Күрішбаев Нұрбектің саясатын сынап жатыр

ҚР президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің саясатына риза емес екен.
Нұрбек министр болып келгеннен 6 ай өткенде мемлекеттік статусын қайтарып алып, бұрынғы ҰҒА-ны биыл ғана қосып алған ескі де жаңа ҰҒА өкілдері арнайы сараптамалық материал жариялап, Қазақстан ғылымына қатысты біраз өкпе айтыпты.
Ғылыми талдау және ғылыми-техникалық даму орталығы дайындаған сараптама негізгі назарын докторантураға, ғылыми кадр дайындау мәселелеріне аударыпты. Екпіні қатты. Оқуға қабылдау талаптарынан бастап, оқыту мерзімі мен диссертация қорғау қағидаларына дейін сынға ұшырапты. Енді ұсыныстар әзірленіп, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолданбақ.
Қазақстанда ғылым мәселесі – шым-шытырығы көп тақырып. Сын да көп, «жасалып жатыр» деген есеп те жетеді. «Өзгерістер» де көз ілестірер емес. Алайда реалды жағдай көңіл көншітпей тұр. Халықаралық бәсекеге қабілеттіліктен бұрын, академиялық деңгейлерді оқыту процесінің өзі шикі. Демек, шынайы нәтиже күтуге де тым ерте.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылы Қазақстанда 1 млн адамға шаққанда зерттеуші мамандардың саны 1 141-ді құрады, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен 25 пайызға төмен. Web of Science-тегі жарияланым бойынша да жағдай мәз емес. Жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесі бар штаттық оқытушыларының үлесі небәрі 48 пайыз. Оның өзінде, Ұлттық зерттеу университеттерінде оқытушылардың аз ғана бөлігі халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялайды, ал басқа өңірлік университеттерде бұл көрсеткіш одан да төмен. Әзірге Қазақстан бойынша тек Назарбаев университетінде ғана қанағаттандырарлық нәтиже байқалып отыр.
Сапаны қойып, тек санға қарасақ та, 2024 жылы тек 677 адам бейіні бойынша PhD немесе доктор дәрежесін алған. Ал 2023 жылы Қазақстанда 1 млн адамға шаққанда 35 доктор ғана даярланған. Әрине, бұл ғылымы алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Оған қоса, бакалавр деңгейі мен магистратура, докторантурада оқитындардың өз арақатынасы да тым алшақ. Былтыр 147 мың адам бакалаврды аяқтаған. Бұл докторантураны бітіргендерге қарағанда 104 есе көп. Мұның өзі диссертация қорғай алмағандарды есептемегенде. Берілген докторлық дәрежемен қарасақ, көрсеткіш тіпті 218 есеге дейін ұлғаяды. Салыстырып қарасақ, ғылымы дамыған елдерде қатынас шамамен 35:1, 17:1 және 9:1 шамасында...
Иә, оқығандар көп, ал оның жартысы да диссертациясын қорғап, дәрежесін алып жатқан жоқ. Диссертациясын қорғағандардың өзі де мақалаларын сенімсіз журналдарға шығарып жатады. Ғылымда бұл ғалымның сапасы төмен екенін көрсетеді. Елімізде әсіресе әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер саласы бойынша индекстеу тоқтатылған күмәнді журналда жарияланым көп екен. Ал оған да жетпегендері екі жыл ішінде диссертациясын ақысыз қорғай алатынына қарамастан, айналып келмейді. Әдетте олар докторантура оқып жатқан кезде алған стипендиялары тоқтағандықтан, жұмыс істеп, ақша табумен айналысады. Содан диссертациясын да, кемшіліктерін түзетуді ойлайтын уақыты да болмай жатады. Ал өзге елдерде докторантқа қаржылай қолдау беру 4 жылға дейін.
Бұл туралы ҚР президенті жанындағы ҰҒА академиктері әзірлеген аналитикалық жазбада былай делінген:
«Ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігі мен сапасы төмен. Оның негізгі себептеріне тоқталсақ, жоғары оқу орындарында зерттеу инфрақұрылымы әлсіз, сапалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде олардың нәтижелерін беделді журналдарда жариялауға кедергі келтіреді. Жаратылыстану, техникалық, медициналық және ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша зерттеуге қатысқан респонденттердің инфрақұрылымға қанағаттану деңгейі 50 пайыздан төмен.
Одан кейін, халықаралық бәсекеге қабілетті ғылыми консультанттар тапшы. 2024–2025 оқу жылының басында докторанттардың жалпы саны 7 633 адамды құрады. 2025 жылғы шілде айындағы деректер бойынша, 2020–2025 жылдар аралығында Web of Science негізгі индекстеріндегі журналдарда кемінде екі мақала және шолу жариялап, автор болған қазақстандық авторлардың InCites жүйесіндегі профильдерінің саны 1 971-ді құрайды», – деп келіп, жоғарыда айтқан күмәнді жарияланымдардың себептерін тізбелепті. Ақылбек Күрішбаев басқаратын президент жанындағы ҰҒА-ның сараптамасына қарағанда, қазір ғылым жолына түскендердің көбі талаптың тым ауырлығынан осындай қадамға барады.
«Жоғары оқу орындарының, тіпті ұлттық зерттеу университеттерінің докторанттарды сапалы даярлауға қаржылық мүмкіндіктері жетпей жатады. ЖОО-лар пайданың басым бөлігін бакалаврлар даярлаудан алады. Ал докторанттарды оқыту әлдеқайда қымбат. Өзінің инфрақұрылымын қолдау және негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін университеттер магистрлер мен докторларды дайындаумен салыстырғанда тиімдірек болатын бакалаврларды дайындауға назар аударуға мәжбүр болып отыр.
Тағы бір мәселе, әлеуметтік, гуманитарлық және өнер саласындағы докторанттардың жарияланымдарына қойылатын талаптар тым жоғары, тіпті негізсіз. Назарбаев университетіне, әлемнің жетекші зерттеу университеттеріне қарағанда қатаңырақ деуге де болады. Нәтижесінде көптеген докторанттар осы ғылыми бағыттар бойынша күмәнді жарияланымдар жасап жүр. Әлемдік тәжірибеде бұл бағыттарда жарияланым емес, диссертация маңызды саналады».
Бұдан бөлек, докторантураға түсерде қазақ және ағылшын тілі бойынша сертификат талап етіледі. Бұл дарынды жастардың шетелге кетуіне ықпал ететін қадам деген тезистер де айтылып жүр. Ол туралы магистр Гүлзат Азатқызы былай дейді:
«Әрине, елдегі ЖОО-лар ұсынатын білім бағдарламасы да, жағдай да, білім де, диплом да әдетте шетелдік университеттерге жол береді. Шетелдік университеттер әлем көру деген қарапайым артықшылықтан бөлек, зерттеу жасауға барынша қолайлы, дамыған материалдық-техникалық база ұсынады. Одан бөлек, стипендиясы, жатақханалары жақсы. Студентті, отбасын қолдау бойынша барлық шараларды қарастырған. Әрі өте сапалы, халықаралық деңгейде білім береді. Ал енді Қазақстандағы жағдайға келсек, жаман деуге келмес. Алайда салыстырмалы түрде таңдауы бар кез келген үміткер шетелдік ЖОО-ны таңдар еді деп ойлаймын.
Әңгіме де, осы таңдаудан шығады. Бізде докторантураға оқуға түсу үшін ағылшын тілінің жоғары деңгейі мен соны дәлелдейтін сертификат талап етіледі. Ал тілді сондай деңгейде білетін адамға есігін шетелдік университеттер де ашады, олар да грантын ұсынады. Расында, бұл талапты алып тастау керек деп кесіп айту да қиын. Десек те, қажеті де шамалы».
Біз осы мәселелер турасындағы сауалдарымызды химик ғалым Болат Кеңесовке де қойдық.
«Осы зерттеу мен аналитика нәтижесінде бірнеше ұсыныстар әзірленді. Мысалы, докторантурадағы оқу мерзімі мен стипендия алу кезеңін 4 жылға дейін ұзарту, диссертацияны ертерек қорғау мүмкіндігін қарастыру, соңғы 3 жылда Web of Science немесе Scopus-та бір мақала немесе шолу жариялаған адамдардан мемлекеттік тіл және ағылшын бойынша сертификат талап етпеу, диссертациялық кеңес мүшелері мен рецензенттердің 3–5-ке дейін азайту айтарлықтай жақсы өзгерістер әкеледі.
Біз бұл ұсыныстарды ғылым және жоғары білім министрлігіне, жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу институттарына беріп жатырмыз. Қазір тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Бұл мәселелер өте ауқымды, қабылданған шешімдер елдегі ғылымның сапасына әсер етеді. Ал егер өзгерістер енгізілсе, нәтиже 3–5 жылдан кейін көріне бастайтын шығар. Десек те, оқытушылар мен докторанттар өзгерісті бір-екі жылда-ақ сезе бастайды», – дейді ол.
Ғалымнан бұл мәселелердің бұрыннан бола тұра, енді ғана көтерілгені қалай деп те сұрадық. Сөзінше, ғылымда мәселе көп. Әрі оларды түсіну, анықтау оңай шаруа емес. Сондықтан да ұсыныстарды әзірлеу үшін бір жыл бойы зерттеу жүріп, нәтижелері талданған. Мұнда ең ірі және жүйелік мәселелер ғана тізбектелген дейді ол. Одан өзге де, кем-кетік аз емес. Ал шетелдік білім жүйесіне деген құмарлығы ерекше министр бұл ұсыныстарды қалай қабылдары белгісіз.
Баян Мұратбекқызы