Курс сатып алу коучтың ғана қалтасын қалыңдатады

Қаржы сауаттылығын арттыру, қаржылық тұрғыдан сауатты болу қазіргі кезде өте маңызды.
Осыған қатысты түрлі тренингтер өткізіп, курстар сатып, халықтың қаржылық сауатын ашуға ниеттеніп жүрген коучтар, мотиваторлар жетерлік. Жалпы, психологиялық тренингтерге бару, коучтардың сабағын сатып алып, ақыл-кеңестеріне жүгіну қаншалықты негізді?! Арнайы курстар сатып халықтың қаржылық деңгейін өсіре аламыз ба?! Осы және өзге де сұрақтарды біз «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Дәурен Арынға қойып көрдік.
– Дәурен мырза, қазір қаржылық тұрғыдан сауатты болу үшін нені білу керек?! Психологтардың «ақша шақыру», «кванттық секіріс», «ақша легін ашу» деген сабақтарын сатып алып, жастанып оқитындар көп. Мұндай әрекет арқылы баю мүмкін бе?!
– Меніңше, мұндай сабақтарды сатып алу арқылы халық біреулерді байытып жатыр. Сол коучтардың қалтасын қампайтып, солардың жағдайының артуына мүмкіндік беріп отырмыз. Мысалы, өткенде бір танысым 30 млн теңгенің курсын сатып алып оқыған. Одан ол байыған жоқ. Тек керексіз ақылға тойынды. Негізінде ақша әрекет еткен адамға келеді. Саналы түрде жұмсаса ақша үнемделеді. Ал әлгіндей коучтар мен мотиваторлардың сабағын сатып алып, оларға күніне үш-төрт сағаттап уақыт сарп етіп, солардың ақылына ұйып отыра бергеннен бизнес жүрмейді, ақша өзінен-өзі келмейді. Ақылға салсақ, әр азамат депозиттің қандай түрлері бар?! Қай банктен депозит ашқан дұрыс?! Олардың пайызы қанша?! Алдымен осы сауалдарды зерттеуі керек. Өкінішке қарай, бізде ондай зерттеу жүргізетін азаматтар аз. Халық қазір көбіне несиелік инструментті қолданып кетті. Жетпей жатқан дүниесін несиеге алуға бейім ел көп. Мұның өзі қаржылық сауатсыздық. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған шығар. Сондай-ақ несиені тиімді алу, оның тиімділігін есептеу дегенді білмейтін азаматтар көп. Осының барлығы қаржылық сауаттың төмендігінен. Сондықтан бізге халықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын басқаша тетіктерді қарастыру керек. Бұл бірақ психологтар мен коучтардың есебінен жүрмеуі қажет.
– Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін орта мектеп бағдарламаларына осы пәнді кіргізу керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Мұнымен келісесіз бе?!
– Әрине, келісемін. Жапонияда алтыншы сыныптап бастап балаларды қаржылық сауаттылыққа үйретеді екен. Арнайы пән енгізіп, балаларды бизнеске баулитын, қаржылық сауаттылық, қаржылық еркіндік дегенді үйрететін елдер көп. Бізге де осы тәсілді қолданған жөн. Бала мектеп жасынан қаржылық сауатты болса үлкен өмірге дайын болып шығады. Осыны ескеру керек. Қазір несиеге батып, бір несиені екінші несиемін жауып жүргендер сол тоқсаныншы жылдардағы азаматтар. Олар қаржылық схема, оны жұмсау, сауда мәдениеті дегенді аса меңгере бермеді. Алаяқтарға алданып жүргендер де қаржылық сауатсыздықтың салдары. Қаржылай сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін мәселе. Жалпы мектеп бағдарламасына енгізіп, қаржылық курстарды сол арқылы тегін оқытсақ, бұл бастама өте жақсы болар еді.
– Мемлекет тарапынан «Қарызсыз қоғам» құру жайы жиі айтылады. Бұл мүмкін бе?!
– Мүмкін, қарызсыз қоғамды оп-оңай құруға болады. Ол үшін мұндай жобалар арқылы түрлі кәсіпорындар, цехтар, ауылдық жерлерде кластерлер құрып, халықтың бизнеске қабілетін арттыру қажет. Әр адамның өзінің айналысатын ісі болса ол банкке де, басқаға да қарыз болмайды. Сондықтан елдің қолына кәсіппен айналысуға мүмкіндік беру керек. Мысалы, менің бір танысым:«Ауылдастарымнан сүт жинап, одан кұрт-май жасап сатамын. Қазір үй тұрғызып жатырмыз. Құрылыс жұмысы әлі аяқталған жоқ. Есесіне, жаңа терезе мен батарея алуға қажет қаражат таптым. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен 4,2 млн теңге несие алып, оған 8 бас мал сатып алдым. Ай сайын 250 мың теңге көлемінде тұрақты табыс тауып отырмын» дейді.
Мемлекеттен берілетін осындай гранттарды пайдалану керек. Тек қана «Қарызсыз қоғам» аясында қаншама жұмыстар істеуге болады. Негізі жергілікті әкімдіктер халыққа қаржылық сауаттылық жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізу керек. Әкімдіктер осындай жобалардың насихатын арттырғанда, халыққа жете түсіндіргенде, гранттар қиыншылықпен емес, оңайшылықпен берілгенде халық қарызсыз болар еді. Өкінішке қарай, бізде мұндай жобалардың насихаты төмен. Сондықтан да болар, халық қаражат керек болса бірінші банкке жүгіреді. Банктен несие алып бизнес бастайды. Ал бұл үлкен тәуекел. Сондықтан бизнес бастағанда бірінші банкке емес, әкімдікке барыңыз. Өзіңізге ыңғайлы мемлекеттен берілетін қандай гранттар бар, соны білу керек. Содан кейін барып ерінбей, жалықпай сол гранттарға қол жеткізуге тырысқан абзал. Сол кезде ғана қаржылық тәуекелшілдік төмен болып, қарыздан қарызға батпай, бизнесті жүргізуге болады. Осыны ескеру керек.
Қ. САЙЛАУ