Құрылыс министрлігі шенеуніктерге арналған көліктерді жалға алуға 93 млн теңге бөлмек
Құрылыс министрлігі биыл 1 наурыздан 31 желтоқсанға дейін қызметтік мақсатта жеті жеңіл көлікті жалға алуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 93 миллион теңге жұмсау көзделген.
Министрлік талаптарына сәйкес, алты седан 2020 жылдан, ал бір көлік 2023 жылдан бұрын шығарылмаған болуы тиіс.
Көліктердің техникалық сипаттамалары да нақты белгіленген:
- түсі қара;
- былғары салон;
- автоматты беріліс қорабы;
- дабыл жүйесінің болуы.
Сонымен қатар көлік құралдары үнемі таза, жағымсыз иіссіз болуы қажет. Қыста салон жылы, жазда салқындату жүйесі толық жұмыс істеуі тиіс.
Жүргізушілерге де арнайы талаптар қойылған: кәсіби санатының болуы, күнделікті медициналық тексеруден өтуі, іскерлік киім үлгісін сақтау, құпиялылықты қамтамасыз ету және әр көлікке тұрақты ауысымдық жүргізушілерді бекіту.
Қызмет көрсетуші ұйым демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, шенеуніктердің өтінімі бойынша тәулік бойы автокөлік беруді қамтамасыз етуі тиіс.