Құсман Құмашұлы: Бізге жетпей жатқан әлем әдебиетінің жауһарлары көп

Әдетте әлем әдебиеті десе елең ете қаламыз. Жыл сайын күз келсе Нобель сыйлығын кім алар екен деп үздігеміз. Сосын көп жағдайда әйдік марапатқа ие болған қаламгердің шығармасын ана тілімізде оқи алмай пұшайман күй кешеміз.
Кейде аударылған шығарманың сапасы туралы да әртүрлі пікір айтылып жатады. Негізі мұның бәрі әдебиеттің өзекті мәселелері. Біз бүгін белгілі әдебиетші, аудармашы Құсман Құмашұлымен әлем әдебиеті, аударма ісі туралы сұхбаттастық.
–Құсман, сіз Қытайда туып, өстіңіз, Бейжіңде білім алдыңыз, жақында Алматыға қоныс аудардыңыз. Жалпы өнерге, әдебиетке үйір жандардың санасында бала кезінен қалыптасқан «өз Алматысы» болады, сіздің Алматыңыз қандай еді, Алматыны алғаш көргенде қалай әсер етті?
– Мендегі ең алғашқы Алматы туралы ойлар жазушылардың кітаптарынан, ақындардың өлеңінен, композиторлардың әнінен туындады-ау деп ойлаймын, әсіресе Мұқағали атамыздың: «Жиылып ой қазағы, қыр қазағы, Жиылып Алматыда жыр жазады», – дейтін өлеңі ерекше әсер етті, одан қалса, Алматы туралы небір керемет әндер болды ғой, солардың бәрі мені «Сәкен бәтіңкесінің ізі қалған» Алматы көшелеріне қарай тартатын да тұратын, сол әдемі аңсаумен араға қаншама жылдарды салып, 2024 жылы желтоқсанда Алматыға келіп түстім. Дәл сол күні бұрқақтап қар жауды, сол күнді іштей ырымдадым, себебі ертең 16 желтоқсан еді, менің еркіндігімнің басы да сол болсын дедім. Иосиф Бродскийдің «Ресейде там белдеулеріне салынатын сызықтардың өзі біркелкі, одан биік, немесе аласа сызуға болмайды» деген мағынадағы бір сөзі бар еді, дәл сол сияқты, тек қана тәртіпке, бірізділікке үйретіп тастаған ортадан Алматыға алғаш келе қалғанда, оның тым еркін келбеті, бейқам тірлігі таңғалдырғаны рас, күндер өте оған да етіміз үйрене бастады.
– Қазақы ауылда туып-өскен, Бейжіңде білім алған, қазір Алматыда тіршілік етіп жатқан Құсманды сипаттап беріңізші, не таптыңыз, не жоғалттыңыз, не өзгерді?
– Ол өзінің картаға түспеген, көп адам білмейтін, ел-жұртқа беймәлім Ұлатай дейтін ауылын керемет жақсы көретін. Қазір ол ауылдың, әсіресе таудағы ауылдың тарпы құрып кетті, барлығы өшіп, келмеске кеткен. Қара төбе баурайындағы қорған-зираттан өзге ештеңе жоқ, соған жүрегім ауырады, ол менің мәңгі жазылмайтын жарам іспетті. Жоғалтқан нәрсем өте көп, ол ұзақ әңгіме. Жастық ғұмырымды, уақытымды жоғалттым, туған жерімді, елімді алыста қалдырдым. Тапсам, қазақ дейтін тамыры терең, тағдыры қиын, болашағы нұрлы халқымды тапқан болармын, әсілі, осылай болса дұрыс екен деген «өзімді» тапқан болармын. Алматы дейтін алып шаһарда – туған ауылының бейнесін жүрегінің түбіне көміп алған, енді келер күндері үшін күресіп жатқан бір адам бар деп білсең болғаны.
– Қайбір жылы ақын Е.Раушанов Бейжіңге сапарлай барғанында сонда оқитын бір топ ақын-жазушы жігіттермен жолығыпты, кейіннен «Шыңында өскен Алтайдың» деп аталатын мақала жазды, осы оқиға туралы айтып беріңізші?
– Ол енді естен кетпейтін ғажап естелік. Бейжіңде, Ұлттар университетінде бірге оқыған Би-Хамит атты досым Есағаңа кездейсоқ кездесіп қалыпты, содан бұл хабарды тізгін ұшымен маған жеткізді. Сөйтіп екеуміз қайтадан Есағаңды іздеп бардық, бір аптаға жуық қасында жүрдік. Бейжіңдегі тарихи-мәдени орындарға, саяхат орындарына бірге бардық. Ол кісі бізге Алматыдағы ақындар, ондағы әдеби орта және өз өмірінен көп-көп әңгіме айтып берді, өлеңдерімізді тыңдады, әдеби ортамызға қатты разы болды. Кетерінде әуежайға дейін шығарып салып, қимай қоштасып қалдық. Мен сол күндерде қазақтың «Өткізген жақсыменен жарты сағат, Жаманның өтіп кеткен өміріндей» дейтін сөзінің мағынасын шындап сезінген едім. Біздің құрбы-құрдастар, әдебиетке жақын жүрген қыз-жігіттер Есағаң өлеңдерін сүйіп оқыды, ол кісінің қоштасып тұрып: «Ал, Құсаға, аман бол, Алматыға кел» деген сөздері әлі құлағымда. Мен Алматыға келсем, алдымен Есағаңа барармын деп едім, өкінішке қарай, ол кісі өзінің сүйікті періштелерімен құстарына ұшып кетті. Есағаңды қатты сағынамын, Алматы Есағаңсыз құлазып тұратын сияқты. Бұл туралы кең толғанып, естелік-ессе жазу керек шығар, бәлкім.
– Енді әңгімемізді әдебиетке қарай бұрайық. Біз Қытай әдебиеті туралы, шынын айтқанда, көп біле бермейміз, оқырман Лу Шүн, Мо Ян, Ба Цзинь
секілді жазушылардың бірлі-жарым шығармаларымен ғана таныс, жалпы Қытай әдебиетінің беталысы қалай?
– Қытай әдебиеті десе, менің есіме марқұм Өтежан Нұрғалиевтің 2005 жылдарда марқұм Әмірхан Балқыбекке берген сұхбатында айтқан мына бір сөзі еске түседі: «Жалпы, бұл Қытай дегенің өте сұңғыла ел. Оның ғасырлап, мың жылдап жасаған мистикасын түсіну үшін бізге өренің өресі, сананың санасы керек. Қытай әдебиеті – адамзат баласына әлі талай мезгілге рухани азық болуға жететін әдебиет». Бұл жерде Өтежан көкеміз Қытайдың көне, классикалық әдебиетін айтып отыр-ау деп ойлаймын, оған даусыз келісемін, олар шынымен ғажап әдебиет жасаған. 2012 жылы Мо Янь Нобель әдебиет сыйлығын алғаннан кейін, Қытай әдебиетіне деген қызығушылық оянды, жұрт бұлар не жазып жатыр деп ойлады. Қытайда мықты жазушы да, оған қатар әдебиетті ойыншық қылып жүрген нашар жазарман да көп. Түрлі сипаттағы ағымдар да өз бетімен дамып жатыр. Жаңағы аты аталған жазушылардан тыс Жя Пиңуа, Юй Хуа, Сан Шуе, Алай, Чын Жұңшы, Лу Яу сияқты біраз қаламгерлерді атауға болады. Ақындары өз алдына бір тақырып. Ақырын барлап қарасам, олардың өздеріне ғана тән ортасы бар сияқты, соны төңіректеп, «істікті де, төстікті де күйдірмей», ақырын алға жылжып бара жатыр. Қысқасы, Қытай әдебиеті өте үлкен, сан салалы әдебиет, оны бір сұрақтың төңірегінде тарқатып айту өте қиын. Саналуандық басым деп бағамдауға болар, одан бәрін кездестіре аласыз.
– Қытайдағы қазақ әдебиетінің аяқ алысы қалай? Соңғы жылдары қоғамдық сана, таным өзгерді, дәстүрлі көшпелі тіршілік негізінен ақырласты, бұл әдебиетке қаншалық әсерін тигізді?
– Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Оразхан Ахмет, Қажығұмар Шабданұлы сияқты аға буын жазушылардың жасап кеткен биігі әлі сол қалпында мұнартып тұр, кейінгі буын сол биікке жетпей жатыр. Қазақтілді оқырман тұрғанда, біраз дүние жазылатын шығар, бірақ өте мықты дүние шығады деген үмітім азырақ, өйткені «Ырық пен Ерік» басқа кісінің қолында ғой, «қазанның құлағын өзің біліп шығара алмайсың». Қоғамдық түзілістің өзгеруі үлкен сынақ әкеле жатыр, ол жақтан енді мүлде басқа, танымы бөлек ұрпақ өсіп шығады. Олардың не жазатынын білмеймін. Өз бетімен еңбектеніп, жазып жүрген қаламгерлер бар. Дегенмен олардың қай биікке барарын келер күндер көрсетер.
– Қытайда аударма жақсы дамыған дейді, бір шығарманың бірнеше нұсқасы аударылады екен, тіпті Нобель сыйлығын алған қаламгердің шығармасы ертесі-ақ басылып шығады дейді, бұл қаншалықты рас?
– Бүл сөздің еш өтірігі жоқ, мысалы, 2021 жылы Абдулразак Гурна Нобель сыйлығын алды, жазушының бір әңгімесі «Африка әңгімелері» атты жинақта бұрын жарияланған екен, әлгі әңгіме сол күні кеште-ақ әлеуметтік желілерде таралып кетті. Артынан бірнеше ай өтпестен Гурнаның төрт-бес романы аударылып, жарияланып үлгірді. Жақында оқыдым, қытай әдебиетшілері Гурна туралы докторлық диссертация да қорғапты. Студент кезімде, Гетенің «Жас Вертердің жаназабы» атты кітабына қатты қызықтым, қытайша нұсқасын оқып болып, артынан Бейжіңдегі Мемлекеттік кітапханаға барып іздестіріп көрсем, оның сегіз аударма нұсқасы тұр. Енді осы араға әлем әдебиетіндегі оқылымы ең қиын кітап саналатын Джеймс Джойстың «Улиссін» қытайшаға аударған, атақты аудармашы Шяу Шян мырзаның мына әңгімесін айта кеткім келеді: «1942 жылдың бір күні Англияның Бирмингем қаласында Шекспирдің шетел тілдеріндегі аудармаларының көрмесіне қатысқан едім. Шығыс елдерінің аудармалары ішінде ең салтанаттысы әрі толыққандысы – жапон жазушысы Цубоути Сее аударған толық жинақ еді. Пьесаларынан бөлек, өмірбаян, жылнамалар, арнайы зерттеу еңбектері де қоса берілген, ондаған қалың томдар алтынмен көмкерілген сәнді түптеумен шығып, нағыз ғажайып көрініс болып тұр. Оның қасында Қытайға арналған бұрыш: бос тұрған үстелдің үстінде тек жұқалтаң ғана бір кітап – «Ромео мен Джульетта», аударған Тян Хан (мүмкін жапон тілінен тікелей емес, өзге тілдің тәржімесінен аударылған болар), мен 1930 жылдардың соңында Шанхайдағы «Сауда» баспасы да бірнеше Шекспир пьесасын басып шығарғанын білемін, бірақ ұйымдастырушылар оны таппай қалған секілді. Қысқасы, сол жалғыз тұрған шағын кітапша жапондардың толық жинағымен қатар қойылғанда, менің көзіме мол дастарқанның жанына қойылған кішкентай ғана табақша сияқты болып көрінді. Тіпті мүлде қоймағаны дұрыс болар еді, бұл шынымен ұятты жағдай! Оның үстіне, бұл – «Перл-Харбор оқиғасынан» кейін, Қытай әлі Батыстың «Ұлы одақтасы» болып тұрған кезі ғой. Күні бүгінге дейін сол кездегі масқара жағдай әлі есімде. Көрмеден асығыс шығып кетіп бара жатып, жол бойы ойладым: мемлекеттің қуаты тек зеңбіректер мен әскери кемелердің саны арқылы, тіпті ұлттық өндіріс көлемімен де өлшенбейді. Әлем мойындаған классикалық ұлы шығармалардың аударылу жағдайы да мемлекеттің мәдени деңгейі мен халқының білім-білігіне айғақ болады». Міне, осы аудармашы жасы сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында «Улиссті» қытайша сөйлетті. Қазір Қытай аудармасы әдебиеті дамыған елдердің аудармасынан кем емес. Міне, осы үш мысалдың өзі көп нәрсені түсіндіріп береді деп ойлаймын. Қысқасы, Қытайда аударма саласы өте жақсы дамыған, баспалардың жұмыс жүргізуі де жақсы.
– Сіз аудармамен де айналысасыз, Хуан Рульфоның «Педро Парамо» романын аудардыңыз, бұл шығарманы тәржімелеуіңізге не түрткі болды? Жалпы қазіргі аударма туралы не айтасыз?
– Хуан Рульфодан бұрын мені үндістер, одан кейін Латын Америкасы әдебиеті қызықтырған. Латын Америкасы әдебиеті туралы айтқанда, басқаны білмеймін, менің көз алдыма үндістер елестейді. Жер шарын мұз қаптаған дәуірде, Беринг бұғазы арқылы Америка құрлығына аяқ басыпты делінетін, Атсек, Мая, Олмек, Инка дейтін мәдениеттер қалыптастырған, басына құс қауырсынын қыстырып, жалаңаш еттеріне бес қаруын асынып, торы ала, қара ала ат мініп, улап-шулап, төбе басына аттандап шыға келетін, қызыл тәнді, жауынгер үндістер елестейді. Латын Америкасы әдебиетінен Нобель әдебиет сыйлығын алған Мигель Анхель Астуриастың докторлық жұмысының аты «Үндістердің қоғамдық хал-жайы» болатын. Атағы алыс-жуыққа мәшһүр күллі латынамерикалық жазушылардың шығармасына барлай көз жүгіртсеңіз, олардың өн бойынан үндістерге тән аңыздың, ой-сананың, салттың болмысы менмұндалап тұрады. Ол шығармаларды үндістерден бөліп қарай алмайсыз. «Латын Америкасы әдебиеті әлі де біраз уақыт дәурендейді» деп еді Таласбек Әсемқұлов. Осы бір дарынды қазақтың арқасында менің де Латын Америкасы әдебиетіне деген ойыма сызат түсіп, сең жүрді. Латын Америкасы әдебиетіне деген алғашқы жорық Чю Хуадұң атты қытай жазушының «Құрлықтар соғылысқанда» деген кітабынан басталды. Кітап алдымен әлем әдебиетіндегі қадау-қадау тұлғаларды таныстырудан басталады: Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Вирджиния Вулф, Франц Кафка. Үлкен-үлкен ағымдардың бастауында тұрған осы жазушылардың туындыларынан нәр алған латынамерикалық жазушылар өз елінен қуғын көріп, Париж, Лондон қалаларында жүріп еңбек етті. Сонымен 1960 жылдардағы әдеби құбылыс «Латын Америкасы әдебиетінің жарылысы» пайда болды. Кітап иесі енді осы латынамерикалық жазушыларды бір-бірден таныстырып, шығармаларына талдау жасайды. Олардың есімдері: Борхес, Хулио Кортасар, Хамфри Карпентер, Хуан Рульфо, Гарсиа Маркес, Карлос Фуэнтес, Варгас Льоса. Бұлардың әрбірінің сойдақты ізі, соқталы жолдары, сом тұлғалы шығармалары бар. Көбі испан тілінің хас шеберлері. Үшеуі Нобель әдебиет сыйлығының иегері. Әдебиет әлеміне әкелген жаңалықтары, қосқан үлестері де мол. Міне, сөйтіп жағалап келіп, Хуан Рульфоға тап болдым, ол өзі көп жазбаған жазушы, бар-жоғы бір роман, бір әңгімелер жинағы, бір хикаяты бар, бірақ сөйте тұра ол барлық латынамерикалық жазушыларға ықпал етті, «Педро Парамоның» қытайша нұсқасының алғы сөзін Гарсиа Маркес жазған, Маркестің мақаласынан оның Хуан Рульфоға қаншалық құрметпен қарағаны аңдалады.
Латын Америка әдебиеті де Қытайда жеткілікті аударылған, мысалы, 1986 жылдардың төңірегінде, Қытай әдебиетінде, басқаны айтпағанда, Латын Америка әдебиетіне қатысты 300-ден астам кітап аударылыпты. Бұл енді жан санының көптігіне байланысты да шығар, бірақ аудармашылардың еңбегін де ескерген жөн, олардан үйренуге тиіспіз. Аударманы мемлекет тарапынан қолдап қана қоймай, әр әдебиет сүйер азамат бел шешіп кіріспей көп нәрсе мандымайды. Аударма – әдебиетті биікке алып шығатын, керегесін кеңейтетін жол. Бізге жетпей жатқан әлем әдебиетінің жауһарлары өте көп.
– Жыл сайын күзде Нобель сыйлығын кім алар екен деп елеңдейміз. Биылғы үміткерлер туралы не айтасыз?
– Әлем әдебиетіндегі шулы тақырыптардың бірі – Нобель әдебиет сыйлығы, оның биылғы иесінің анықталуына да санаулы күндер қалды. Дәл осы жазушы алады деп көріпкелдік танытуға шарасызбын. Бірнеше жылдан бері Қытай әдебиетінде Сан Шуе атты әйел жазушы алады деген дақпырт күшті болып тұр, кейбір сайттар жариялаған тізімдікте осы кісінің аты үнемі алдыңғы бестікте жүр. Бұл – жазушы ішінде онша танымал емес, бірақ біраз дүниесі ағылшын тіліне аударылыпты, шетелде танымалдылығы жоғары көрінеді. Бір қызығы, неше жылдан бері анау алады, мынау алады деп жүргенде Нобель әдебиет сыйлығы біз естімеген, оқымаған бір жазушыға беріліп, ол кім деп аузымыз ашылып қалатын сәттер көп болып тұр, биыл да солай болса оған таңырқамаймын.
Қытайдағы ең танымал шетел әдебиетін аударатын «Илин» баспасы («аударма орманы» деген мағынаны білдіреді) жуықта Ласло Краснахоркаи (Венгрия), Мирча Кэртэреску (Румыния), Томас Пинчон (американдық бұл жазушының жеке басы туралы мәлімет жоқтың қасы, тек шығармаларын ғана білеміз) қатарлы он үш автор туралы көлемді мақала жариялады, сол он үш үміткердің біреуі алса тіпті керемет болар еді, себебі шығармалары қытайшаға аударылып жатыр, тезірек оқуға мүмкіндік туады. Әйтеуір, кім алса да, біраз уақыт шулап барып басылатын шығармыз, қызыққан біразымыз шет тілінен кітаптарын тауып оқырмыз, бірлі-жарым сұхбатын аударып жариялармыз, сонымен бітті. Оны індетіп іздеп, шығармаларын аударып жатқан кім бар дейсің?
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Бірнеше шағын мақала ғана аудардым, көлемді дүниеге отыруға мұрсат болмай жатыр. Арагідік сағыныштан бірер өлең туатыны бар. Ара-тұра естелік жазамын, өзгесін асықпай көретін шығармыз. Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек, Қаржаубай Сартқожа сияқты ғажайып қаламгерлердің шығармаларын оқып жүрмін, өткен мен кеткенді, ар жақ пен бер жақты саралап көрсем, өзіміздің кім болғанымызды, тіпті де анық білсем деген ойым бар.
Сұхбаттасқан Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ