Күре жолда талай жан опат болды
Батыс пен Шығысты байланыстыратын заманауи Ұлы Жібек жолының Сыр өңіріндегі ұзындығы 787 шақырым.
Оның 220 шақырымы І санаттағы жолға жатқызылса, 567 шақырымы ІІ санаттағы жолға жатады. Осы екінші санаттағы екі жолақты тар жол бүгінде ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің жиі апатқа ұшырауына сеп болып тұр.
Транзиттік трассаның, әсіресе Қызылорда мен Арал аралығындағы жолда жыл басынан бері 50-ге жуық жолаушы апатқа ұшырап, көз жұмды.
Арғы басы Қытай мен бергі басы Еуропаны жалғайтын халықаралық трассаны кезінде жобалаушылардың жолды 4 жолақты етпей, қаржыдан қырқып, кеңейтуге тарылғанынан, жолаушы-жүргізушілер зардап шегіп келеді. Статистикаға сүйенсек, бұл қауіпке толы трассада күніне кем дегенде бір көлік апаты тіркеледі екен.
Күрежолда күніне 10 мыңға жуық автокөлік әрлі-берлі өтеді. Соның ішінде, халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінің ағыны көп. Бірінің артынан бірі еріп, «керуен» құраған «фуралар» жол көлік оқиғаларына көптен-көп себепші болып жатыр. Өйткені тар жолда жүйткіген жеңіл көліктер олардан озу үшін қарсы бағытқа шығудың өзінен-ақ қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүрлейді.
Оның үстіне облыстағы елдімекендердің басым бөлігі осы автодәліз бойында орналасқандықтан жол бойында жайылатын төрт-түлік те көп. Жол жиегінде қоршау болмаған соң, өрістен қайтқан мал да тасжолды кесіп өтеді. Соңы мал қағып, малмен бірге жан тапсырғандарда жетерлік. Әсіресе түнгі уақытта жүру қауіпті еселейді.
Жергілікті билікте шама-шарқынша қауіпсіздік шараларын жасап жатыр. Полиция бақылау тетіктерін күшейтіп, рейдтік шараларды қатаң қолға алса, көлік инспекциясы бақылау және тексеру жұмыстарын атқаруда. Дегенмен елмен елді жалғайтын күрежолдың Қызылорда-Ақтөбе бағытын облыс халқы үкіметтен 4 жолақты етіп кеңейтуін сұрайды. Бұл мәселеге мәжіліс депутаттары да үн қосып, ел үкіметінің жіті назарына алғызып, нәтиже шығарса дейміз. Өйткені тар жолдағы тажал талайлардың түбіне жетіп болды. Тездетіп қолға алмаса – қазақ қара жолда қырыла бермек. Өйткені ешқандай қауіпсіздігі жоқ тасжолдағы көлік апаттарының бұдан былай азая қоюы неғайбыл.