Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:26

Құрылымы күрделі, термині аударма қазақ тілі және жасанды интеллект

ЖИ
Фото: Ашық дереккөз

Кез келген тілдің дамуын айғақтайтын дүниелердің бірі – оның кеңістіктерді, кәсіби салаларды еркін игеруі. Яғни қандай да бір кәсіптегі мәселелерді өз тіліңде толық талқылай алмасаң, ұлттың да дамуы кешеуілдейтінін тарих дәлелдеп берді. Себебі кез келген тілдің болашағы ұлттың дамуымен тікелей сабақтасып жататыны анық.

Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші. Тіл туралы осылай ой өрбітсек, іргелі мәселенің басы қылтиып шыға келеді. Мейлі медицина, не инженерия, тіпті архитектура саласы болмасын, түрлі кәсіп пен ғылым саласын қазақ тілінің игеруі әлдеқайда кешеуілдеп жатқан тәрізді. Кеңістіктерді, кәсіп пен билікті еркін игерген қай тілдің де қолдану аясы кең болмақ. Алайда конституциясы орыс тілінде жазылып, қазақшаға сапасыз аударма жасалған елде ғылым мен кәсіп салалары орыс тіліне басымдық берілгені таңғаларлық жағдай емес. Бүгінгі билік пен бизнестің тілі орыс тілі болып тұрғаны да жасырын емес.

2000 жылдардың басында еліміздегі тіл саясаты «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұранның төңірегінде ғана құрылса, келесі он жылдықта билік басындағылар «Қазақша контент пен әдебиеттің қатары көбейсін» деп ұрандатумен ғана болды. Кейбір пікірлер бойынша ең алғаш тәуелсіздік алған жылдары халық арасында қазақ тіліне деген үлкен ынта болған деседі. Ал қазір сол процесс кері кетіп бара жатқан секілді. Қандай да бір мекемеге жұмысқа тұру үшін орыс тілін білу міндетке айналды. Яғни қай салада болсын, бүгінгі маман үшін орыс тілін білу артықшылық емес, басымдық саналады. Осы орайда, тіл мәселесін шешудегі басты талап – қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру. Ал қажеттілік тудыру үшін ең алдымен, билікті, одан соң бизнес пен кәсіп салаларын, ғылымды қазақша сөйлету керектігі айтпаса да түсінікті. Уақыт өткен сайын ғылым жаңарып, техника түрленіп жатыр. Соның бірі – жасанды интеллект. Бұл салада да қазақ тілінің өрісі тар, кедергісі көп.

Осы орайда біз бүгін Qazaqsha jaz жобасының авторы Жалғас Ертай мен саясаттанушы Аман Мәмбетәлінің пікірін білдік. Сондай-ақ жасанды интеллект маманы Рустам Алтайұлы бүгінгі технологияны қазақ тілінде игеру барысында кездесетін қиындықтар мен проблемалық мәселелер туралы ой тарқатты. 

Жалғас Ертай: Билікке қазақ тілі керек емес

– Біздегі әртүрлі салалардағы қазақ тілінің дамуы кешеуілдеп жатуына бір ғана себеп болса, биліктің қай саланың да қазақ тілінде дамуына қажеттілік тудырмауында, ырық бермеуінде. Қоғамдағы қай сала болмасын, орыс тілінің доминанты орнаған, ал қазақ тілі сол орыс тілінен сапасыз аударма күйінде ғана қалып жатқаны өтірік емес. Сол себепті мемлекеттің дамуына ықпал ететін кез келген салада қазақ тіліне басымдық бермей, мейлі ол медицина, инженерия әлде архитектура болмасын, кез келген саладағы іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуіне мүмкіндік тумай, қазіргідей тек аударма түрінде ғана қала берсе, артық әңгіме айтып керек те емес. Сондықтан бұл жерде басты мәселе – өміріміздің, қоғамның қалыптасып, дамуына әсер ететін әркелкі салалардың қазақ тілінде дамымауы емес, олардың мемлекеттің рұқсат беруімен қазақ тілін тек жанама аударма күйде қалдырып, тек орыс тілінде жүріп жатқаны. Егер билік басымдықты қазақ тіліне беретін болса, бастапқы уақытта ілдім-салдым сапасыз болғанымен, уақыт өте келе, бюрократияға апарары анық. Әртүрлі саладағы қазақтілді контенттің даму жолы да бірден жолға түсер еді. Осы орайда басты назарды сол саланың дамуы не дамымауына емес, кез келген саладағы биліктің басты назарға алатын приоритетіне аударғанымыз жөн. Бүгінгі билік, мойындауымыз керек, қай саланы да орысша дамытуды қалап отыр, осы себепті де қазақ тілінің дамуы кемшін.

Жалғас Ертай

Бүгінгі қазақ тілінің поэзия мен әдебиеттен басқа жасампаздықпен айналысатын саласы жоқ. Қазіргі қазақ тілінің жалғыз ғана жасампаздықпен айналысатын саласы – журналистика, филология, поэзия мен проза, тарих сынды гуманитарлық ғылымдар. Басқа салалардың барлығы дерлік тек аударма түрінде ғана дамып жатыр. Тағы айналып келгенде, бұл проблемаға басты себепкер – билік. Қазақстан билігі осындай тіл саясатына жол беріп отыр, соны дұрыс санайды. Егер билік ертеңнен бастап қазақ тілін әртүрлі салада дамытқымыз келеді деген шешім қабылдаса, қазақ тілі әдебиет пен поэзияның тілі боп қана қалмас еді. Біздің елде орыс тілі негізгі тіл саналады. Кеңес үкіметінен қалыптасқан дәл осы дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қазір кез келген мекемеге жұмысқа орналасу үшін орыс тілін білу міндетті қабілетке айналды. Не себепті? Себебі күллі іс-қағаздар орыс тілінде жүргізіледі. Біз әлі күнге себеппен емес, салдарымен ғана күресіп келеміз. Бүкіл бюрократия мен құжат орыс тілінде жүргізілетін елде бизнес те орысша сөйлеуі заңды. Бюрократияның және іс-қағаздар жүргізудің негізгі тілі орыс тілі болып тұрғанын мойындауымыз керек.

Қоғамдағы қажеттілікті тудыратын – билік. Билік қазақ тілін қажет етсе, кез келген ғылым да, кәсіп те қазақ тілінде сөйлеуді бастайды. Қазақ тілінде іс-қағаздар мен құжаттар жасайтын мамандар іздесе, сұраныс бүгін-ақ артып кетеді. Мәселен, үкімет бизнес, салық декларациясын, тендер құжаттарын, сыртқы және ішкі экономика құжаттарын қазақ тілінде тапсыру міндетті деген талап қойса, қажеттілік те артады. Менің ойымша, біздің елдегі тілге қатысты негізгі мәселе билік қазақ тіліне қажеттілік тудырғысы келмейді. Себебі бүгінгі билікке қазақ тілі керек емес. Билік қашан қажеттілік тудырады, сол кезде бизнес те, қоғам да, ғылым да – бәрі қазақша сөйлейді.

Рустам Алтайұлы: Қазақ тілінің грамматикалық ережесін жасанды интеллектіге үйрету қиын

– Кез келген тілдің дамуы мен болашағы оның ғылыми-техникалық салаларды меңгеру деңгейіне байланысты екені рас. Жоғары оқу орнында бізге оқуға ұсынатын кітаптардың, техникалық әдебиеттердің барлығы орысша болды. Өзіміздің техникалық мамандықтарға қатысты қай әдебиетті тапсақ та, кездескенінің барлығы дерлік орысша еді. Біз қазақ тобында оқыдық, сондықтан көп кітап, мақаланы орысша оқимыз не өзіміздің қабілетіміз жеткенше қазақшалап аламыз. Техникалық әдебиеттер мүлде жоқ деуге келмес, бірақ көбіне-көп түсініксіз, аудармасы сапасыз. Осы орайда, қазақ тілінің қазіргі технологиялық саладағы орны мен дамуын бірнеше тұрғыдан қарастырсақ болады. Біріншіден, тілдің дамуы тек оның күнделікті өмірде қолданылуымен, әдебиет, ақпарат көздерімен ғана шектелмей, кәсіби, ғылыми, әрі технологиялық бағыттағы әлеуетін де қамтуы тиіс деп ойлаймын. Бұл қазақ тілінің дамуымен қатар, оның техникалық терминологиясын қалыптастыруды, оны ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника және басқа да ғылым салаларында қолдануға мүмкіндік береді.

Рустам Алтайұлы

Өз бағытым бойынша қазақ тілін ЖИ саласында қолдану біршама қиын әрі күрделі жұмыс. Себебі ЖИ жүйелерінің басым көпшілігі әлемдік тілдерде дамыған, яғни негізінен ағылшын тілінде. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту үлгілері үлкен деректер жиынтығымен оқытылады. Қазақ тіліне қатысты сапалы, әртүрлі тақырыптарды қамтитын деректер базасы өте аз. Бұл қазақ тілінде табиғи тіл өңдеуді (NLP) дамытуда қиындықтар тудырады. Мысалы, GPT, BERT сияқты үлгілердің қазақша нұсқалары тек соңғы жылдары пайда бола бастады, бірақ әлі де сапасы ағылшын, қытай, орыс тілдеріндегі аналогтардан әлдеқайда төмен. Оның үстіне, бүгінде қазақ тілінде IT саласына арналған оқулықтар, курстар, техникалық құжаттамалар өте аз. Егер біреу бағдарламалауды немесе басқа да саланы үйренгісі келсе, көп жағдайда орыс немесе ағылшын тіліне жүгінуге мәжбүр. Осыдан «қазақша техникалық терминология қалыптасты ма?» деген сұрақ туады. Көптеген терминдер қазақ тіліне аударылғанымен, олар IT мамандары арасында кеңінен қолданылмайды. Себебі олар жасанды естілуі мүмкін немесе көпшілік орысша, ағылшынша нұсқаларына үйреніп кеткен. Байқағаным бойынша, көптеген IT-компаниялар мен стартаптар қазақтілді аудиторияға арнайы өнім ұсынуға асықпайды. Өйткені негізгі нарық орыс және ағылшын тілді тұтынушыларға бағытталған. Мысалы, көптеген танымал бағдарламалық өнімдердің, Windows, Microsoft Office, Adobe өнімдері дейік, ешқайсысының қазақша нұсқасы жоқ немесе тек ресми аудармамен шектелген.

Егер біз бұл бағыттарда жұмыс істесек, қазақ тілі технология саласына еніп, толыққанды ғылыми және кәсіптік тілге айнала алады. Тіл тек әдебиет пен күнделікті сөйлесуде ғана емес, ғылым мен инновацияда да бәсекеге қабілетті болуы керек. Мысалы, нейрондық желілер, машинамен оқыту (machine learning), табиғи тілдерді өңдеу (NLP) секілді тақырыптар осы ағылшын тілінде терең зерттелген. Ал қазақ тілі үшін осындай жүйелерді жасап, тілдің құрылымына сәйкес бейімдеу, аударма, сөйлемді тану, мәтіндерді өңдеу жұмыстарын тиімді жасау үшін әлі де көп зерттеулер мен ресурстар қажет. Қазақ тілінің грамматикалық құрылымы өте күрделі. Бұл жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілін дұрыс түсінуін, оны өңдеуін қиындатуы мүмкін. Мысалы, қазақ тілінде сөздердің түбірі мен жалғауы, сөйлем құрудың өзіндік ережелері бар. Мұны, әдетте, жасанды интеллект жүйесіне үйрету өте қиын. Екінші мәселе – қазақ тілінде техникалық терминологияның толық дамымауы. Технологиялық, әсіресе бағдарламалау мен жасанды интеллект саласындағы терминдер көбінесе ағылшын тілінен аударылған. Ал бұл аудармалар көбіне-көп дөп түсе бермейді.

Аман Мәмбетәлі: Алдағы он бес жылда қазақтілді қоғам қалыптасады

– Тарихқа көз тастасақ, бұл жағдай бүгін не ертең пайда бола салған мәселе емес. Қысырау заман кезеңдерінде сегрегация салдарынан қазақ тілінде жоғары білім беретін институт тек Алматыда ғана болды. Оның өзінде, қазіргі ҚазҚҰПУ тек бастауыш және орта сынып мұғалімдерін ғана дайындайтын. Жоғары білімді шет тіл алып, мамандар өзге тілде дайындалғандықтан, сол жетпіс жылдың ішінде жоғары қызметтегі жандардың тілі де, санасы да орыстанып кетті. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылдың ішінде бұрынғыға қарағанда ілгерілеу, өзгеріс бары анық. Демографиялық тұрғыдан да бірэтносты мемлекетке айналып жатырмыз.

Аман Мәмбетәлі

Бұл өзгерістің өзі қазақтілді қоғам құруда ықпал ететін үлкен фактор десек болады. Бүгінде баласын қазақ тіліндегі мектепке беретін, күнделікті тұрмыста қазақ тілін қолданатын ата-ана, отбасылардың саны артқан. Соған қарамастан, тіл саясатына келгенде мәселелер әлі де шешілмей тұрғаны рас. Әсіресе қоғамдағы тіл турасында конфликт тудырып отырған кризистік құбылыстардың арты даулы мәселелердің басын ашып жатыр. Билік қазақша сөйлемей, қоғамда өзгеріс орнауы қиын. Осы орайда үкімет тарапынан тексерісті өз қолына алып, қатаң жүргізетін болса, билік те, бизнес те қазақша сөйлеу процесін жеделдетеді. Негізі үлкенді-кішілі кәсіптерді қазақ тілінде жүргізу деген билік тарапынан талап болса, әлдеқайда дұрыс болушы еді. Қазір қазақ пен қазақ қана емес, өзге ұлт өкілдері де қазақпен қазақ тілінде қарым-қатынас құруға талпынатыны байқалады. Болжауым бойынша алдағы он-он бес жыл ішінде қоғамда қазақша сөйлейтіндердің бәсі артып, қазақтілді қоғам қалыптасады. Кәсіптер, ғылым салалары да қазақша сөйлеп бастайды. Ақырын да болса, бұл процесс жүріп жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қазір қазақ тілінде білім алып жатқан буын болашақта жоғары білімді де қазақ тілінде алары анық. Осылайша, қазақтілді ғылым салалары, кәсіп түрлері қалыптасады. Көп жағдайда үлкенді-кішілі кәсіптердің қазақша сөйлеуі халық сұранысына байланысты. Халық тарапынан телефон қолданбаларын қазақ тіліне ауыстыру, әртүрлі орындарда қазақша қызмет көрсетуді талап ету арқылы кәсіп иелеріне қазақ тіліне сұраныс, қажеттілік барын ұғындырамыз деп ойлаймын.

Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тууы керек. Ал қажеттілік жасаудың нақты екі жолы бар: бірі – атап өткенімдей, билік тарапынан талаптың қойылуы. Қазақ тілін биліктің тіліне айналдырып, заң тұрғысынан кәсіп пен ғылым салаларына қазақ тілінде жүргізуді талап қып қойса, еріксіз түрде болсын қазақша сөйлейтін қоғам қалыптасады. Ал екіншісі, халықтан сұраныс болуы. Егер жалпы халық жаппай жұмыста, кафеде, әртүрлі орындарда тек қазақ тілінде сөйлеп, азаматтар тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасаса, сұраныс туындайды. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген мысал.

Дайындаған: Ақгүлім Ерболқызы