Күрестен күштік құрылымдар арасында чемпионат өтті
Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубында Қазақстанның күштік құрылымдары арасында қазақ күресі мен самбодан чемпионат өтті.
Жарыстың ашылу рәсіміне қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Министр спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен көрермендерді құттықтап, мұндай жарыстардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жақсартатынын атап өтті.
«Боз кілем үстіндегі тартыс нағыз үздіктерді анықтап қана қоймай, бөлімшелердің кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Іріктеу кезеңдеріне үш мыңнан астам балуан қатысты. Турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттауда, жауынгерлік рухты көтеруде және күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда маңызды рөл атқарады» – деді Дәурен Қосанов.
Чемпионатқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі және Ұлттық ұлан атынан 30 команда құрамында 200-ден аса спортшы қатысты. Қазақ күресінен 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде, ал самбодан 58, 64, 71, 79, 88, 98 және 98 келіден жоғары салмақта белдесулер өтті.
Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуовтің айтуынша, жарыс қорытындысы бойынша күштік құрылымдардың құрама командалары жасақталып, олар халықаралық додаларға Қазақстан атынан қатысады. Атап айтқанда, спортшылар Әскери спорттың халықаралық кеңесі аясындағы әлем чемпионаттарына және Өзбекстанда өтетін кураштан алғашқы әлемдік жарысқа қатысады.
Чемпионаттың жабылу салтанатында қазақ күресінен өткен ашық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Салтанатты рәсімге Дәурен Қосановпен қатар Парламент депутаттары, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан және қазақ күресі федерациясының бірінші президенті Ерғали Мұхадинов қатысты.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өз шеберліктерін, жеңіске деген жігерін және спорттық дәстүрге адалдығын көрсетті. Нәтижесінде жасақталған құрама алдағы әлемдік бәсекелерде Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Еламан Өмірхан