Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:06, 25 Қазан 2023

Құрметтеу –ұлықтау емес. Бәріміздің ішімізде бір-бір кішкентай Назарбаев отыр

10
Фото: из открытых источников

Өткен аптада «Жас Алашта» «Бегмановтың әлсіз ғана қарсылығы» деген атаумен мақала жарық көрді. Онда Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназиясы ашылғанын құлағдар еттік. 

100 балаға арналған мектепті салған жеке кәсіпкер Дүйсенбай Нарсейітов мектептің атауын Түркістанның тумасы, өзінің руласы ақын Қасымхан Бегмановқа беруді жөн көріпті.

Іле-шала ақынның өзіне хабарласқанбыз. Бегманов «бастапқыда көнбедім, артынан рұқсатымды бердім» дейді. Мектептің құрылтайшысы Тоты Иманқызы «адамды тірісінде қадірлегенге не жетсін» дегенді алға тартты. Осындайда «тірісінде құрметтейміз» деп, «көзі тірі адамға білім ордасының атауын беру, көше, саябақты өмірде бар адамның атымен атау, тіпті тірі тұлғаларға ескерткіш орнату қаншалықты негізді» деген сауал туындайды.

Жалпы, біздің елде «тірісінде құрметтеу» дәстүрі Назарбаев дәуірінен басталды. 2001 жылы Назарбаевтың құрметіне «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені тағайындалды. 2010 жылдан бастап Назарбаевты «тірісінде құрметтеуге» қатты кірістік. Осы жылдың шілдесінде ең алғаш экстің туған күні қарсаңында Алматыда дендропарк ашылып, ол Назарбаевтың атымен аталды. Содан бастап Астана, Ақтөбе қалаларында да оның атымен саябақтар ашыла бастады. 2013 жылы Астанадағы жаңа университет Назарбаевтың есімімен аталды. Қазақстандағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» аталатын мемлекеттік элиталық мектептер желісі, ғылым, экономика және саяси саладағы дарынды балаларды оқытуға арналған мектептер де осы жылдары әр аймақтан ашыла бастады. Бұдан бөлек Іле Алатауының Тянь-Шань жотасында «Нұрсұлтан шыңы» бар. Еліміздің алып мегаполистерінде оған арнап орнатылған ескерткіштер де жетерлік. Әуежай, теміржол вокзалының атауын Назарбаевтың атына беру де осы кезеңдері белең алды. 2019 жылдан бастап еліміздің барлық аймақтарында Назарбаев даңғылы пайда бола бастады. Нақ осы жылы тіпті біз Астанамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерттік. Артынша Астана атауын қайта қайтарып алдық. Санамаласақ, басқасынан бөлек, «тірісінде құрметтегенге не жетсін» деп қойып, экс-президентті осынша ұлықтадық. Иә, астын сызып айту керек, құрметтеген жоқпыз, ұлықтадық!

Осыдан кейін Қазақстанда бірімен-бірі жарысқандай, «тірісінде құрметтеудің» көрігі қызды. Ең алдымен кәсіпкерлер бір кішкентай сыныптарды жөндетіп, ол сыныптарға өзінің, ата-анасының, тума-туысының атын бере бастады. Айтпақшы, нақ кеше Сауран ауданы Шаға ауылындағы мектепке аты берілген Қасымхан Бегмановтың да Сауран ауданына қарасты екі мектепте екі бірдей класы бар екен. Түркістанның жергілікті тұрғындарының айтуынша, 2020 жылдан бері аймақта жекеменшік мектеп ашу, оны өздерінің руластарына, тумаластарына беру белең алған. Былтыр ғана бір кәсіпкерлер бес бірдей жекеменшік мектеп ашып, оның біреуін анасының атына берген.

Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның пікіріне сүйенсек, 2020 жылдан бастап үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын салуға көңіл бөле бастады. Осы кезден бастап бизнес білім саласына араласа бастады. Қазір білім ордаларында 250 мыңнан астам орын жетіспейді. Сондықтан болашақта үкімет жекеменшік мектептерге тапсырысты үш есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Деректерге сүйенсек, бүгінде респуб­ликада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 161-інде – қазақша, 104-інде – орысша, 298-інде аралас тілде білім беріледі.

«Біз бастапқыда жеке­меншік мектептер бәсекелестік туғыза­ды. Техно­логиялық мүмкіндігі жоғары, сапа мен білім көрсеткіштерін арттыруды көздейтін жаңа мектептер қатарын көбейтеді» деп ойладық. Бірақ қайсыбір мектептерді қарасақ, білім сапасы нашар. Мысалы, бір мектепте химия ка­бинеті барын білемін, бірақ зертханасы жоқ. Сөйте тұра ол мектепте үш лаборант жұмыс істейді. Бұл арада қаржы балаға емес, далаға кетіп жатыр. Жекеменшік мектеп салатын кезде кәсіпкер де, мердігер де, тіпті ол мектепке атын беретін тұлға да әлеуметтік жауапкершілік алу керек. Мектепке есімін берген көрнекті тұлға ол мектептің қалай жұмыс істеп тұрғанын өзі барып тексеріп хабардар болып, кемшіліктерді құзырлы органдарға жеткізіп отырса қанеки. Ондай жоқ. Бізде мектеп салған кәсіпкерге де мақтан, оның атауын алған тұлғаға да мақтан қажет. Құр бос дарақылықты көреміз», – дейді әлеуметтанушы.

Молдабаева өзге елдерде мұндайға жол берілмейді дейді. Алысқа бармай-ақ, 2014 жылы Моңғолияның БаянӨлгей аймағында ашылған 500 орындық жекеменшік қазақ мектебі бар. Моңғолия қазақтары осы мектеп құрылысын салған кәсіпкерді сыртынан Сайран қажы деп атайды екен. Бірақ Сайран Қадырұлы ешқандай да имам немесе теолог емес. Ол Египет, Катар, Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман мемлекеттерінде Моңғолияның Төтенше және Өкілетті елшісі болған.

«Бұл мектепті салғаннан бастап та, салғаннан кейін де жауапкершілік өте үлкен болған. Мектепке тек білімді ұстаздарды жинаған. Қазір бұл мектептің түлектерінің 10-15 пайызы Түркияда, Еуропада, Кореяда, АҚШ-та жұмыс істейді. Samsung, Microsoft компанияларында жұмыс істей бастаған БаянӨлгей жастары бар. Еркін сауда аймағында әлемдік Дубай Порт Уорлд компаниясында қызмет істейтін мектеп түлектері де кездеседі. Құсбегілігімен қазақ атын әлемге шығарған Айшолпан Нұрғайып осы мектепті бітірген. Міне, жекелеген кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған осы бір ғана мектептің тарихына қарап-ақ жауапкершілік мықты болса сапалы дүниелер жасалатынын байқаймыз. Сондықтан келешекте жекеменшік мектептер нарығына араласатын кәсіпкерлерге жауапкершілік жүктеліп, ол заңдық тұрғыда қаралуы керек», – дейді М.Молдабаева.

Сөйтіп, жауапкершілік мәселесін қалай шешеміз? Бұған қатысты заң не дейді?! Осы сауалдарымызға жауап іздеу барысында заңгер Бағдат Амандосұлымен пікірлестік. Заңгердің пікірінен түйгеніміз, мәселе мектепке көзі тірі адамның атын беруде ғана жатқан жоқ. Бұл арада негізгі мәселе – ол мектеп талапқа сай ма, қазіргі заманға сай технологиялық жағынан жабдықталған ба, балаларды білімді, озық ұстаздар оқыта ма?! Бізді осы сауалдар қатты толғандыруы керек.

«Мектеп салып, оның атауын белгілі бір көзі тірі тұлғаларға беруде тұрған ештеңе жоқ. Оған мемлекет рұқсат берген. Мектеп лицензия алып, арнаулы органдардың рұқсатымен салынады. Талапқа сай заманауи мектеп болса, ол мектептен білімді оқушылар шықса өте жақсы. Ал талапқа сай болмаса, әрине, заңдық тұрғыда жауапкершілік болуы керек. Бұл – мектепке қатысты ойым. Ал көшенің атауын көзі тірі адамға беруді мен құптамаймын. Көшенің атауы жергілікті әкімдікте қозғалып, мәслихат дауысқа салып әбден талқыланып барып беріледі. Меніңше, көзі тірі адамға көшенің атауын мүлде беруге болмайды. Негізінде бізге басты-басты көшелерді Алашорданың іргесін қалаған тұлғаларға беру қажет. Алашордалықтарға қуыстағы көрінбейтін көшелерді беруді қою керек. Бұдан соң, көшелерге атау берген кезде «ова, ева, ов, ев» жалғауларын алып тастаған жөн. Мысалы, орысшасын да, қазақшасын да Шоқан Уәлиханұлы деп жазылуын талап етуіміз керек. Бізде қазақша Уәлиханұлы, орысша «Уалиханова» деп жазылып тұрады. Осыны заңдық тұрғыда мықтап ретке келтірген абзал. Жергілікті әкімдіктер, мәслихат, ономастика комитетіне бұл мәселені шешетін уақыт әлдеқашан болды», – дейді Бағдат Амандосұлы.

Көшенің атын – көкеме, ауылдың атын – атама деген түсінік отыз жылдан бері асқынып кетті. Біз сөз етіп отырған мектептің атауы, саябақ, әуежай, теміржол, жер-су атауларына қарап жалпы отандық ономастика саясатына салмақпен қарайтын уақыт әлдеқашан жеткенін бағамдаймыз. Мемлекет рұқсат беріпті дейік. Бірақ сол рұқсаттың өзі дұрыс па?

Филология ғылымының докторы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Құрмашқызына хабарластық.

«Көзі тірі адамға қандай да бір мекеменің, мектептің, көшенің атауын беру дұрыс емес. Мейлі ол мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын. Мұны біз айтудай-ақ айтып жүрміз. Мемлекеттік ономастика комитетінің отырысында да айтылған. Көрнекті қайраткерлердің атына білім ордасын немесе басқа мекемелердің атауын беруде өзіндік талаптар болуы керектігі, ол жергілікті тұлға ма, халыққа еңбегі қаншалықты сіңді, осының барлығы жан-жақты зерттелуі керек. Ауыл тұрғындарының пікірі міндетті түрде ескерілуі қажет. Ол құжат болып тіркелуі керек. Осының барлығын айттық, жаздық. Бірақ оған мән бергендер жоқ. Мектеп атауын беруді де мәслихат қарауы керек. «Кәсіпкермін, құрылысты өзім салдым» деп, өзі қалаған есімін теліп, руласы, тумаласы, туысына атау беру дұрыс емес. Мұны тоқтату керек. Бұл арада ауыл, аудан тұрғындары да белсенді болуы қажет. Мысалы, бізде Алматы облысы, Төңкеріс деген ауылында тұратын тұрғындардан арыз түскен кез болған. Сол ауылдың атауын бір кәсіпкер өзінің атасының атына өзгертпек болған екен. Ауыл белсенділері қайта-қайта шағымданып жүріп, ақыры ол кәсіпкердің ұсынған атын қойдыртпады. Төңкерістің атауын сөйтіп сақтап қалды. Осы тәрізді әр ауылдың тұрғындары белсенділік танытуы керек. Обалы не керек, біз, ономастика саласында жүрген мамандар, ғалымдар мемлекеттік ономастика комитетіне қаншама ұсыныстар айтамыз. Бірақ еленбей қалады. Мұндайда қоғамның белсенділігі, жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі өте маңызды», – дейді Қыздархан Құрмашқызы.

Жергілікті билік дегеннен шығады, біз қаузап отырған мәселеге қатысты Алматы қаласы әкімдігіне қарасты ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбетке де сұрағымызды қойдық. Ол бізге әкімдіктің ішкі тәртібі бойынша сұрақты алдымен баспасөз хатшылығы арқылы жолдауымыз керегін айтты. Жолдадық. Баспасөз хатшылығына да өзімізді қызықтырған сауалды жібердік. Бірақ бізге жауап беруге асыққан әкімдік қызметкерлерін көрмедік.

Жалпы, осы біздің жергілікті әкімдердің өзі көрнекті бір тұлғаны тірісінде ұлықтап, шапан жабуға даяр тұратынын ескерсек, бұл синдромнан әлі құтыла қоймайтын сияқтымыз. Әкімдерден бөлек, кезінде үкіметтің өзі де осы көше, даңғыл атауын және мемлекеттік маңызы бар мекемелерді көзі тірі тұлғалардың атымен атау туралы заңды қолдады ғой. Заң бекіп, қолданысқа енгеннен кейін барып экс-президентті ұлықтауды бастап кеттік те, оған тұрғызылған ескерткіштің көзі тірісінде-ақ құлап қалғанын көрсек те, әлі тоқтай алмай келеміз. «Бәріміздің ішімізде бір-бір кішкентай Назарбаев отыр», деген сөздің рас екеніне көзің жете түседі.

     

     Қарлығаш Зарыққанқызы