Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 08 Сәуір 2022

Күріш көлемі жылдағыдан кем егілуі мүмкін

None
None

Өзге өңірлерде су тасқыны болыпты десе, қызылордалықтар тосырқай тыңдайтындай дәрежеге жеткен.

Кешегі Аралдың Қамбаш көліндегі дауылдың кесірінен сыртқа шығып, кәсіпкерлік нысандарды қиратып кеткен қатқақ мұздақтардың өзін жақсылыққа жорып жүрген халық үшін Сырдың суы әлі өзекті. Жергілікті билік су тартудың әлегімен жүрсе де, оның ұштығы жоғарыға барып тірелетіні рас.

Соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы тартылып, облыстың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын күрделендіріп тұр. Жыл сайын осы судың тапшылығынан күріш өсіру көлемі де қысқарып келеді. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, биыл күріш көлемін 25% қысқарту болжанып отыр екен. Бұл диқандарды қатты алаңдатып отыр. Өйткені күріш егісі қысқарса, одан бөлек, жұмысшы қолы да қысқарады. Ал күріш егісінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов, әзірге биылғы жылға су лимиті белгіленбепті. Ол наурыз айының аяқ шеніне таман толықтай анықталады дейді.

«Белгілісі, биылғы жылы да су көлемі төмен. Қырғыз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында қазір 7,9 млрд текше метр су жиналған. Былтырғыдан 1,1 млрд текше метрге аз. Жоғары бөліктен Шардара су қоймасына секундына 656 текше метр су түсіп жатыр. Төменгі бөлікке секундына 200 текше метр су босатылуда. Облыс шекарасына 179 текше метр су өтіп жатыр. Ал Қызылорда су торабынан төменгі бөлікке 105 текше метр су жіберілуде», – деді Сейітхан Әбуов.

Мамандардың айтуынша, Нарын-Сырдария алабында орналасқан су қоймаларындағы нақты жиналған су көлеміне байланысты су тапшылығы өткен жылғыдан күрделі болады деп болжануда. Осыған орай дария арқылы келетін суды барынша үнемді пайдалану мақсатында дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес орналастыру басты мәселе болып тұр.

«Биыл жоспар бойынша теңгерімдегі 81 шақырым магистралды және шаруашылықаралық каналға және 10,5 шақырым қашыртқыға механикалық тазарту, 44 гидротехникалық құрылысқа ағымдағы және күрделі жөндеу жоспарланды. Оған қоса 5 су өлшеу бекетін қалпына келтіру ойластырылған. Қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында республикалық бюджет есебінен 67 насос қондырғысын алуға сұраныс жасалды», – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Су шаруашылығы мамандары қазірден бастап диқандарды суды үнемдеуге шақырып отыр.

«Шаруаның қанша гектар егетіні, қысқарту жағын айтпаймыз. Суды екі облысқа бірдей пайыздық көрсеткішпен бөлеміз. Егерде Қызылорда облысынан 10% қыстартатын болсақ, Түркістан облысынан да 10%-ды қысқартамыз. Ал суды егістіктеріне жеткізу, егіншілердің суды үнемдеп пайдалануына байланысты», – дейді Сейітхан Абуов. Бұл мәлімдемеге «Қазсушар» өкілі Жорабек Ерназаров келіспейді. Оның айтуынша, Шардара суының көп мөлшері оңтүстікке қалып жатқан көрінеді.

«5,2 млрд текше метр судан, Шардара су қоймасында қалатын 1 млрд,  Қызылқұм каналы алатын 1 млрд, Достық каналына, Мақтаарал, Жетісай аудандарына беретін суымыз 600-800 млн куб cу кетіп жатыр. Осының бәрін есептесек, Сырдың төменгі ағысына, күріштігімізге қалатын ештеңе жоқ», – деп кесіп айтты Ж.Ерназаров.

Бұл енді облысаралық мәселеге айналып тұр. Аймақ басшысы дереу  Шымкент, Түркістан әкімдерімен бір мәмілеге келмесе, диқандар күріш егу көлемін азайтуға мәжбүр болып, өндіріс төмендеп, күріш бағасындағы қымбатшылықты қолдан жасау ықтималдығы болуы кәдік. 

«Қоршаған орта және Арал төңірегіндегі халықтың денсаулығын қорғау орталығы» болса Сырдарияның тартылуы облыс тұрғындарының денсаулығына кері ықпал етіп, аурулар көрсеткіші жоғарылағанын айтады. Бұдан бөлек Сырдарияда жеткілікті су болмаса әлеуметтік-экологиялық жағдайымызда ушығып кетейін деп тұр. Оның сырын орталық директоры Смағұл Сейітовтің алаңдап отырғанынан ұғамыз.

«Сырдарияның тартылуы адамзат үшін ауыр жағдай. Аралдың жағдайын жақсы білесіздер. Соңғы 15 жылдан бері өзендердің тартылуы, оның тұрғындарға әсерін зерттеп келеміз. Қорытындысы адам шошырлық. Аймағымызда тыныс алу, қан аздық, бүйрек ауруларына шалдыққан науқастар жылдан жылға көбейіп келеді», – дейді ғалым.

Ақпан айында үкімет басшысы Әлихан Смайылов Өзбекстанға жұмыс сапары аясында Шавкат Мирзиеевпен кездескен болатын. Сол кезде Сырдария өзенінің жағдайы қозғалып, Сыр өңіріндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында бірінші кезектегі 65 жобаға үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлуге Қаржы министрлігінен келісім алынды. Ал 7 наурызда үш мемлекеттің министрлігі бас қосып, Тоқтағұл су қоймасына вегетациялық кезеңде суды көбірек беру туралы мәмілеге келген болатын. Өзбекстан Қазақстанға қосымша электр энергиясын беруге келісім берді.

«Үкімет тарапынан Қызылорда облысында су тапшылығын болдырмау мақсатында үкімет резервінен бөлінген қаржыға 67 насос қондырғысы және қосымша трансформатор алуды көздеуде. Жақсы жаңалық, биылғы көктемде жауын-шашын мол түсіп, табиғат бізге қарасып тұр. Дегенмен, болжам бойынша жағдай өткен жылдан да қиын болмақ», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

Кезінде облыс аумағына секундына 480-520 текше метр су жеткеннің өзінде тапшылық тартатынбыз. Биыл 380-400 текше метр болады деген болжам бар. Сырдария, Жалағаш пен Қармақшы аудандарын суландырып отырған Шіркейлі каналына 220-228 текше метр су жіберілетін. Ал биылғы болжам 175-180 текше метр. Былтыр аймақта күріш 84 мың гектарға егілсе, осы жылы бөлінетін су 64 мың гектар күріштік алқапқа ғана жетпек.

Тегтер: