Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:56, 19 Маусым 2018

Курортты маусым басталды ал елдегі туризмнің жағдайы қандай?

Қазақстанда курортты маусым басталды. Қазірдің өзінде Бурабай, Зеренді, Шалқар сияқты көрікті Көкше жеріндегі курортты аймақтарға баруға қамданған жолаушы көп.
Жалпы, қазақстандық туризмнің мүмкіндігі көп бола тұра, олқы тұсы да аз емес. Күні кешеге дейін отандық туризмнің жалпыұлттық табысқа қосар үлесі 2-3 пайыздан аспады. Өткен жылы үкіметтің туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасын жасағаны белгілі. Ондағы мақсат – саланың елдің ішкі жалпы өніміне қосар үлесін 8 пайызға жеткізу. Бұл жерде бір ғана тоқымдай Испанияның ішкі жалпы өнімінің 62 пайызының осы туризм саласынан түсетінін де айта кетуге тиістіміз. Демек, қазақстандық туризмнің әзірге ауыз толтырып айтар мақтанышы жоқ деген сөз.Қазақстан азаматтарының жаз болса ағылатын бір жері –Жетісудағы атақты Алакөл. Тіпті Алакөлдің қазіргі дақпыртының дәл Бурабайдай болмаса да, біраз жерге барып қалғаны соңғы кезде айқын аңғарыла бастады. Өз заманында Алакөлдің шипалы суына ғарыштан оралған космонавттар шомылып, денсаулығын түзеген. Себебі Алакөл суының шипалық қасиеті мол.Айта берсек, туризм саласына қатысты отандық брендтер баршылық. Зеренді мен Бурабайдың тура өліара тұсында Қараүңгір деген шағын ғана мөлдір көл бар. Ортасын бөліп жатқан ештеңе болмаса да, осы Қараүңгір көлінің бір жағының суы – тұщы, бір жағының суы – тұзды. Тұщы жақта балық көп. Ал тұзды жақта тіршілік атаулы атымен жоқ. Есесіне оның емдік, шипалық қасиеті басым. Кереметі сонда – бір көлдің аясындағы осындай керемет құбылыс ешқандай кедергісіз, араға тартылған тас бөгетсіз жүзеге асып тұр.Соңғы кезде Қараүңгірдің осынау айрықша ерекшелігіне дәрігер мамандар көңіл бөле бастады. Алдағы уақытта отандық туризмді дамытуда осы Қараүңгірдің де өзіндік үлес салмағы болары даусыз. Алайда бұл айрықша көлдің ешқандай инфрақұрылымы да, вилла, коттедждері де жоқ. Әзірге сол тұма, табиғи қалпында.Жалпы, мамандар курортты аймақтарға клиент табудың басты мүмкіндіктерінің бірі инфрақұрылым мен сервис мәдениетіне сай анықталатынын айтады. Алакөлге келсек, қазір демалыс аймағының инфрақұрылымы мен сервис мәдениетіне көңіл бөліне бастады. Бұған дейін ондағы қонақүйлер мен шипажайлар әлемдік стандартқа сәйкеспейтін. Алдымен Алакөлге жол қатынасы қиынның қиыны. Биылдан бастап Алматыдан осы курортты аймаққа теміржол қатынасы қалыптастырылғаны да дәтке қуат.  Мүлдем сын көтермейтін сорақы жолдың да жағдайы қолға алынып, алдағы жылдары тақтайдай тегістелмек.Өткен айда инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек республика бойынша 2020 жылға дейін 23 мың шақырым жергілікті және республикалық маңыздағы автомобиль жолының стандартқа сәйкестендірілетіні туралы үмітті сөз айтты. Бұл жердегі мәселенің алдымен елдегі туризмге қатысты екені айтпаса да түсінікті. Қазір Астана мен Бурабай арасында алты жолақты заманауи автобан бар. Жаз бойы осы автобандағы көлік тығыздығы шамамен алғанда Алматының шеткері көшелеріндегідей болады. Себебі Астана халқы жаз бойы Бурабай мен Зерендіге ағылады.Ал Алакөлге қатысты тұста бұны айта алмаймыз. Соған қарамастан, соңғы кезде Алакөлде де туристік қызмет көрсету көлемінің өсе түскені байқалады. Алматы облысының әкімі А.Баталовтың айтуынша, «2017 жылғы Алакөл ауданындағы көрсетілген туристік қызметтің жалпы көлемі 3,5 миллиард теңгеге шыққан. Ал ол 2014 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп. Соған қарағанда Алакөлдегі туризм саласына да аз да болса «жан біте» бастаған тәрізді.Оның үстіне жергілікті басшылық та бюджетке түсетін кірісті ескергені болар, осы мәселеге бұрынғыдан да гөрі көбірек көңіл бөле бастады. Атап айтқанда, Алакөлдің кейбір аймақтарында туристік инфрақұрылым салу үшін жер учаскелері тегін беріле бастағанын да айта кету керек.Дегенмен Алакөлдегі туристік сервисті әлемдік стандартқа толық сәйкеседі деуге әзірге ертерек. Оның бір куәсі – хостельдер. Хостель дегеніміз не? Хостель дегеніміз – бағасы арзан, кәдімгі жастар жатақханасы мен ортаазиялық керуен сарайдың ортасында дейтіндей тұрақжай. Алакөлде бесжұлдызды қонақүйлер енді бой көтеріп жатыр, мұнда осындай хостельдер ғана бар. Ал оның бір нөміріне алты  адамға дейін түнейді. Оны да заманауи стандартқа сәйкес деу қисынға келе қоймайды.Отандық туризмнің туристер тартатын бір жері – Алматы қаласы. Дегенмен шетелдік туристер мұнда көп тұрақтамайды. Біріншіден, жер арасы шалғай, екіншіден, қаладағы баға қымбат. Соған қарамастан, соңғы кезде Алматыға келуші туристердің қатары да өсе түсуде. Оның үстіне Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Голландия, Франция, Германия сияқты бай елдерді айтпағанда, бұрын социалистік лагерьде болған Шығыс Еуропаның Польша, Венгрия, Словакия, Чехия сияқты орта дәрежелі мемлекеттерімен де Алматының әуе қатынасы бар.Бір ғажабы, Алматыға келген туристердің дені қалада ұзақ тұрақтамай, Шарын каньонына, Үлкен Алматы көліне, «Алтынемел» ұлттық саябағына, Қайыңдыға, Көлсайға, Медеуге, Шымбұлаққа, әлемге петроглифтерімен әйгілі Тамғалы шатқалына тартады екен. Олар үшін Алматының көшесінен гөрі әнші құмтөбелерді, заңғар шыңдарды тамашалау әлдеқайда қызықты.«Туристер тартудың тек қана көркем табиғатпен және тарихи орындармен шектелмейтіні тағы рас» дейді мамандар. Шетелдіктердің тарихта көңілсіз оқиғаларымен қалған орындарға да қызығушылық танытуы заңды құбылыс. Мәселен, Чернобыль АЭС-індегі жарылыстан соң, Украинаның осы аймағына апат зардабын көру үшін ағылатын туристер көбейген деседі. Ал бізде ондай солақай тарихымен әйгілі орындар бар ма?Атап айтқанда, Семей полигоны мен Байқоңыр ғарыш айлағы сияқты радиациялық зардабы жергілікті тұрғындарды мутантқа айналдырып жатқан аймақтарды да тиісті мамандар елдегі туризмді дамытудың бір мүмкіндігі деп атап отыр. Дегенмен бұл жерде де бір гәп бар. Алдымен ғарыш айлағы да, полигон да – құпия немесе жартылай құпия нысандар. Сондықтан оған өту де, бару да, баруға рұқсат алу да оңайға соқпайды. Сәйкес орталарда осы мәселе де жиі қозғалуда. Соған қарағанда алдағы уақытта Чернобылы бар Украина сияқты Қазақстан да «туристерді тамұққа тарту, тамұқпен қызықтыру» ісін қолға алатынға ұқсайды. Ал бізде ондай орындар жетіп-артылады.Сөз ретіне қарай курортты Көкше өңірінің атақты биші қайыңдарын айта кетуді парыз санаймыз. Бір қарағанда биші қайыңдарда лирика, ғажайып әсер бар сияқты көрінеді. Ал шын мәнісінде ше? Шын мәнісінде спецификалы сұлу биші қайыңдар – табиғи мүгедектіктің белгісі. Яғни қайыңдар топырағындағы радиация жиынтығының мол болуынан қисайып, бұралып өскен. Сөйтіп, әдепкі ақ балтырлы ақ қайыңдардан ерекшеленіп, ең соңында мүгедектігі сұлулығына айналған. Бұл да болса отандық туризмнің бір мүмкіндігіне байланысты айтылған тұжырым.Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандағы курортты маусым басталған тұстағы туризмнің олқы тұстары әлі де баршылық. Алдымен мұндайда инфрақұрылым мен сервис сапасы, жол қатынасы ауызға алынады. Ал елдегі бұл орайдағы көрініс өздеріңіз көріп отырғандай.Соған қарамастан, билік туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, «Астана – Еуразияның жүрегі», «Алматы – еркін мәдени аймақ», «Алтай жауһары», «Каспий қақпасы», «Ұлы Жібек жолының жаңғыруы» және «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің тұтастығы» деп аталатын алты мәдени-туристік кластер құруды жоспарлап отыр. Курортты аймақтардағы сервис сапасы мен инфрақұрылымдар толық түзелген шақта бұл кластерлердің  нәтижесі  үлкен болмақ.Өмірзақ МҰҚАЙ
Тегтер: