Құрылтай өтеді, құрқылтайлар қалады...

14 наурыз күні Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Шынын айту керек, түрлі кеңес, жолдау, бағдарлама сияқты науқандардан әбден көңілі қалған жұрт Көкше жеріне көз тіге қарап отырды дей алмаймыз.
Аты Ұлттық құрылтай болғанымен, күнделікті көп жиналыстың бірі сияқты өтті де, кетті.
Оның үстіне отырыс жабық өтіп, тікелей трансляция болған жоқ. Кейін президент сөзінің толық видеожазбасы шықты. Ал басқалары Құрылтайда не айтқанын өздері әлеуметтік желіде жазып әлек болды. Арасындағы танымалдау спикерлердің сөзінен БАҚ-та үзінділер жарияланды. Бірақ ресми БАҚ-тағы ақпараттан гөрі әлеуметтік желідегі насихатшыл ағайынның дүрмегі басымдау көрінді. Құрылтай, жолдау, үкіметтің кеңейтілген отырысы сияқты мәжілістерден кейін президенттің сөзін тәпсірлеп, талқылап, науқанға айналдырып әкететін әдетіміз бұл жолы да жалғасын тапты.
Әсіресе мәжіліс депутаттары мен билікшіл сарапшылар Бурабайда бар проблеманың түйіні шешілгендей жарыса жазба жариялап жатыр. Бірі «Құрылтай – дала демократиясының жалғасы» десе, екіншісі «Құрылтай – билік пен халық арасындағы алтын көпір» деп, мақтауын асырды. Осы айғай-шу Құрылтайдың өзін көмескіде қалдырып, онда айтылған мәселелерді бір шетке ысырып тастағандай көрінді.
Бірақ Құрылтайға мұндай жоғары баға бермейтін, тіпті оны басы артық құрылым деп санайтын адамдар да аз емес. Сыни көзқарастағы жұрт Құрылтайда ауқымды проблемалар айтылмайтынын алға тартады. Билік өзіне ыңғайлы адамдарды жинап алып, өзі естігісі келетін сөздерді ғана айтқызады деген пікір бар.
Ұлттық құрылтай алғаш құрылғанда билік басындағылар оны елдегі өзекті тақырыптарды талқылайтын жаңа диалог алаңы деп әспеттеген. Құрылтай құрамына әр аймақтағы халықтың сөзін сөйлей алатын, бірақ мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған азаматтар кіріп, маңызды ұсыныстар айтады деп сендірген.
Бірақ шын мәнінде олай болған жоқ. Құрылтайға мәжіліс депутаттарының көбі мүше болып отыр. Жыл он екі ай басты заң шығарушы органда отырып, қолындағы заңды мүмкіндігін пайдалана алмаған мәжілісмендер бір күндік Құрылтайда не айтып жарытпақ? Олар мәселе көтеріп, ұсыныс айтам десе, парламент мінбері жетпей ме? Демек депутаттарды Құрылтай құрамына қосу дұрыс шешім емес.
Егер билік шынымен дала демократиясын жаңғыртып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес құрғысы келсе», Құрылтай мүшелерін өздері таңдап алмай, ел ішіндегі айтары бар азаматтарға мүмкіндік берер еді. Сонда ғана құрылтайдың құндылығы артып, пайдасы көбейер еді. Ал қазіргі Құрылтай 2019 жылы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жалғасы іспетті жұмыс істеп жатыр.
Көкшетауда не айтылды?
Ақордадағы идеологтар Құрылтай өтетін орынды таңдауға белгілі бір қисынға жүгінетінін айтып жүр. Мысалы, алғашқы отырыс – қазақ ұлысының негізі қаланған Ұлытауда, екінші отырыс – рухани астанамыз Түркістанда, үшіншісі – тарихи қала Сарайшықтың құрметіне Атырауда өткен. Ал биылғы жиналыс Абылай хан ордасын тіккен Бурабайда ұйымдастырылып отыр. Келесі, V отырыс – қазақ елінің алғашқы астаналарының бірі Қызылордада өтеді.
Ұйымдастырушылар қазақтың құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртып жатырмыз деп есептейді. Бірақ ата-баба салтымен сауын айтып, жұртты жинап жатқан ешкім жоқ. Билік басындағылар өздері ғана жиналып, жабық кеңес өткізіп жүр. Ұлттық деген сөзді сипаттайтын жалғыз белгі – құрылтай эмблемасындағы шаңырақтың бейнесі шығар. Сондай-ақ отырыс өтетін залда шаңырақ кескіні мен ою-өрнектер көзге түседі. Ал басқасы үкімет үйіндегі күнделікті жиналыстармен бірдей, тіпті қатысатын адамдар да көп өзгермейді.
Биылғы отырыста «насыбайға тыйым салу», «елтаңбаны өзгерту» сияқты ұсыныстар айтылмады. Бірақ Ұлттық құрылтайда сөз болған мәселе деп, ауыз толтырып айтатындай да жаңалық болған жоқ. Дегенмен жұрт назар аударуы мүмкін бірнеше түйінге тоқтала кетейік.
Салық реформасы. Қазақстан үкіметінің былтырдан бергі бар ойы – салық жүйесін қайта қарап, бюджетке түсетін қаржыны көбейту. Атап айтқанда, қосымша құн салығын көтеру ең басты мақсат болып отыр. Бурабайдағы Құрылтайда осы жоспарды нықтай түсетін соңғы нүкте қойылғандай болды. Демек ҚҚС жақын арада өседі. Салық-бюджет мәселесіне қатысты ұсынысты депутат Ерлан Сайыров бастаған құрылтай мүшелері ортаға салыпты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында көп табыс тапқандар көп салық төлеуі керек екенін айтқан. Үкімет осы тапсырманы іске асыруға әлі кіріскен жоқ. Керісінше, ақша айналымы 15 млн теңгеден енді асқан шағын кәсіпкерлердің қалтасын аңдып жүр. Экономист Әнуар Нұртазин «Жас Алашқа» еліміздің салық жүйесі дұрыс емес екенін айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанда көп қаржы табатындар аз салық төлеп, аз табатындар көп төлейді. Ал Еуропада байлар көбірек төлейді. Бірақ президент айтқан прогрессивті табыс салығын енгізу кешеуілдеп жатыр.
АЭС. Құрылтайда елімізде Ядролық энергетика агенттігі құрылып, бір емес, үш атом электр станциясы салынатыны айтылды. Үш АЭС салынатыны жайлы биыл қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылғандықтан, бұл сөз көпшілікті аса таңғалдыра қойған жоқ. Ал жұрт баса назар аударып отырған – АЭС-ті кім салады деген сұраққа бұл жолы да жауап берілмеді.
Уақыт белдеуі. Былтыр наурызда еліміз тұтас UTC+5 уақыт белдеуіне көшкен. Бұған бірнеше облыстың тұрғындары наразы болып, петиция жариялаған. Бір жылға жалғасқан дауға жақында нүкте қойылды. Үкімет уақыт алмастырудың адам ағзасына еш зияны жоқ деп, біртұтас уақыт белдеуін қалдырды. Құрылтайда бұл мәселеге қатысты пікірталасты тоқтату керек екені айтылды. Сірә, осы кеткеніміз кеткен сияқты.
Қоғамдық әдеп. Желідегі жалған және өзгенің ар-намысына тиетін ақпаратқа тыйым салу туралы айтылды. Сондай-ақ жат діни ағымның жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқаны, елде дін бостандығы бар болғанымен, жүгенсіздікке жол берілмейтіні айтылды.
Бұдан бөлек, қайырымдылық қорларының жұмысын бақылауға алу жайлы сөз болды. Бұл да билік көз тігіп жүрген салалардың бірі. Үкімет қаржы көп түсетін қорларды қолға алуға қарсы емес. Бұл ұсыныс былтырғы атышулы Перизат Қайрат ісінің жалғасы деуге негіз бар. Сондай-ақ жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтарға» да тықыр таянатын сияқты.
Ономастика саласы. Көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесі орталықтан шешілмек. Шамасы алыс облыстағы көше атауын өзгерту үшін Ақордадан рұқсат сұрауға тура келетін сияқты. Қазіргі тәртіп бойынша жергілікті органдар тамыр-таныстыққа салынады деген уәж айтылды. Жақында депутат Жигули Дайрабаев солтүстік облыстардағы жер-су аты Ресейді еске салады деп сауал жолдап, содан көп өтпей «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кеткен. Құрылтайдағы ұсыныс Дайрабаевтың дауынан басталып жатса, таңғалмаңыз.
Сондай-ақ президент «тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе» деді. Бірақ нақты ешкімнің аты аталмады.
Саяси реформа. Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстанның» ұраны болған саяси реформа жайлы кейінгі кезде көп айтылмайтын болды. Билік елде саяси реформа толық аяқталды деп санайды. Бурабайда да бұл тақырып көп сөз болған жоқ. Тек жергілікті билік жаңарып, ауыл әкімдерінің 72 пайызы ауысқаны, парламенттің құзыры және үкіметтің жауапкершілігі артқаны, Қазақстан 3 жылда жаңа тұрпатты елге айналғаны айтылды.
Сондай-ақ туризм, руханият, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, инфрақұрылым жайлы сөз болды. Сондай-ақ Құрылтайда үкімет бизнеске қысым жасамайтыны айтылды. Бұл сөз жақында БАҚ-та тараған Олжас Бектенов үкіметі Айдын Рақымбаев сияқты алпауыт кәсіпкерлерді қырына алды деген ақпаратты жоққа шығаруға арналғаны анық. Президенттің «кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын» деген сөзінен кейін ірі кәсіпкерлерге жаңа міндет жүктелуі мүмкін. Әдетте мұндай ұсыныстар бизнесмендерге тапсырма сияқты әсер етеді. Былтыр су тасқыны кезінде көмекке «тиын-тебен» аударумен шектелген кәсіпкерлер президент сөзінен кейін іске шындап кіріскен.
Ұлттық құрылтайдың алдындағы секция отырысында 120-дан аса ұсыныс айтылды деген ақпарат бар. Оның арасында ақылға қонымдысы да, қонбайтыны да бар. Мысалы, депутат Аманжол Әлтай «Тұлпар күнін» белгілеуді ұсынса, оның әріптесі Айдос Сарым «ешкімді жау санамайтын идеология» қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Құрылтайдан кейін билікшіл сарпшылар «Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді», «Ұлттық құрылтай – ел болашағы үшін маңызды қадам» деген сияқты ұран тастай бастады. «Әр заманның өз құрқылтайы бар» деген осы шығар...
«Реформа жасау үшін жаңа институт ойлап табудың қажеті жоқ»
Саясаттанушы Әзімбай Ғали елде реформа жасау үшін қандайда бір жаңа институт ойлап табудың қажеті жоқ екенін айтады.

«Ұлттық құрылтай – ресми институт емес. Конституцияда жеке орны жоқ, ұлттың ұйысуына белгілі дәрежеде қызмет ететін ұйым. Бірақ билік Құрылтайды саяси мақсатта, билігін күшейтуге жұмсамаса ғана оң нәтиже береді. Екі палатадан тұратын парламент тұрғанда қосымша Құрылтай құрудың қанша қажеті бар деген сұраққа келсек, бұл бейресми институт. Сондықтан онда белгілі бір алтернативалық позиция ұстанады деген сенім болған. Бірақ бұрыннан келе жатқан ескі проблемаларды бұл институт арқылы шешу мүмкін емес. Билік қазір біршама реформа жасап жатыр деп есептеймін, бірақ енді саяси реформаларды қолға алуы керек. Ол үшін жаңа институт ойлап табудың қажеті жоқ, қолда бар заңнамалар арқылы да жұмыс істеуге болады».
Ұлттық құрылтайды ұлықтап жатқандар оның бұған дейінгі пайдасы жайлы көп ештеңе айта алмайды. Тек Құрылтайдағы ұсыныстар негізінде «әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі туралы заң», «вейп саудасына тыйым салу», «мемлекеттік награда мен ономастика туралы заң» қабылданғанын айтады. Мұның бәрі құрылтайсыз да қабылданатын, күнделікті айтылып жүрген проблемалар болатын.
Қуаныш Қаппас