Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Құрғақ уәде, құр жол: 800 миллионға шаң төселді ме?

Жаркент жолы
Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысы, Жаркент қаласындағы екі көшенің жөндеу жұмыстарына бөлінген 787,8 миллион теңге желге ұшты ма?

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода жөнделуі тиіс көшелердің әлі күнге дейін шаң-топырақ басып жатқанын көруге болады. Жергілікті тұрғындар билікке наразы. Жобаның аясында мердігер компания екі көшені жөндеп, жаяу жүргіншілерге арналған жол салып, көпір тұрғызуы тиіс болған. Алайда құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмаған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба 2 жылға жоспарланған. 2022-2023 жылдары 200 миллион теңгедей қаржы бөлініп, оған тротуарлар салынған. Ал негізгі жұмыстарға — жол төсеу мен көпір салуға арналған 587 миллион теңге 2024 жылға жоспарланған еді.

Бірақ мердігер мекеме уақыт талабын орындай алмаған. Нәтижесінде, әкімдік оларды сотқа берген. Экономикалық сот 147 миллион теңге көлеміндегі авансты кері қайтару жөнінде шешім шығарды.

Алайда тұрғындар үшін басты мәселе — жолдың әлі күнге дейін шаң басып жатқаны. Күн ысығанда көше бойында тұру мүмкін болмай, ал жаңбырлы күні батпаққа айналады.

Қыруар қаржы бөлінсе де, нәтиже көрінбейді. Бұл жағдай мемлекеттік сатып алудағы бақылау мен жауапкершілік мәселесін қайта көтеріп отыр. Қоғам жолдың нақты қашан толық жөнделетінін білгісі келеді, бірақ оған әзірге нақты жауап жоқ.14:49Message

Тегтер: