Құс өсірудің қызығы мен қиындығы
Қазір Жетісу өңіріне инвестиция тарту жайы жиі қозғалады. Жуырда облыс басшылығы өңірге инвестиция тартуға басымдық беретін стратегиялық мақсаттарын жариялады.
Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика, жер қойнауын пайдалануды дамыту бағыттарын атап өтті. Осы өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға атсалысып жүрген мамандардың айтуынша, Жетісу өңірі инвестиция тартуға қолайлы өңір. Өңірде әсіресе егін шаруашылығын дамытып, қант қызылшасын өндіруге, жүгері егуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ өңірдегі құс фабрикасын жетілдіру де маңызды болмақ.
Мәселен, өңір фермері Жантас Бозанбайдың пікірінше, ең ірі бөдене шаруашылығы Жетісу облысында орналасыпты. Ол шаруашылықта тәулігіне 130 мың жұмыртқа және 30 келі бөдене өндіруге болады. Алайда бұл шаруашылық құс азығын сырттан сатып алуға мәжбүр екен. Құстарға беретін құрама жемді сырттан сатып алғандықтан оның бағасы да қымбатқа түседі. Фермердің айтуынша, жергілікті әкімдік болашақта осы мәселеге назар аударғаны абзал.
«Бұл кәсіп жергілікті фермерлер үшін тиімді болғанмен, машақаты көп. Құстарға беретін құрамалы жемнің бағасы өте қымбат. Оны сырттан тасып жүрміз. Осы мәселені ескеріп, бөдене шаруашылығымен айналысатындарға суармалы жер берілсе жөн болар еді. Бұл шаруашылықта құстарға соя, жүгері, бидай тәрізді жем түрлерін есептегенде 20 түрлі аралас жем керек. Бұл құстардың сапалы жұмыртқа беруі үшін қажет. Мұндай қоспа жем жеген бөденелердің еті де тығыз келеді. Сондықтан болашақта әкімдік осы салаға көңіл бөліп, жем-шөп шығаратын кәсіпорын құрылса, инвесторлар соған қаржы салса жөн болар еді», – дейді ол.
Жалпы, Жетісу өңірінде бөдене шаруашылығымен айналысып жүрген фермерлердің ішінде 150 мың бөдене өсіріп отырған ірі шаруашылық иелері де бар. Мысалы, Ескелді ауылында тұратын кәсіпкер Сымбат Серқожаев солардың бірі екен. Фермер бөдене шаруашылығын құру арқылы шағын ауылдағы ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ферманы іске қосудың арқасында өңір экономикасына 500 млн теңгедей инвестиция тартылған. Мұндағы жұмысшылардың әрқайсысы шамамен 150 мың теңгедей жалақы алады. Сымбат Серқожаевтың сөзіне сүйенсек, ол фермаға ең алдымен өзінің қаражатын салған. Бастапқыда бөдененің 200 балапанын алып бастап, кейін 2 мыңға жеткізіп, одан әрі 15 мыңға арттырған. Қазір фермадағы құс басы 100-150 мыңға жеткен. Артынан мемлекеттен бөлінетін жеңілдіктерге қол жеткізе алудың нәтижесінде ферманың жұмысы жолға қойыла бастаған. Кәсіпкер бүгінде тағы 150 мың басқа арналған екінші құс қора-жайын салып болған. Құс өсіруге қатысты құрал-жабдықтар Украина мен Қытайдан жеткізіліпті.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында фермаға электр желілері тартылып, жеке трансформатор да орнатылған. Енді фермерлер табиғи газды асыға күтуде. Көгілдір отынға қосылу арқылы шығындарын азайтамыз деп жоспарлап отыр. Бөдене өсіру үшін тұрақты температура режимін сақтаудың маңызы зор. Осы орайда электр энергия, көмір емес, газбен жылыту әлдеқайда жеңіл әрі үнемді болмақ.
Негізінен, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту саласында жүрген кәсіп иелерінің сөзінше, мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Инфрақұрылым жағынан алға жылжу бар. Енді бөдене фермаларына субсидия берілсе, тіпті жақсы болар еді деседі кәсіпкерлер.
Сондай-ақ жетісулық кәсіп иелері логистика саласына, туризм бағытын дамытуға да назар аударылып жатқанына қуанады.
Жетісу өңірінің көліклогистика саласы өңір экономикасының 7 пайызын құрайды. Жуырда өңірдегі көлік логистика инфрақұрылымдарын үкімет басшысы О.Бектенов те аралап көрді. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста автокөлікпен жүк тасымалдаудың жыл басындағы 55,7 пайыздан 6 айда 101,1 пайызға дейін өскен. Үкімет басшысы облыс басшына көлік-логистика әлеуетін одан әрі дамытуды және өсіп келе жатқан жүк ағынын қанағаттандыру үшін инфрақұрылым қуатын арттыруды бақылауда ұстауды тапсырды. Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 31,5 млрд долларға жеткенін мысал еткен Олжас Бектенов логистика саласын жетілдіру ел экономикасына серпін беретінін, сондықтан осы саланы жетілдірудің маңызы зор екенін баса айтты.
Ал Жетісу өңірінің туризмін дамыту 5 аймақтың әлеуетіне негізделген. Бұл жағажай туризмі белсенді дамып келе жатқан – Алакөл және Балқаш көлдері, мәдени-экологиялық туризмді дамыту аймағы «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері мен ұлы Жоңғар Алатау тау сілемі. Облыста туризм саласын дамыту мақсатында отандық және халықаралық туристік көрмелерге, роуд-шоуларға қатысу, отандық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В форматында воркшоп ұйымдастыру, облыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-кластар, семинарлар өткізу, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Ескелді аудандарындағы, Текелі қаласындағы туристік локацияларда, Алтын емел және Жоңғар Алатауы МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендті жарнамалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған.
Жалпы, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап 89,4 млрд теңгенің 86 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 2,9 пайыз өсіммен 375 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 188,1 млрд теңгені құрады.
Қ.САЙЛАУ
Жетісу облысы