Құралай Қантаева,әлеуметтанушы: Қазақстанда еңбек дауы үлкен наразылыққа айналады
Күнделікті өмірде үлкенді-кішілі түрлі проблемаларға ұшырасамыз. Үлкен қалалардағы көлік кептелісі, қоғамдық көліктердің дұрыс жолға қойылмауы, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, әртүрлі жәрдемақы, білім беру саласындағы кемшілік.
Осының бәрін әлеуметтану ғылымы зерттейді, сонан соң әлеуметтік мәселелердің кем-кетігін нақтылап, одан шығатын жол ұсынады. Біз бүгін әлеуметтанушы Құралай Қантаева сұхбаттасып, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғадық.
– Құралай, әдетте қандай да бір проблема бола қалса, ақпарат құралдары оны әр қырынан қарап талқылап жатады, қазақ қоғамы осындай кезде әлеуметтанушылардың пікірімен қаншалықты санасады?
– Қазіргі қоғам ақпараттық қоғам делінеді. Мұның басты ерекшелігі –қоғамдағы ақпарат ағынының жылдам болуында. Енді осындағы басты проблема – біз әдетте түрлі ақпараттарды ең әуелі бейресми ақпарат көздерінен алатынымыз. Әрине, ресми ақпарат көздерін де түсінуге болады. Олар ақпаратты жинайды, сұрыптайды, өңдейді содан соң ғана тұтынушыға ұсынады. Бірақ бұл кезде түрлі әлеуметтік желілерде, сайттарда ақпарат тарап үлгіреді. Сондай-ақ қазіргі кейбір ақпараттық құралдар өкінішке қарай рейтингке жұмыс істейді. Сөйтеді де әлдебір оқиғаны тек бір қырынан қарап, ақпарат таратады немесе әдейі қаралым жинау үшін басқа да әрекеттерге барады. Дұрысы – мұнда рейтингке байланып қалмай, оқырманға пайдалы, оның сыни ойлауын қалыптастыратын, санасын өсіретін ақпараттар таратса, қоғам үшін әлдеқайда дұрыс болатын еді. Шынын айтқанда, осындай кезде қоғам әлеуметтанушылардың пікірімен де көп санаса бермейді. Тіпті осы ғылым туралы, оның біздің өміріміз үшін қаншалықты пайдалы екенін де жете түсінбейді. Негізі әлеуметтанушының пікірі қоғам үшін өте маңызды. Себебі әлеуметтану ғылымы айналамызда болып жатқан оқиғаларды, процестерді зерттейді, сонан соң туындаған мәселенің нақты заңдылығын түсіндіруге, не үшін бұлай болды деген сұраққа жауап беріп, проблеманың туындау көздерін анықтайды және оны шешудің тиімді стратегиялық жолдарын ұсынады. Сондай-ақ әлеуметтанушылар әлеуметтік саясаттың бағдарламаларын әзірлеу кезінде оның жүзеге асырылуын бағалауда да маңызды рөл атқарады. Ең бастысы – әлеуметтанушылар әртүрлі әлеуметтік мәселелерге қатысты өзінің сараптамалық пікірін ұсынып, билік пен қарапайым халық арасында кәсіби диалог орнатады.
– Өткенде Алматыда жер сілкінді, сонда қоғамдық пікір, таным, түсінік жік-жікке бөлінді, тіпті біреулер мұны «Алланың сынағы, Құдайдың ескертуі» деп айтты. Сіз мұны қалай түсіндірер едіңіз?
– Жер сілкінісі кезіндегі қоғамдық пікірдің әртүрлі болуы қалыпты жағдай. Ал адамдардың түрлі пікірде болуы бірнеше факторға байланысты. Оның ішінде ғылыми сенім, экологиялық мәселелер, діни аспектілерді айтуға болады. Сондай-ақ Алматыдағы жер сілкінісі бірнеше мәселелердің бетін ашып берді. Алдымен қала тұрғындарының билік әрекетіне деген наразылығын тудырды. Яғни төтенше жағдай кезінде билік қабылдаған сақтық шараларға, жер сілкінісінен кейінгі түсіндірме жұмыстарына қатысты халық жаппай наразылық білдірді. Сонымен қоса бұл оқиғаны діни және әлеуметтік мәдени факторлар арқылы түсіндіретін адамдар тобы пайда болды. Олар жер сілкінісін діни наным тұрғысынан «бұл Құдайдың белгілі бір әрекеттеріміз үшін берген жазасы» деген сияқты интерпретациялап жатты. Тіпті мұны табиғи құбылыс ретінде санағандар да болды. Міне, осындай әртүрлі көзқарастағы адамдардың пікірталасқа түсуі табиғи жағдай, әрі пікірдің айтылуы маңызды. Себебі адамдардың билікті сынауы, осы оқиғаға қатысты пікір білдіруі кейінгі кезде төтенше жағдайға адамдардың бейімделуіне немесе осындайда биліктің қалай әрекет етіп, қандай шешім қабылдауына көмектеседі.
-– Қазақстанда нақты қандай шешілмеген әлеуметтік мәселелер біздің өмір сүруімізге қиындық тудырып отыр және оны шешудің жолы қандай?
– Қазақстандағы әлеуметтік мәселелер бір күнде орнаған жоқ. Жылдар бойы жиылып, қордаланды. Алдымен мынаны түсінуіміз тиіс. Кез келген қоғам белгілі бір жүйеден құралады. Оның бір-бірімен өте тығыз байланыстағы бөліктерінің біреуінен ақау шықса, ол екінші бір бөліктің қызметіне нұқсан келтіреді. Әлеуметтік проблемаларды талдағанда соны алдымен түсінуіміз қажет. Мысалы, білім беру жүйесіне қатысты айтайық, қазір мектеп, балабақшалардың жетіспеуі үлкен проблемаға айналды, әсіресе Алматы сияқты үлкен қалаларда бұл жиі ұшырасатын өзекті мәселе. Соның салдарынан үш ауысымда оқитын мектептердің саны күрт артты. Қоғамда осыған қатысты сын көп айтылады, адамдар жаңадан мектеп, балабақша салу керектігін алға тартады. Мұндағы басты қателік, демографиялық болжамның дұрыс жасалмауы. Нақты деректерге сүйенсек, 2000-жылдардан бастап Қазақстанда үлкен демографиялық дүмпу болды. Егер осыған әу баста дұрыс болжам жасалғанда туған баланың қай кезде балабақшаға баратыны, қанша жаста, қай жылы қанша бала мектеп табалдырығын аттайтындығы анықталса, соған орай балабақша, мектептердің санын арттырып, одан ары университеттердің, жатақханалардың санын көбейтуге әрекеттенер едік. Көрдіңіз бе, стратегиялық болжамдар алдын ала дұрыс жасалғанда бұл мәселе бүгінде болмас еді. Енді Алматы қаласы туралы айтайық. Негізі қаланың жылдық бюджеті осында тұрғылықты тұратын адамдардың санына қарай бөлінеді. Бірақ Алматының маңындағы жақын аймақтардан немесе өңірлерден белгілі бір уақытқа қалаға келіп, белгілі бір уақытта қайтадан өз аймақтарына қайтады. Осы адамдар ресми тіркеуде тұрмағандықтан және олардың саны едәуір көп болғандықтан қалада әртүрлі қызметтерді пайдалануға қолайсыздықтар туындайды. Яғни ресми тіркелген адамдар бейресми қалада өмір сүріп жатқан адамдардың кесірінен зардап шегеді. Бірнеше жыл бұрын Алматыда «уақытша тіркеу» дегенді енгізді, бірақ кейін аяқсыз қалды, белгілі бір деңгейде сырттан келетін адамдарды бақылап отыру үшін, соған қарай шешім қабылдау үшін уақытша тіркеу маңызды еді.
Қазақстанда шешілмеген ендігі бір мәселе – шалғай аймақтағы білім сапасы. Шынын айтқанда, алыс ауылдарда тұратын балалар үшін сапалы білім әлі де қолжетімсіз. Бұл осы саладағы мамандардың тапшылығы, инфрақұрлымдардың дамымағандығы сияқты факторларға байланысты әлі де шешімін таппай келеді. Осының кесірінен балалар мектепте сапалы білім ала алмайды, сөйтіп мектеп бітірген жастардың басым бөлігі тек республикалық маңызы бар қалаларда немесе облыс орталықтарында жаппай шоғырлануға мәжбүр. Мұның салдарынан ауылдарда жұмыс күші азайды, одан соң қалаға үдере көшу басталды, ең соңында Қазақстанда қаңырап қалған «тастанды ауылдар» пайда болды.
– Бізде зейнетақы, түрлі жәрдемақылардың берілуі, сондай-ақ жұмыссыздық мәселесі үнемі сыналады, мұны қалай түсіндірер едіңіз?
– Иә,Қазақстандағы әлеуметтік қорғау мәселесі де жиі сынға ұшырайды. Мұны екі жақтылы талдауға болады. Біріншіден, бізде азаматтарды қорғайтын өзінше қалыптасқан әлеуметтік қорғау жүйесі бар. Оның тиімді жақтары ретінде зейнетақы жүйесін атауға болады. Әрине, мұндағы зейнет жасын ұзартуға қатысты халық тарапынан наразылық туындағанымен, бұл жалпы әлемде жүріп жатқан тәжірибе. Адам жасының ұзаруына байланысты зейнет жасы да ұзарады. Сондай-ақ әлеуметтік белсенді топтарды ұстап тұру үшін жастар категориясына кіретін адамдардың жасын ұзартты. Қазақстанда қабылданған әрбір шешім мемлекеттің ғана емес, әлемнің шеңберінде болып жатқан үрдіс, өзгерістерге сай жасалады. Қалай десек те Қазақстанда зейнет жасына толғанда зейнетақы беретін міндетті зейнетақы сақтандыру жүйесі бар. Сонымен қоса бізде әртүрлі отбасылық жәрдемақылар тағайындалады. Жақында ғана әр балаға тұрғын үй алу немесе оқу үшін көмек берілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін де әлемдік тәжірибеден өткен мемлекеттік бастама деп айтуға болады. Осы жүйе арқылы қазақстандық азаматтар әртүрлі медициналық қызметтерді алу кезіндегі шығындарды мемлекет белгілі бір деңгейде өтеуге жүйелі түрде қол жеткізіп отыр. Бірақ осындай қолдауларға қарамастан, Қазақстандағы әлеуметтік саясат әлі де жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай бірнеше атқарылуы тиіс істерді атап өтейін. Соның бірі – тиімді тұрғын үй саясаты. Яғни азаматтарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру немесе тұрғын үй құрылысына байланысты субсидия беру керек. Себебі Қазақстанда жеке тұрғын үйдің болуы азаматтар үшін маңызды. Әрине, әлемдік кеңістікте тұрғын үйді басты құндылық санамайтын адамдар көп. Тіпті «бір үйде ұзақ тұрақтап қалу адамның дамуына кедергі келтіреді» деген жаңа көзқарастар да қалыптасып келе жатыр. Ал Қазақстанда әр азамат жеке үйі болғанын қалайды. Демек, бізде азаматтар өзін әлеуметтік тұрғыда қауіпсіз сезіну үшін баспанасы болуы қажет. Осыған сәйкес, мемлекет адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің оңтайлы жолын қарастыру керек. Ендігі бір мәселе – кедейлікпен күрес. Негізі қоғамда әлеуметтік теңсіздіктің тым алшақ болып кетуіне жол берілмеу маңызды. Біздің қоғам төменгі, орта, жоғары тап өкілдерінен қабаттаса құралған. Бірақ осы кедейлердің тым кедейленіп, байлардың аса бай болып кетуін басқарудың, реттеудің тетігі керек. Бізге орта тап өкілдерінің санын көбейтуге барынша көңіл аударған дұрыс. Тағы бір мәселе – жұмыспен қамту және білім беру ісі. Бұл үшін әлеуметтік саясатты жақсартуға көңіл бөлу аса маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, демографиялық дүмпуден кейін халық саны жаппай өсті, енді осы буын жоғары білім алып, еңбек ресурсына айналды. Егер оларды жұмыспен қамтамасыз ете алмасақ, онда олар саны мол әлсіз әлеуметтік топқа, тіпті тәуекел тобына, масыл адамдар тобына айналуы мүмкін. Бұл дегеніңіз – білім беру мекемесіне қатысты да үлкен сын. Ол үшін білім беру бағдарламалары үнемі жаңартылып отыруы қажет, сөйтіп, қоғамда өзекті болып отырған жаңа дағды, әдістер үйретілуі тиіс. Сонымен қоса еңбек жағдайындағы қорғау жүйесі де тиімді жолға қойылуы шарт. Себебі өзіңіз айтқандай, Қазақстанда еңбек жағдайларына қатысты наразылықтар үлкен дауға айналып жатады. Әсіресе мұнай, кен орындарындағы қызметкерлер жаппай наразылыққа жиі шығады. Мұның соңы бір кәсіпорынның ғана емес, жалпы елдің тыныштығына нұқсан келтірген жағдайларға ұласуы мүмкін. Осыдан-ақ еңбек демалысы, еңбекақының төленуі сияқты еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру де маңызды екенін білуге болады.
– Алматы сияқты үлкен қаладағы шешілмеген әлеуметтік мәселелер адам өміріне, мемлекет дамуына қаншалықты әсер етеді?
– Ірі қалалардағы шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер азаматтардың өміріне және мемлекеттің дамуына айтарлықтай әсер етеді. Мысал үшін Алматыдағы көлік кептелісін айтайық. Инфрақұрылымның дамымауы, көліктердің көптігі қалада тұрақты кептелістерді туындатып отыр. Бұл ең әуелі ұтқырлықты нашарлатады. Сіз қаланың бір басынан келесі шетіне жылдам жете алмайсыз, бұл сәйкесінше, экономикалық дамуды тежеуі мүмкін. Бір қарағанда көлік мәселесі қозғалыс үшін кедергі келтіретін мәселе болып көрінгенімен, ол адамдардың психо-эмоцияналдық жағдайына әсер етеді. Мысалы, орта есеппен адамдар жұмысқа бару үшін таңертең бір сағат жұмсайды дейік, сосын бір сағат жүріп үйіне қайтады. Сонда сіз күніне кемі екі сағат бойы стрестік күйге енесіз, жағымсыз эмоцияналды сезімдерді сезінесіз. Осының кесірінен басқа бір адамдармен жүз шайысып қалуыңыз мүмкін. Дәл осындай күн сайынғы екі сағаттық жүріс адамдарға эмоцияналды қысым тудырады. Осындай күйде жұмысқа барған адам өнімді, нәтижелі жұмыс жасауы қиын. Демек, транспорт мәселесі адамдардың әлеуметтік қарым-қатынасына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ бізде қоғамдық көліктердің тиімсіз жүйесі де жиі сынға ұшырайды. Әсіресе үлкен жол тораптарының болмауы немесе үлкен жол айналымдарының оңтайлы жобаланбауы осының бәрі қала тіршілігіне кедергі жасайды.
Ендігі бір мәселе – ауа және судың ластануы. Бұл негізінен үлкен қалаларда, оның ішінде Алматыда аса маңызды. Қаладағы көліктің көптігі, өндіріс орындарының жиі орналасуы ауа мен суды ластайды, ал бұл қала тұрғындарының денсаулығына үлкен зиян. Осыған сәйкес қалада жасыл аймақтар, яғни саябақтар жеткіліксіз, адамдардың демалатын, тынығатын, бой жазып сергитін орындары аз. Мұның өзі қала тұрғындарының физикалық, психологиялық әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
– Әлеуметтану ғылымы адам үшін, қазақ қоғамы үшін қаншалықты маңызды?
– Сөз басында айтқанымыздай, адамдар бұл ғылымның маңызын аса терең түсіне бермейді. Дегенмен әлеуметтанушының қоғамдағы рөлі өте маңызды. Себебі әлеуметтану қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз, айналамызда не болып жатыр деген секілді сұрақтарға нақты жауап береді. Осыған сәйкес енді не істеу керек, нақты қандай шешімдер қабылдау қажет деген сұрақтардың да жауабын тауып, өмірлерін жеңілдетеді. Әрине, бұл арада қазақстандық ғылымның өзіндік ерекшелігін айта кеткеніміз жөн. Бізде көбінесе теориялық деңгейде қалып қою немесе әртүрлі күрделі терминдермен оқырманға түсініксіз жеткізу үрдісі сақталған. Осыдан соң ғылым мен қолданбалы білімнің арасында алшақтық пайда болды. Алайда әлеуметтану теориялық ғылым емес, ол нақты зерттеу мен практикаға бейімделген ғылым. Мұнда нақты зерттейді, талдайды, нәтижесін ұсынады.
Сұхбаттасқан – Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ