Күрделі отаны Шымкентте де жасайды
Бұрын шетелде немесе Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда ғана жүргізілетін күрделі оталарды енді Шымкентте де жасауға болады.
Ол үшін мегаполистегі ауруханаларға заманауи қондырғылар орнатылып, маман біліктілігін көтеруде.
Жақында Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды. Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, жаңадан орнатылған қондырғы арқылы ауруханада пациенттерді диагностикалық тексерулерді өткізу және күрделі оталарды жасау мүмкіндігі әлдеқайда жоғарылады.
Ота жасау бөлмесінің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов қатысты.
Ашылу салтанатында М.Әйтенов қалада денсаулық саласын дамыту жұмыстарының жоспарына тоқталды.
– Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 миллиард теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін, – деді шаһар басшысы.
Аталған бөлмеде бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 миллиард теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады. Ота жасау бөлмесі мегаполистің және оған жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Мұның алдында Шымкенттегі қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері аяғының қан тамыры кесілген 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасаған болатын.
21 тамыз күні жедел жәрдем қызметімен науқас бала ауыр жағдайда қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіліп, оң тізе астынан қан кету, аяқтың тізеден төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған.
Мамандар оң тізе асты артериясы мен венасының толықтай кесілгенін анықтады. Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып, мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург, анестезиолог дәрігерлер жедел ота жасады.
Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.
– Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз – дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов.
Сондай-ақ Шымкент қалалық стоматологиялық емханасында түнгі уақытта да қызмет көрсететін кабинеттер саны өсті. Күндіз балаларға 17 кабинет терапевтік, 4 кабинет хирургиялық қызмет көрсетсе, түнгі ауысымда 3 дәрігер 2 медбике тіс емдейді. Емхананың дәрігерлерінің айтуынша түнгі ауысымда бір күнде орта есеппен 17-25 бала ем алуға келеді. Ал күндіз бала саны 500-600-ге дейін барады. Айта кету керек, осы уақыт аралығында тек бір кабинет жұмыс істеген.