Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:01, 24 Тамыз 2022

Күрішке орақ түсті

None
None

Сенбінің сәтінде Сыр елінің диқандары күрішке орақ салды. Қызу еңбек рәсіміне елге сапарлап келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов қатысты.

Сырдария ауданынан бастау алған науқанда Нұрлыбек Нәлібаев президенттің, үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқаншыларына тілегін арнады.

– Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан, біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжай отырып, біз ол қадамға бармадық, яғни күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан, суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды, – деді Н.Нәлібаев.

Мұнан кейін меймандар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларымен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты.

Сала басшылары өз кезегінде диқаншылардың ала жаздайңы еңбегін жоғары бағалап, ел үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндеті барын айтты.

– Қызылорда – күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысы, Түркістан облысы шамамен 1,5 мың гектар күріш егеді. Ал негізі 78,6 мың егіс алқабының бәрі, яғни 90% дәл осы Сыр өңірінде. Ең өзекті мәселе, яғни дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе, өнімділік одан да арта түседі. Аймақтағы күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамыған, ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырғаны осы шаруалардың зор еңбегін атап өту қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

«Дала күні» cеминар-кеңесі «Ақжарма и К» фермерлік қожалығындағы егістікте жалғасты. Онда ғалымдар мен білікті мамандар және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін сөз етті.

Алқалы басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты.

Ал Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айрылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал етуді сұрады.

Биыл өңірдегі диқаншылар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдармен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко әріптестік танытуға мүдделі.

Семинарда Н.Нәлібаев суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын айтты. Мәселен, жүгері егуді жолға қойсақ, оның экспорттық табысы күріштен де қомақты болмақ. Бұл – әртараптандырудың нақты мысалының бірі.

– Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда, – деді Серікқали Брекешов.

Бүгінде бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді.

Айта кетейік, күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын.

Алдағы егін жинау науқаны Сыр диқаншылар үшін қолайлы кезең болады деп болжанып отыр. Егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау жоспары белгіленді.

Тегтер: