Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 21 Мамыр 2024

Курьер мінген көк мопедті құрықтау операциясы. Сәденовтің жаңа заңы сыбайластыққа жетелейді

Мопед
Фото: Depositphotos

Енді елдегі мопед жүргізушілерге талап күшейеді. Бұдан былай мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндетті.

Олар автокөлік жүргізушілерімен теңестіріліп, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алады. Осылайша, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылады.

Сәуір айында «Жол жүрісі туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенде үкімет халық арасындағы танымал техника түріне қатысты осындай шешім қабылдады. Үкіметтің мопедтерге қатысты мұндай заң қабылдауына түрткі болған негізгі себеп: былтырғы жылы мопедтердің себебімен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 39 адам қаза тауып, 700 адам зардап шеккен. Ал биыл жыл басынан бері 171 жол оқиғасы тіркеліп, бір адам мерт болған, 170 адам жараланған. Мопедтердің көбейгені соншалық, қазір ІІМ олардың нақты санын да білмейді. Бейресми дерек бойынша Алматының өзінде ғана 40 мыңнан астам мопед бар. Қалалы жерлерде оларды курьерлар пайдаланса, бұл техника түрі қазір ауылдарға да бара бастаған. Мопедтерді ауыл шаруашылығына, жем-шөп тасуға, мал бағуға пайдаланып жүргендер де бар.

Осылайша, көлікке қарағанда бағасы да арзан тұратындықтан мопедтер Қазақстанда танымал бола бастады. Мысалы, олардың қолданыстағыларының бағалары 100-125 мың теңге тұрса, жаңаларын 350 мың теңгеден табуға болады.

Жауапты құрылымдардың өзі де дайын емес

Заңгер Жандос Омиргалиев «мопедтерді тіркеу заманның қажеттілігі» деп есептейді. Бірақ ол «Жол жүрісі туралы» заңға өзгертулер енгізгенде үкімет бірқатар нәрселерді ескермегенін айтады. Заңгердің ойынша, қоғамның талқылауынан өтпеген, депутаттар өздері жазып, өздері ғана талқылаған бұл заң болашақта қалалықтарды ғана емес, ауылдықтарды да біраз әуре-сарсаңға түсіреді. Себебі заңның шикі тұстары көп.

Біріншіден, мопед жүргізушілерге жүргізуші куәлігін беруге, мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізуге, оларға мемлекеттік нөмір беруге және басқа талаптарды орындауға жауапты құрылымдардың өздері әлі дайын емес.

«Мопедтерді тіркеген жөн делік, бірақ оған біздің халыққа қызмет көрсету орталықтары, ішкі істер органдары дайын емес. Мопед жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктер болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санатты куәлігі автоматты түрде берілетіні айтылып жатыр. Ескеретіні, қазір мопед жүргізіп жүргендердің көпшілігінде мүлдем куәлік жоқ. Бұған дейін талап етілмегендіктен, мопед көлік түріне жатпағандықтан олардан жүргізуші куәлігі сұралмады. Енді осы жерде үлкен ажиотаж туындайды. Елде жүргізуші куәлігін ебін тауып «сатып алуға» тырысатындар саны артады. Бұған дейін де коррупциялық жолмен жүргізуші куәлігі беріліп келді. Ал енді тұрғындар мопед арқылы табыс табады, кәсіппен айналысады. Осы кәсіптерінен айырылып қалмауы үшін де енді мопедті жүргізуге құқық беретін куәлікті ақшасын беріп жасатып алатындардың саны артады», – дейді заңгер.

Бұдан бөлек, заңгердің пайымдауынша, мопедтердің көбі елдегі базарларға тауар ретінде түседі. Олардың құжаттары, техникалық паспорттары болмайды. Базарда мопедтердің тек тауарлық чегі ғана болуы мүмкін. Ал ондай құжатсыз мопедтер қалай тіркеледі?!

«Әрине, бұл арада да тағы біреуге «орамалын» жасап, ісін тындырады. Рас, сауда үйлерінде сатылатын мопедтерде кеденнен өткенін растайтын құжаттары, «шот-фактуралары» бар шығар. Бірақ қарапайым халық мопедтерді арнайы сауда орындарынан емес, қара базардан алғанды жөн санайды. Өйткені базардың бағасы анағұрлым арзан. Осындай жайттарды ескерсек, мопедтердің бәрін тіркеуге міндеттеу ішкі істер органдары мен тіркеуші ұйымдарда дүрбелең тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл арада аталмыш заңды «шикі» деуге толық негіз бар».

Сондай-ақ қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтерді жүргізу ерекше дағдыны қажет етпейді. Ең бастысы, жүргізуші жол ережесін білсе, жүргізуші куәлігінің кез келген категориясы жарай беруі керек. Алайда заңды талқылаған депутаттар мен ішкі істер министрлігінің өкілдері мұны ескермеген. Жаңа заң жобасында мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестіріп қойған. Ал бұрынғы «Жол жүрісі туралы» заңда мопедтер, электросомакаттар механикалық көлік құралы ретінде танылмаған және оларды кез келген категориямен жүргізуге рұқсат берілетін. Заңгердің ойынша, жаңа заңның осы талабы да халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автоцондарға шамадан тыс күш түсіргелі тұр.

Нотариустарға қосымша табыс, кәсіпкерлерге қосымша шығын

Мото-сарапшы, кәсіпкер, Almoto компаниясының басшысы Нұрдәулет Нұрәділұлы да заңгердің сөзін қуаттайды. Бес жылдан бері мотоцикл, мопед сатумен және мото-блогерлікпен айналысатын маманның айтуынша, бұған дейін елде мопедтерді тіркеуге қатысты ешқандай мәселе болмайтын. Ал қазіргі жаңа заң расымен де елді біраз әбігерге салатын түрі бар.

«Біз бұған дейін мопедтерді елге алып келгенде жеке кәсіпкер ретінде сату-сатып алу келісімшартын өзіміз жасап беретінбіз. Бізден мопед сатып алғандар сол құжатпен барып тіркей беретін. Жаңа заң шыққалы мопедтерді көлік құралдарының қатарына жатқызып қойды. Енді мопедтерді автоцон арқылы тіркеу үшін автокөліктерді тіркегендей, сату және сатып алу келісімшарты нотариус (!) арқылы расталуы керек. Ал мопед сатып алғандар «жақсы, ол талапты да орындайық» деп келісімшартты жасауға нотариусқа барса ондағылар сату-сатып алу келісімшартын ненің негізінде растауды білмей бастары қатып отыр. Өйткені ол мопедтер Қазақстанға кірген, бірақ тіркелмеген. Техпаспорты жоқ. Жеке адаммен, жеке адамның арасында сату және сатып алынған болып келісімшарт жасайын десе оның құны 45 мың теңгеге шығады. Сонда мопедті тіркету үшін нотариусқа 45 мың теңге, автоцонға 15 мың теңге төлеу керек. Сөйтіп, 3 млн теңгенің көлігін тіркетсе де, 30 млн теңгенің көлігін тіркетсе де, 300 мың теңгенің мопедін тіркетсе де осындай бірдей баға болып тұр. Негізінде, мопед қымбат көлік емес қой. Сондықтан бұл арада мопедтерді тіркеуде жеңілдік болуы керек. Бізден 350 мың теңгеге мопед сатып алған адам «оны тура автокөлікті тіркейтіндей бағамен тіркете қояды» деу ақылға сыймайды. Сондықтан біз сататын мопедтерде шекарадан кіргенін растайтын декларация, инвойс (тауар мен сатушы туралы мәлімет беретін құжат) және мопедтің техникалық тексеруін ЕАЭО аясына жарайтынын дәлелдейтін құжаттар бар. Міне, осы құжаттар арқылы мопедтерді тіркей беруге рұқсат беру керек. Сату-сатып алу келісімшартын нотариусқа барып растатып әкелуді талап ету, бұл мопед саудасын емес, екі ортадағы нотариустардың саудасын қыздырады», – дейді сарапшы.

Кәсіпкердің айтуынша, аталмыш заң туралы айтыла басталғалы бері бұл салада жүрген кәсіпкерлердің де түсімі азая бастаған. Мәселен, жыл сайын сәуір, мамыр айларында қызып жататын мопед сататындардың саудасы биыл 45 пайызға төмендеген. Себебі мопед алушылардың дені «арнайы компаниялардан сатып алсам да оны тіркеу қиын, одан да қара базардан арзан бағаға алып, заңсыз жүре бергенім дұрыс» дегенді жөн көреді. «Мұнымен елімізде мото мәдениет қалыптастыра алмаймыз» деген сарапшы үкіметтің мопедтерді тіркеуге қатысты осы кедергілерді алып тастауы қажеттігін айтты.

Мото мәдениет демекші, негізінде дамыған Еуропа елдерінде мопедтер мен скутерлерді жүргізу тақтайдай тегіс жолды талап етеді. Мұндай техниканы жүргізушілер шұрық-тесік жолдарда жүргізсе омақаса құлап, мертігуі мүмкін. Еуропада үкімет мопед жүргізушілердің осындай тегіс жолдармен жүруін қамтамасыз етеді. Оларда қозғалтқышы 50 текше сантиметрден асатын мопедтер көлік құралы ретінде саналмайды. Сондықтан шетелдерде мопедтерді адамның жеке басын куәландыратын құжатпен тіркей береді. Ал Қазақстанның үкіметі тақтайдай тегіс жолдан бұрын, елді әуреге салып, жөнсіз талап қоюды жөн көреді.

Мопед апаттары үшін шенеуніктер де жауап беруі керек

Шетелде жұмыс істеп келген, қазір мопед иесі, курьер Роллан Жылқыжиаров курьер мопедті, мотоциклді көбіне қарапайым халық тұтынатынын, олар сол арқылы отбасын асырап отырғандарын ұмытпау керек дейді.

«Биыл жыл басында мопед сатып алдым. Әлі тіркей алмай жүрмін. Негізінде мен жұмыс істеген Оңтүстік Кореяда мопедтерді жеке куәлікпен тіркей береді. Ешқандай нотариустан сату және сатып алу келісімшартын растауды сұрамайды. Жеке категорияда көлік жүргізетін куәлік те талап етілмейді. Жеке категорияда куәлікті алу үшін оқу керек. Ол да қосымша ақша. Тіркеу де қосымша қаражат. Өзі 300 мың теңгеге алған мопедті тіркеу үшін осыншама құжат керек. Техпаспорт болуы қажет. Мұның барлығын жасағанша заңсыз жүре бергеніміз дұрыс дейтіндер көп. Еш жерде тіркелмесе, мемлекеттік нөмірі болмаса, жүргізушісінің бет-жүзі шлеммен жабылса, онда бұл проблема. Мұндайда көшелердегі бейнебақылау камералары ғана көмектесе алады. Егер видеобақылау болмаса, мопед жүргізушілері аулаларға тығылып, жазадан құтылып та кетеді. Сондықтан жұмысты жеңілдетіп, мопедтерге арнайы нөмірді оңай жолмен беріп, оны тіркетіп алған үкіметке де тиімді емес пе?! Бұдан соң тіркеуден бұрын біздегі жолдардың сапасы да мопед, мотоцикл, скутер айдауға келмейді. Бұл техникалар жолды қатты талғайды. Зулап бара жатып ойқыш-ұйқыш жолдарға ұрынсаң, бірден апатқа ұшырайды. Полиция қуып, көліктің астына кіріп кетіп мерт болған мопед жүргізушілер де бар. Таяуда ғана бір әріптесім тауар жеткіземін деп жолдың ортасындағы ойылып жатқан шұңқырға түсіп қолын сындырып, екі ай жұмыссыз жатты. Кореяда мұндай жағдай болса, жұмыс беруші курьерге өтемақы төлейді. Сол жолды төсеген, жолды күтіп қарай алмаған жауапты ведомстволар жауапқа тартылады. Айыппұл өндіріледі. Бізде ондай жоқ. Сондықтан бұл арада шенеуніктер талап қоя бермей, осы мәселелерді де шешуі керек».

«Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабын түсінбей жатқандар көп. Бұған қатысты «заң қабылдағанда неге сол заңды толық қарап барып, халыққа тиімді жағын қабылдамайды» дейтіндер де жетерлік. Заңның мопедтерге қатысты «бабы келіспеді» дейтіндердің бірі «дөңгелетіп отырған кәсібіме зиян келді» десе, енді бірі «отбасын асырап отырған нәпақадан қағылатынына» қынжылады. Қалай десек те, қозғалтқыш күші аз болса да енді мопед автокөлікпен бірдей теңестірілді. Осылайша, тіркеуі қиын демесең, мопедтің де атағы дардай болып шыға келді.

Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбекке хабарласып, мопедтің жағдайы енді қалай болады деп сұрағанбыз. Ешқандай өзгеріс болмайды деп жауап берді.

«Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 615-бабының нормалары бойынша біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Олар мопед деген ұғыммен емес, жол жүру қозғалысына қатысушылар деген ұғыммен. Негізі заңнама күшейтіледі. Мопедтерді бөлек көлік құралы етіп санайды, сондықтан мопедті тізгіндеген азаматтар міндетті түрде өз көлік құралын тіркеуге қою керек және жол жүру куәлігін иемденуі тиіс», – деп жауап берді.

Ал орта жолдан қосылған нотариус және өзге де мәселелер бойынша редакциямызға хабарласқан азаматтардың сауалын ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне жолдадық. Ержан Сәденов басқарып отырған, мопедтің жайын үлкен мәселеге айналдырып, министрліктің жауабы келсе, алдағы уақытта оқырмандарымызға ұсынатын боламыз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: