызды білмей ділгірдік. Ал кейбір дүниелерді айта алмай іштен тынғандаймыз. Есесіне, күлді-көмеш, болмашы дүниелерді де жұрт болып, даурығып талқыладық. Қалай десек те, бір жылды өткіздік. Жылан жылы қазақ қоғамында әлеумет­тік тұрғыда не өзгерді, неге қолымыз жет­ті, неден қапы қалдық, алда қалай болады, осы сауалдарды белгілі әлеумет­танушы Құралай Қантаевамен талқыладық.

– Құралай, 2025 жыл да аяқталуға жақын, осы жылды әлеумет­тік тұрғыдан қалай бағалайсыз? Көз алдыңызға қандай картина елестейді, сіздің ойыңызша, қазақ қоғамы осы жылы не жоғалт­ты, не тапты?

– Әлеумет­тік, саяси тұрғыдан биылғы жылды сенім мен әділет­тің өзекті болған жылы деп атауға болады. Әрине, өзіндік жоғалтулары мен жетістіктері де бар жыл болды. Оның ішінде сенім тұрғысынан бірнеше жоғалтуларды атап айтуға болады. Мәселен, ҚР ұлт­тық статистика бюросы жыл сайын сот органдарына және құқық қорғау органдарына қатысты сенімділік динамикасын есептеп жариялайды. Сонда 2024 жылғы көрсеткіштерге қарағанда 2025 жылғы көрсеткіштер біршама төмен. 

Бұдан адамдардың мемлекет­тік басқару органдарына қатысты сенімнің тұрақсыз екенін көруге болады. Яғни, азамат­тар осындай органдардың бар екенін мойындайды, бірақ олардың әділет­ті екеніне әлі де толық сенбейді. Дегенмен мұндай құбылыс Қазақ­станда ғана орын алып жатқан жоқ, қазір көптеген институт­тарға қатысты сенім деңге­йінің төмендеп бара жатқанын халықаралық зерт­теу орталықтары да айтып жүр. Сондай-ақ қазақ­стандық жастар арасында жүргізілген әртүрлі зерт­теулерге, онлайн сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, әлеумет­тік шаршау байқалады. Болашаққа алаңдаушылық бар. Бұл дегеніңіз – қоғамдағы экономикалық қысым, әділетсіздік сезімі, болашаққа деген сенімнің төмендеуі сияқты мәселелердің бар екенін көрсетеді.

 Сонымен қатар Қазақ­стандағы соңғы жылдардағы мәселелердің бірі ретінде тұлғааралық сенім мәселесін айтуға болады. Мысалы, әлемдік зерт­теулерге сүйеніп жасалған «Актуалды саясат институты» қоғамдық қорының баяндамасына сүйенсек, Қазақ­станда тұлғааралық сенім деңгейі 28 пайыз ғана. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Айталық, Швецияда – 63 пайыз, Норвегияда – 71 пайыз. Енді осы тұста «адамдардың бір-біріне сенбеуінің қаупі қандай?» деген сұрақ туындайды. Тіпті бұл адамдарға айтарлықтай мәселе болып та көрінбеуі мүмкін. Бірақ белгілі бір сенім феномені – қоғамның ұзақ уақыт дамуының нәтижесі, яғни, сенім қоғамның тұрақты түрде қалыптасуына тікелей әсер етеді. Әлеумет­тік жүйе тұрақты болуы үшін ең бастысы сенім қажет.

Егер адамдар бір мемлекет­те өмір сүре отырып, бір-біріне сенбейтін болса онда қоғамда тұрақсыз болады деген болжам бар. Демек адамдар арасындағы сенім қоғамды біріктіреді. 
Сондай-ақ 2025 жылы жоғалтулармен қоса жетістіктер де болды. Мысалы, қазақ қоғамы бұрынғыдай бақылаушы қоғамнан сұрақ қоя алатын, талап ете алатын қоғамға айнала түсті. Бұған, әрине, әлеумет­тік желілердің тікелей ықпалы бар. Азамат­тар түрлі әлеумет­тік желілерде, медиа кеңістігінде әрқилы әлеумет­тік мәселелерді, әсіресе резонанс тудырған мәселелерді тұрақты түрде талқылап отырды, бұл азамат­тардың өз пікірін білдіруінің қалыпты жағдайға айналғанын көрсетеді. Қорыта айтқанда, азамат­тық сенім дағдарысы орын алды, бірақ азамат­тық талап қою күшейді. Енді қоғам бұрынғыдай тұрақтылықты, тыныштықты емес, әділет­тілікті басты құндылық ретінде сезіне бастады. Негізі қоғамның өзгерістері де осындай бір тұрақсыздықтардан бастау алады. Мұның түбі демократиялы қоғамға алып барады деп үміт етейік.

– Осы жылдың басты оқиғаларының бірі «Шерзат ісіне» үкім шықты, мұны қоғам көп талқылады, сіз қалай қабылдадыңыз, бұл қоғамның ақиқат­ты талап етіп, соған жетуі ме әлде билік сондай көңіл күйді қолдан жасады ма?

– «Шерзат ісінде» қоғамның белсенділігі байқалды. Әлеумет­тік желілерде үздіксіз талқыланды. Істің барысын бақылау қолға алынды. Азамат­тар тарапынан әділдік талап етілді. Бұл азамат­тық белсенділіктің жоғарлағанын көрсетеді. Халықтың әділдікті талап еткеніне қарай сот та өз үкімін шығарды. Мұны «келісілген сценарий» деп атау қиын. Себебі қазіргі билік үшін қоғам талабымен есептеспей қандай да бір саяси шешім қабылдау өте қауіпті. Өйткені қазіргідей цифрлы қоғамда «Шерзат ісі» сияқты шулы мәселелерді бұрынғыдай жасырып, елемей қалдыру мүмкін емес.

Әрине, «Шерзат ісіне» толық жеңіс немесе манипуляция деп кесіп баға беру қиын. Бірақ, ең маңыздысы, қоғам өз позициясында табандап тұрып, талап етсе билік онымен санасуға мәжбүр болатынын көріп отырмыз. Бұл да қоғам үшін жаңа әлеумет­тік шындықтың көрінісі. Негізі осындай істер қоғамдағы оң өзгерістерге себеп болады. Бастысы, азамат­тар ақпарат­тық тұрғыда белсенді бола түссе, билік халықтың сұранысын елеусіз қалдырмайды. Яғни, азамат­тардың талабы биліктің демократиялық қадамдар жасауына себеп болады.

– Жұртшылық арасында кейбір оқиғалар қызу талқыланды, мысалы, депутат А.Назаровтың әрекет­тері, мұны да адамдар әртүрлі қабылдады, тіпті күлкіге де айналды, мұны қандай құбылыс деп айтуға болады, әсіресе лауазымды тұлғаның дәл осылай күлкіге айналуын қалай түсінесіз?

– Бұл бір ғана адамның мінез-құлқына қатысты мәселе емес, жалпы лауазымды тұлғалардың, мемлекет­тік қызметкерлердің мәртебесімен байланысты жағдай. Байқасаңыз, қазір лауазымды тұлғаларға қатысты бұрыннан қалыптасқан заңдылықтар жойыла бастады. Мысалы, бұрындары билік өкілдерінің мәртебесі олардың лауазымымен тікелей байланысты еді. Яғни, лауазым­ды тұлғаның мәртебесі де биік болатын, ал қазіргі қоғам үшін лауазымның өзі ғана емес, лауазымды тұлғаның мінез-құлқы да аса маңызды. Сондай-ақ бұл мәселе цифрлы қоғам әсерімен күшейіп 
отыр.

Мұнда ирония, сарказм арқылы билікпен арадағы қашықтық қысқарды. Сонымен қоса мемлекет­тік қызмет­тегі тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты мәселе туындады. Енді осы жағдайды қоғамдық контексте қарайтын болсақ, лауазымды тұлғаның жаппай күлкіге айналуы қоғамның құлдырауы емес, қоғамдық талғамның, қоғамдық талаптың өскендігінің белгісі. Қоғам енді билікті тек қана тыңдаушы емес, бағалаушы рөліне көтерілді деп айта аламыз.

– Қазақ қоғамында ұлт­тық мәселелер де жиі сөз болады, биыл да «Магнум ісі», Алматыдағы мектептің қостілде ашылуы қазақ тіл мәселесін дауға айналдырды, әлеумет­танушы ретінде мұны қалай бағалайсыз?

– Бұл қазақ қоғамының ұзақ уақыт­тан бері патологиялық түрде жалғасып келе жатқан күрделі мәселесі. Тіл дауы үнемі түрлі қоғамдық талқылауларға себеп болып отырады. Сіз келтірген мысалдар – қазақ тілінің қоғамдағы орнын күшейтуге, нақтылауға жасалған талпыныстардың көрінісі. Бұл даулардың түпкі себебі – қазақ тілінің қоғамдық орнының қалыптаспауында. Ғылыми тұрғыдан мұндай әрекет­терге оң баға беруге болады. Себебі қоғамдық ғылымдарда тілдің әлеумет­тік маңыздылығы артқан сайын оның қолданысы, мәртебесіне қатысты қақтығыстар да көбейетіні айтылады. 

Демек бұл тілдің әлсіздігінен емес, керісінше, оған деген сұраныстың артқандығынан туындаған жағдай. Яғни, қазақ тіліне деген қоғамдық сұраныстың пайда болғанын білдіреді. Әрине, мемлекет­тік қызмет­те, білім саласында азамат­тардың қай тілді қолдануы ол оның конс­титуциялық құқығы болғанымен, Қазақ­станда негізгі ұлт ретінде қазақ ұлты, негізгі тіл ретінде қазақ тілі айтылады. Міне, осыдан соң қостілді мектеп ашу біздің бұрынғы мәдени травмамызды оятады, бұл мемлекет­тік тіл мен орыс тілінің арасына тепе-теңдік орнатудың әрекеті деп бағаланып, кейбір адамдардың санасында тіпті қазақ тіліне төнген қауіп ретінде әсер етуі мүмкін. Алайда мұны, керісінше, қазақ тілінің қоғамдық орнын күшейтетін әрекет деп бағалаған дұрыс. Сондай-ақ мұндай мәселелер Қазақ­стандағы тіл саясатының әлі де толық жүзеге аспағандығын және оған нақты саяси шешімдер қажет екенін көрсетіп отыр. Әсіресе мұндайда диалогты ашық, әділ жүргізу өте маңызды.

– Биыл Перизат Қайрат ісі де қоғамның назарын аударды, жұрт әртүрлі қабылдады, тіпті қоғамдық қорларға деген сенімсіздік те байқалды, жалпы әлеумет­тік көмектің бұлай қолды болуы ненің белгісі?

– Перизат Қайрат ісінде де қоғамдық сенім әлсіреді. Бір ғана мысалдың астарында қазақ­стандық қа­йырымдылық қорлардың, қайырым­дылықпен айналысатын ұйымдардың, әлеумет­тік көмекке, оның тиімділігіне қатысты үлкен сындар айтылды, сенімсіздік білдірілді. Мұның түпкі себебі – ашықтылық пен есептіліктің жетіспеуінде.

Сонымен қоса, қоғамдық қорларда дәл бұлай сенімсіздіктің туындауына осыған де­йінгі мәселелер де себеп болды. Өйткені бізде ұзақ жылдан бері жемқорлық жалғасып келді, бақылаудың әлсіздігі орын алды, енді оның үстіне ашықтықтың жоқтығы қосылса мұндай қорларға деген сенімнің жоғалуы қалыпты жағдай. Жалпы әлемде де осы қайырымдылық қорларына байланысты сенімділіктің аздығы байқалады. Адамдар қорларға түскен қаражат­ты нақты қайда, қалай жұмсағаны туралы ақпарат болмағандықтан оған сенімсіздікпен қарайды. Бұл іс бізге әлеумет­тік көмектің тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылаудың керек екенін, институционалды деңгейде рефор­малар қажет екендігін көрсетіп берді.

– Жылдағыдай 25 қазан – Республика күні бірқатар өнер иелері, спортшылар түрлі марапат алды, бізде марапат алған тұлғаны «билікшіл» деп сынайтындар бар, жалпы биліктің жыл сайын көптеген азамат­тарға марапат беруі ненің белгісі, бұл әлеумет­тік санаға қалай әсер етеді?

– Ғылыми тұрғыда бұған позитивті баға беруге болады. Себебі Республика күні секілді маңызды мерекелерде азамат­тарды ынталандыруды қоғамда өзара интеграцияны арт­тырудың, ұлт­тық бірлікті нығайтудың құралы ретінде қарастырған жөн. Әрине, адамдардың біразы бұл әрекет­терді сынға алды. Себебі қоғамда ұзақ уақыт­тан бері сенім дағдарысы орнағандықтан «кейбір азамат­тар марапат­ты билікпен жақындасу арқылы алды» немесе «әртүрлі байланыс құралдарын пайдаланды» деген секілді сыни тұрғыдан қараған көзқарастар да болды. Негізі бізге мотивация ретінде, үлгі алатын тұлға ретінде осындай адамдардың марапат­талғаны маңызды, алайда марапат­тар әділ өткізілмеген жағдайда қоғамдық сын пайда болады, тіпті мұндай әрекет­тер адамдардың ашу-ызасын тудырып, қоғамдық бөлінуге алып келуі мүмкін. Сондықтан марапат­тар ашық әрі әділ өткізілуі қажет.

– Әдет­те «билік кейбір маңызды мәселелерден қоғамның назарын басқа жаққа аудару үшін әлдебір оқиғаларды ұйымдастырады» деп жиі айтылады. Мұндай пікірмен келісесіз бе, мысал ретінде қандай оқиғаны айтар едіңіз?

– Иә, бұл пікірдің ғылыми негіздемесі бар. Мұны негізі ғылымда биліктің, басқарушы органдардың қоғамдық пікірді басқаруында қолданылатын саяси технологиясы деп түсіндіріледі. Мұндай стратегиялар әлемдік тәжірибеде де бар. Билік кейбір жағдайларда өзіне қолайсыз тақырыптардан жалтару үшін немесе қоғамның игілігі, тұрақтылығы үшін қоғамның назарын басқа бір тақырыпқа аудару мақсатында өзге бір эмоционалды оқиғаларды, жаңалықтарды жарыққа шығарып отырады.

Бұл да әлеумет­тік бақылау­дың бір тәсілі. Маңыздысы – мұндай әрекет­тердің қандай пиғылмен жасалғанында, егер билік қоғамның тұрақтылығын сақтап қалу үшін, қоғамдағы алауыздықты, арандатушылықты тудырмау, ары қарай өршітпеу үшін әлгіндей қадамдардың жасалуы өте орынды. Сонымен қоса «билік біздің назарымызды басқа жаққа аударып жатыр» деген мәселе нақты дәлелденбесе, оны жаппай талқылай берудің де қажеті жоқ. Тіпті мұндай мәселелер нақты дәлелмен расталмаса қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Себебі бұл өте күрделі мәселе, егер қоғам мен биліктің арасы алшақтаса ол қоғамның тұрақсыздығына алып келеді. Сондықтан мұны біржақты талқылау орынсыз.

– Келер жылдан не күтесіз, нақты қандай маңызды әлеумет­тік мәселелер іске асуы тиіс деп ойлайсыз?

– 2025 жылы Қазақ­станда жаппай талқыланған мәселелерге назар аударатын болсақ, онда 2026 жылы Қазақ­стан үшін әлеумет­тік тұрақтылықтың, қоғам мен биліктің арасындағы сенімді нығайтудың жылы болуы керек. Бастысы – әділет­тілік, ашықтық, сот жүйесінің тиімділігін арт­тыру, әлеумет­тік көмектердің жүзеге асуын қадағалау. Бұл негізгі міндет­тер. Әрине, осы уақытқа де­йін назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер де бар, әсіресе демографиялық жағдай. 2000 жылдардағы демографияның нәтижесінде қазір жастар мен балалардың саны күрт өсуде. Бұл Қазақ­стан жан санының артуындағы үлкен потенциал. Дегенмен осы демографиялық динамикаға Қазақ­стандағы экономикалық мүмкіндіктер сәйкес жүзеге асып жатыр ма? Бұл өте үлкен мәселе, мектептер саны, балабақшалар, жұмыс орындары, әлеумет­тік көмек жүйесі осы өсімге сай ма, жоқ па деген өзекті сұрақ туындайды.

Осы демографиялық өсімге сай инфра­құрылымды жетілдіру аса қажетті әлеумет­тік міндет. Сонымен қатар Қазақ­стандағы әлеумет­тік мәселелердің бірі отбасылық дағдарыс. Біздегі ажырасу статистикасының өзі сөзіміздің дәлелі. Бұған экономикалық қиындықтар тікелей әсер етіп отыр, сондықтан отбасыға қолдау көрсету саясатын қолға алу қажет. Гендерлік теңдік мәселелерін де шешу өте маңызды. Сондай-ақ біз қазір сандық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан киберқауіпсіздік, жасанды интеллект­тің әлеумет­тік әсері де ескерілуі тиіс. Бұл салаларда әсіресе құқықтық және этикалық нормаларды жетілдіру, халықты цифрлық сауат­тылыққа үйрету қажет.

Біз аса назар аудармайтын бір мәселе – тұтынушының сауат­тылығы, бұл қоғамды экономикалық тұрақсыздыққа әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, адамдар өзінің экономикалық, қаржылық қажет­тілігіне қарай әрекет етуі керек. Тұтынатын қажет­тіліктері өзінің қаржылық әлеуетіне сай болғаны дұрыс. Егер бұлай істемесе, өз мүмкіндіктері жетпейтін қаржылық қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Халықтың жаппай несие алуы, қарызға батуы, міне, осыдан келіп туындайды. Тағы бір мәселе – қала мен ауылдың арасындағы алшақтық. Жастардың дамыған қалаларға шоғырлануы аймақтардың дамуының кенжелеп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан аймақтардағы негізгі әлеумет­тік қажет­тілікті жақсарту әлі де өзекті. 

Сұхбат­тасқан 
Жақсылық ЫРЫСБАЙ